Қоғам • 13 Желтоқсан, 2022

Әскери инфрақұрылым бөлімшелеріне жаңа техника әкелінді

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Әскери инфрақұрылым бас басқармасының мекемелеріне Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов салтанатты түрде автомобиль және арнайы техниканың кілттерін табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери инфрақұрылым бөлімшелеріне жаңа техника әкелінді

Гарнизондарға 30-дан астам арнайы жол-құрылыс және коммуналдық-пайдалану техникасы түседі.

Іс-шара Қорғаныс министрлігінің елордалық жол-пайдалану учаскесінің базасында өтті. Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары жеке құрамға әскери объектілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі тиімді жұмысы үшін алғыс айтты.

– Мемлекет елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адал еңбек етуімізге барлық жағдай жасап жатыр. Бүгін жаңа техниканы алдық. Оның көмегімен біздің мамандар Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын қолдап, аса маңызды рөл атқаратын әскери инфрақұрылымның сапасын арттыруға жағдай жасайтын болады, – деді генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.

Айта кету керек, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында арнайы машиналар паркін жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдан бастап Қарулы күштердің бөлімшелері мен мекемелеріне 80-нен астам техника жеткізілді.