Руханият • 14 Желтоқсан, 2022

Демеушіме хат

391 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Көрнекті қаламгер, Алаштың абыз ақсақалы – Әз-ағаның көп томдығын кезінде белгілі қоғам қайраткері, меценат Бекет Тұрғараұлы шығарып берген болатын. Бір қарағанда, бұл қолдау жеке адамға жасалған құрмет сияқты көрінгенімен, түсінген адамға мұның соңында ұлттық руханиятқа сіңірген орасан еңбек жатыр. Сондықтан біз заңғар жазушының мерейтойы қарсаңында оның демеушісіне арнаған хатын жариялауды жөн көрдік.

Демеушіме хат

«Аса қымбатты Бекет інім, сіз 1947 жылы 5 маусым күні туыпсыз. Бұл мер­зім менің өмірімдегі ең бақытты күн­дердің бірі еді. Сол күні мен өзім тоғыз жыл ғашық болған жан жарым Халимаға қосылғанмын. Көлік болма­ғандықтан, жас келіншегімді теміржол разъезінен тоғыз шақырым жердегі соғыстан жүдеген жетім ауылыма жаяу ертіп әкелгенмін. Менің келіншегім ауылымызға соғыстан кейін түскен алғашқы келін еді. Шамамызға қарай той жасадық. Колхоз тойға деп берген бір пұт бидайды қуырып, жартысын талқан етіп түйдірдік. Тойға жиналған жастарға деп дастарқанға бидай шашып, кәрілердің алдына құрғақ талқан қойдық. Өйткені әкем Нұршайық соғыста оққа ұшып, шешем Мұхтар соғыс кезінде елде өлген. Сондықтан бірнеше жыл иен тұрған менің үйімде ақсақалдардың алдына қойған кебір талқанды шылайтын бір кесе сүт те жоқ болатын.

Мінекей, мен Қазақстанның шығыс жағындағы Ақбұзау деген ауылда жетім той өткізіп жатқанда, қасиетті Қазығұрт тауының етегіндегі Талдыбұлақ ауылында сіз дүниеге келіпсіз. Екі ауыл қатар той жасап, қуанышқа кенеліпті. Жоғарыда «жетім той» деп атаған себебім, соғыс кезінде ата-анамнан айырылған мен де, 1932 жылғы аштықта әке-шешесінен көз жазып қалған келіншегім де жетім едік. Соғыста қырық шақты азаматынан айырылған ауылым да жетім болатын.

Сіз соғыстан тірі қайтқан солдаттың бесінші баласы болыпсыз. Мен соғыста өлген солдат әкенің жалғыз ұлы едім. Сіздің туған күніңіз бен менің үйлену тойым осылай сәйкес келіпті.

Мен сізден: «Неге соншама қаржы­ңызды жұмсап, менің он томды­ғымды шығаруға ниет білдірдіңіз? Қазір қал­талы кісілер өзінің ағайындарына ға­на көмектесіп жатыр. Мен сіздің жақы­ныңыз емес, жерлесіңіз емес, айдаладағы бір қаймана қазақпын ғой. Бірақ өзімді бар қазаққа бірдеймін деп есептеймін. Ал біздің ағайындар өзге тұрғай, өз жа­қын­дарына да көмектесе қоймайды»,  дедім.

Сонда сіз күлдіңіз де:

– Менің сізді Ұлы Жеңістің 60 жыл­дығы қарсаңында қуантқым келді, – дедіңіз.

– Не үшін?

– Не үшін екенін менен емес, халықтан сұраңыз, – дедіңіз сіз.

Мен қатты қуаныштымын, әрине. Бұл он том арқылы қуантатыныңыз жалғыз мен ғана ма екен? Бір томды оқыған

1 000 адам, он томды оқыған 10 000 адам қуанады. Бұл ғажап оқиға ғой, қалқам-ау! Ғажап қуаныш! Тек сіздей асыл азаматтың қолынан ғана келетін, жүрегінен шашырайтын қуаныш. Халық қуанышы.

Сіз айналаңызға қуаныш шашып келе жатқан адамсыз. Оның да бірнеше мысалын айтайын. Өз қаражатыңызбен туған ауылыңыз Талдыбұлаққа жаңа мектеп салдырып беруге уәде еттіңіз. Ол уәдеңізді абыроймен орындадыңыз. Сөйтіп, қаншама жас ұрпақты, ата-ананы қуанышқа кенелттіңіз. Сіз «Қазығұрт» энциклопедиясын шығаруға демеуші болуға уәде бердіңіз әрі оған басшылық еттіңіз. Сөйтіп, ол өңірдің болашақ ұрпағына ғажап қазына қалдырдыңыз. Сіз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Тоқсан бидің шешендік сөздерін жинақтатып, кітап етіп шығарттыңыз. Сөйтіп, халықты аяулы билердің асыл сөздеріне кенелттіңіз. Сіз атақты Тоқсан бидің басына ескерткіш орнату ісіне белсене араласып, бейіт басына шойыннан қоршау жасатып, ескерткіш тас орнатуға уәде бердіңіз. Бейіт басына киіз үй тіктіртіп, ардақты атаға арнап ас беруді өз міндетіңізге ал­дыңыз. Ол уәдеңізді де ойдағыдай орын­дап, бүкіл Солтүстік Қазақстан об­лысы халқының сүйіспеншілігіне бө­лендіңіз. Өзіңіз тұрған Петропавл қа­ласына келген жазушы 3.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романының 500 дана­сын, ақын Қ.Мырзалиевтің 14 том­дығының 50 комплектісін (700 кітап) өз ақшаңызға сатып алып, мектептерге үлес­тірдіңіз. Адамгершіліктің рухани ордасы кітапханаларға үнемі осындай көмек көрсетіп келесіз.

Өзіңізге мәлім, қазіргі замандағы қа­зақ халқының жанын қинап тұрған ең өзекті мәселе ана тілінің тағдыры ғой. Экономикамыз өсіп, ес жинап келеміз. Оған мың шүкіршілік. Ал ана тіліміздің жағдайы жан ауыртады. Ана тілінен айырылса, қазақ ұлт ретінде өшеді. Сондықтан ана тіліміздің тұғырын нығайтып, өмірін ұзарту үшін әр саладағы қазақ зиялылары жан сала кірісіп отыр. Әсіресе, жазушылар қауымы жанталаса жанашырлық білдіруде. Ғалым да, жоғары оқу орындары мен мектеп ұстаздары да шырылдап, ана тіліне араша болуда. Ал заң қызметкерлерінен бұл іске аянбай атсалысып отырған сіз ғанасыз. Оған баспасөз беттерінде жарияланған мақа­лаларыңыз куә. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылы 17 қараша күнгі санында басылған «Алдымен санамыз сілкінсін» деген мақалаңызды алайық. Осы мақалаңызда сіз ана тілін ардақтау жөнінде өткір де өрелі пікірлер айттыңыз. Жоғары-төменгі лауазымды шенеуніктер айтпаған, айта алмайтын уытты, отты сөз заң қызметкері сіздің аузыңыздан шықты.

Өткен ғасырдың отызыншы жылда­рындағы атақты лаң кезінде жазықсыз жала жабылып, атылып кеткен асыл азамат, республикамыздың тұңғыш бас прокуроры Сүлеймен Есқараевтың есімін есте қалдыру үшін заң жүйесінің бір институтына сол кісінің атын бергізуіңіз үлкен адамгершілік. Жақыны емес, туысы емес әрі көрмеген азаматтың атын өшірмеу үшін әуреге түсіп, азаптану қай қазақтың қолынан келіп жатыр?

Мен сізді досым деп атап отырмын, егер рұқсат етсеңіз. Өйткені адамның ең жақыны (ата-анадан кейінгі және мәңгілік) адал жары ғой. Одан кейінгі орынға адал дос ие. Бірақ адал достың да қолынан келмейтін жақсылықтары болады. Ал сіз маған ең адал деген дос жасай алмайтын жақсылық жасап отырсыз. Ешқандай аралас-құраласы жоқ, алыстағы бейтаныс жазушының 10 томын шығарып беру деген ешбір достың, тіпті жеке дос тұр­ғай, Үкі­меттің қолынан келмей тұрған жақ­сы­лық. Сөйтіп, сіз менің төбемді көкке жеткізіп отырсыз.

Жалпы, мен ең бақытты ағаларыңның бірімін, Бекет бауырым. Менің бірінші бақытым – кешегі 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста 786 күн алғы шепте жүріп, аман қалғаным. Екінші бақы­тым: Халима сияқты дана, жаны жақсы жармен жұп жазбастан 54 жыл қы­зықты өмір сүргенім. Үшіншісі: кейбір кі­таптарымның туа сала «тұншығып» қал­май, қайта-қайта жаңадан «туып» жарияланып жатқаны. Яғни оқыр­манда­рымның өзіме деген өзгеше сүйіс­пеншілігі! Ал сіздің менің он томымды шығарып берген қамқорлығыңыз төртінші әрі мәңгілік бақытым болды. Иә, мәңгілік бақыт деп осыны айтуға болады. Өйткені тірі кісінің басында бақыт ұзақ тұрмайды. Сондықтан мәңгілік бақыт жоқ дейміз. Ал адамның өлгеннен кейін де аты аталып жүрсе, мәңгілік бақыт сол!

Аса қымбатты Бекет бауырым! Мен сізге қысқа ғана хат жазып, шын жүректен шыққан алғысымды білдірсем деп ойлап едім. Хатымның мұншама ұзақ болып кеткеніне кешірім сұраймын. Мен сіздің Жеңістің 60 жылдығы құрметіне он томды­ғымды шығартып жатқаныңызды әлі жұртқа жариялаған жоқпын, сабыр сақ­тадым. Оның үстіне сіздің де алдын ала жар салып, айғайлатып жүруді жарат­пайтыныңызды сездім. Сондықтан да үндемедім. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» деген сөз бар емес пе? Енді ел газеті арқылы сіздің төл әдебие­тімізге деген бұл ғажап қамқор­лығы­ңызды жұртқа жариялауды жөн көр­дім. Оған сіз де қарсы болмассыз деп сене­мін.

Осымен өз хатымды аяқтай­мын, Бекет бауырым!

Алла алдыңыздан жарылқасын!

Сіздің үздік үлгіңіз қазақтың өзге де азаматтарына ой салсын!

 

Ағалық сәлеммен,

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты».

2005 жыл