Президент • 14 Желтоқсан, 2022

МАЭК-сыз Маңғыстаудың жайы мүшкіл

426 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) мәселесі жергілікті жерде көптен жыр болып келеді. Құрал-жабдықтарының 80 пайызы ескірген кәсіпорынға арашашы болу үшін маңғыстаулықтардың мәселе көтергеніне де біраз болды.

МАЭК-сыз Маңғыстаудың жайы мүшкіл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Желтоқсан басталғалы Ақтауда бірқатар үйде жылу мен ыстық су тоқтап, халық кедергіге тап болды. «30 қарашадан бастап Ақтауда ыстық суды тұтыну күрт өскен. Соңғы күндері ауа райының суытуына байланысты су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт төмендеуі байқалған», дейді тиісті орындар. Санамен салмақтап қарасақ, шындығында бұл ақылға қонымды уәж емес. Қалада толассыз үй салуға жер телімдерін беріп келген әкімдік қаланың халқы өскен соң тұтыну қажеттілігі артатынын әу бас­та есепке алып, коммуналдық қызметтер мен барлық әлеуметтік жағдайды, қорларды стратегиялық есептеулерге сүйене отырып сәйкестендіруі керек еді.

Әлбетте, әркімнің қайда тұру­ды таңдауға құқы бар. Алайда жер­гілікті биліктің тек бизнестік мақ­сатта үй салуға басымдық бере бермей, әрбір мәселені жан-жақты ұйымдастырып, халық санына қарай бағамдау қажеттігін назар­дан тыс қалдырғаны өкінішті. 

Қала басшылығы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» ескірген қон­дыр­ғыларына жөндеу жұмыс­та­ры жүргізіліп жатқанын, тұр­ғын­дарды жылумен үздіксіз қам­та­масыз ету үшін ыстық суды уа­қыт­ша тоқтатуға мәжбүр болған­ды­ғын айтуда.

Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев су тұшыту қон­дыр­ғы­сын жөн­деуге байланысты ауыз судың қысымы тө­мен­деген «МАЭК-Қаз­атом­өнер­кәсіп» кә­сіпо­рнындағы жағдайды тұрақ­тан­ды­ру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

– Жағдайға нақты талдау жасалуы керек. Сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «ыстық суды бүгін немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай, кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қыз­меттер мен уәкілетті орган­дардың жұмы­­­­­­сындағы үйлес­ті­рудің на­шар­лығынан орын алып отыр, – деді мә­се­леге орай өткізілген шұғыл кеңес­те облыс әкімі.

Маңғыстау атом энергети­калық комбинаты 1968 жылы шіл­деде құрылды. Өңірдегі өнер­кәсіп орындары мен тұрғын­дарды электр және жылу энергиясымен, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорында қазір 3 мың­нан астам адам еңбек етеді. Дис­тиллят өндіру және өнер­кә­сіптік жылумен жабдықтау зауыты, жөндеу зауыты, желілер мен қосалқы стансалар цехы, 1999 жылдан бері пайдаланудан шығару режімінде тұрған БН-350 реактор қондырғысы, сондай-ақ кәсіпорынның негізгі технологиялық өндірістерін қам­та­масыз ету үшін қажетті 11 өн­дірістік учаске мен қо­сал­қы цехтардан құралған «МАЭК-Қаз­атом­өнеркәсіп» – өңірдің су, жарық, жылу сынды тіршілік тыны­сының тірегі. Сол себепті кәсіп­орынның жағдайы аймақ­тың негізгі маңызды мә­селе­­­­лерінің бірі болып саналады.

Мекеменің өндірістік жаб­дық­­тары 1960-1990 жылдардан бері қолданыста бол­ған­дық­тан­ қазір тозған және жыл са­йын жөндеуге, қызметін атқа­руы үшін қалай да ұстап тұруға қыр­уар қаржы қажет. Бұдан бө­лек «ҚазТрансАймақ» арқылы бөлінетін газ бағасының қым­бат­ты­ғы «жығылғанға жұ­ды­рық» болып, мекеменің қаржылық-эко­номикалық тұрғыдан да қиын­­дықтарға кезігуіне әкеліп соқ­­тырды. Жабдықтардың әб­ден тозуы салдарынан тех­ни­­ка­лық апаттардың орын алуы, қон­дырғыларды жамап-жас­қау, қаржылық қиындық, жұ­мыс­­шылар айлығын көтеріп, ма­те­риал­­дық қолдау көрсете алмау сынды мәсе­­лелер құрсаулап, тығырыққа ті­рел­ген кәсіпорын басшылығы ме­кеменің қарызын тарифтерді қымбаттату арқылы тұтынушылар, яғни тұрғындар тарапынан өтемек болды. Бірақ бұл тиімсіз еді. Қалаға қоныс­та­нушылар саны артқанмен әрбір үйдің су мен жарықты, жылуды тұтыну деңгейі бұрынғыша. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды және МАЭК ұсынған төлем деңгейінің негізсіз екен­ді­гін дәлелдей түсті. Оның үстіне еліміздің электр энергетикасы туралы заңының 2004 жылғы 9 шілдеде қабылданған 25-бабын басшылыққа алған делдалдардың онсыз да қалт-құлт еткен кәсіп­орынды аяқтан шалмаса, МАЭК жұ­мысын алға бастыруға ешқан­дай көмегі болған жоқ деп ашық айта аламыз.

Қай нәрсе болсын мемлекетке, халыққа, мекемеге пайдалы, тиімді болса ғана сүйкімді, халықтан жырым-жырлағанды кеңірдек-каналы қай қалтаға апарып құяры белгісіз делдалдардың мәселесі қайта қаралуы керек. Оның үстіне делдалдардың өзара бірімен-бірі қырқысып, сот­тасып айқай-шу шығаруы тұр­ғын­дардың көңіліндегі күдік­ті қою­лата түсті. Өндіруші мен тұ­ты­нушы арасынан «тасымал» деген жылы-жұмсақты тауып алған, «есікті тек ақша жинау үшін қағатын, қолында қаламы мен блокнотынан басқа құралы болып көрмеген» делдалдардан құтылу – маңғыстаулықтардың МАЭК-ке қатысты басты та­лап­тарының бірі. Сондай-ақ аса маңызды кәсіпорынның жағ­дайын қалпына келтіру үшін ха­лықтың Үкіметтен сұрар көме­гі – МАЭК үшін тауарлы газдың бағасын ұзақ уақытқа төмен­детіп ұстап тұру немесе газ ба­ға­сына жеңілдік қарастыру, жылу және су өндіруге төмен тарифтерге байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» шығындарын бюджет қаржысынан субсидиялау мәселесін қарау, кәсіпорынды жаңғырту үшін қаржы ұйым­дары­нан қаржыландыруды қа­рас­­­тыру.

Қазіргі таңда Ақтау қаласы тұрғындарының «МАЭК-Қаз­атомөнеркәсіп» ЖШС алдындағы су және жылумен жабдықтау үшін жалпы берешегі 606 млн теңгеден асқан. Шаруасын үйлес­тіре алмай шатқаяқтаған кә­сіпорын алашақ ақшасын алғы­сы келіп қиғылық салса, қап­таған қымбатшылықтан, арадағы делдалдардан шаршаған халық зәрезап.

Жаз, күз айларында МАЭК-тегі самаурындардың жарылуы түсірілген видеолар әлеуметтік желілер арқылы тарады. Сол кезде-ақ Үкіметтен шұғыл көмек сұраған халықтың жанайқайы тегін еместігін Ақтауда қазір орын алып тұрған жағдай толық дәлелдеуде. Бұған дейін облыстың және қаланың тізгінін ұстаған басшылар МАЭК мәселесінде белсенділік, жанашырлық таныта алмаған. Оны өткір мәсе­ле ретінде көтеріп, жартылай бол­са да жаңғырта алғанда кәсіпорын дәл бүгінгі тоқыраған қа­лыпқа түспес еді. Ұзақ жыл­дарға со­зыл­ған салғырттық, жауап­сыз­дық, жанашырлықтың жоқ­ты­ғы­нан дімкәс МАЭК демі­гіп тұр. Салдарынан жазда ауыз су жетпестігіне ұрынатын ха­­­­лық биыл қыста ыстық су мен жылу­дың жоқтығына тап болды. МАЭК бұл күйге қалай түсті, оны «майшелпек» қылғандар бар ма – арғы-бергісін қопара қарап, тергеп-тексерер ме еді...

2019 жылдан бері мемлекет меншігіне берілген МАЭК-ті Үкімет жуырда облысқа ком­му­нал­дық меншікке өткізген. Енді Маңғыстау облысына аталған кәсіпорынды жаңғырту үшін қыруар қаражат қажет.

Биыл күздегі Маңғыстау об­лы­­­сына сайлауалды сапарын­да Президент Қ.Тоқаев «МАЭК-Қаз­атом­өнеркәсіп» қуатын кеңей­туге ерекше назар аудару керек­тігін айтып, «өңірдің қарқын­ды дамуы мен халық өсімінің жоғары қарқыны инже­нер­лік желілерді жаңғырту мәсе­лесін өткір қойып отыр. Ком­­муналдық инфрақұрылым жүк­те­мелерге төтеп бере алмайды. Өңір­дегі су, жылу және электр энер­гиясының негізгі жеткізушісі – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп». Бұл кәсіпорындағы жабдықтың тозуы 80 пайыздан асады. Об­лысқа бұрынғы жұмыс сапарым барысында мен кәсіпорынды жаң­ғырту бағдарламасын әзір­леуді тапсырдым. Үкімет оны іске асыруға қажетті қаражатты тауып, жуық арада жұмысқа кірісуі керек» деген болатын.

МАЭК-ті аяғынан тік тұрғызу үшін Маңғыстау облысының қа­ра­жатты қайдан алып, қанша уа­қыт жұмсайтыны белгісіз. Тұр­ғын­дар саны арта түскен Ақ­тауда МАЭК жұмысын же­ңіл­детудің балама жолдарын табу да тиісті орындар басын шын ауырта ойланатын тақы­рып. Ал халықтың үміті Пре­зи­денттің сөзінде, берген тап­сырмасында. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, қыс бастала бере қысқан сәл аязда халықты тоңдырып үлгерген жергілікті билік пен ком­муналдық сала басшы­ла­ры­ның биылғы қыстан жұртты жау­ратпай, жаутаңдатпай алып шығуын тілейік.

 

Маңғыстау облысы