Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2022

Елімізде ауыспалы абоненттік нөмірлер бұғатталады

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Интернет және телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында салалық бағдарлама бекітілді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде ауыспалы абоненттік нөмірлер бұғатталады

Алаяқтармен күрес мақсатында ауыспалы абоненттік нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау тетіктері пысықталуда. Осы ретте азаматтардың алаяқтарға қарсы сауаттылығын арттыру мақсатында, ақпараттық түсіндіру жұмыстары қолға алынған.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының шетелдік автомобильдерді заңдастыру тапсырмасын іске асыру бойынша шаралар қабылдауда. Бұл жұмыс 2 кезеңге бөлінді: бірінші – заңнамаға тиісті түзетулерді енгізу; екінші – заңдастыру үшін тікелей іс-шаралар ұйымдастыру.

Сонымен қатар Парламент Салық кодексіне түзетулерді қабылдады. Ол заңдастыруға жататын автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін төленетін алымды 200 мың теңге көлемінде белгіледі.

Сондай-ақ төлем басқа заң жобасы шеңберінде Экологиялық кодекске утилизациялық төлемді алып тастау бөлігінде түзетулер енгізеді. Ішкі істер министрлігі заңдастыруды жүргізудің тәртібін, шарттары мен мерзімдерін белгілейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде.

Министрлік биылғы қыркүйектен бастап бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ шетелдік автокөлік иелерімен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен бірге Қаржы министрлігі кедендік декларациялау мәселелері бойынша, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік құралдарына техникалық талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.