Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2022

БҚО-да бес қайырымдылық спорт залы ашылды

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының бес елді мекенінде балаларға арналған қайырымдылық спорт залдары ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да бес қайырымдылық спорт залы ашылды

Залдар Ақсай қаласында, Ақпәтер, Дариян, Бұлан және Қарауылтөбе ауылдарында іске қосылды. Ақсайдағы зал жеке спорт залы ғимаратында, Казталов ауданының Ақпәтер ауылында тұрғын үй ғимаратында, Бәйтерек ауданының Дарьинск ауылындағы зал тұрғын үй ғимаратында, Сырым ауданының Бұлан ауылында спорт клубы ғимаратында, Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында орналасқан.

«Бұрын бізде дзюдо бөлімі болмады. Енді дзюдомен айналысамыз, әрі жарыстарға дайындаламыз. Осындай заманауи зал ашқан баршаңызға алғыс білдіреміз. Осында жаттыққан өте ұнайды», деді Қарауылтөбе ауылының кішкентай тұрғыны Рысбек Өтепберген.

Залдар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «24 балалар спорт залы» жобасы аясында жарақтандырылды. Қор 5 залдың ашылуына 41,2 млн теңге бағыттады. «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен спорт залдарда бокс, күрес, дзюдо және басқа да спорт түрлерімен айналысу үшін қажетті спорттық құралдармен жабдықталды. Күрес кілемдері мен сөмкелер, еден жабындары, жаттығу манекендері, сондай-ақ гантельдер, бокс қолғаптары мен дулығалар, жабдықтар, арқандар, спорттық жинақтары және т.б. сатып алынды. Бастама «Батыр боламын!» қорымен серіктестікте жүзеге асырылуда. Аталған қор жобаның ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысады.

«Спорт залдар шалғай ауылдарда ашылып отыр. Осыған дейін елді мекендердерде заманауи жабдықталған залдар болмады. Сондықтан жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалар мен жастар ашылуды асыға күтті. Қазірдің өзінде әр залда түрлі спорт түрлері бойынша 30-40-қа жуық бала жазылды. Ауыл өміріне жаңа  дем беріп, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына себепкер болған «Қазақстан халқына» қорына алғыс айтамыз. Жобаны іске асыруға өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар жәрдемдесіп, қолдау көрсеткенін атап өткім келеді», деді ашылу салтанатында «Батыр боламын!» қорының вице-президенті Ернұр Сабыкенұлы.

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры іске асырып жатқан «24 балалар спорт залы» жобасы еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде немесе балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейі төмен ауылдық жерлерде балалар спортының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсатты аудиториясы – 5 жастан 18 жасқа дейінгі, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар.  24 залды ашуға арналған қайырымдылық бағдарламасының бюджеті - 183 623 000 теңге. Бүгінде 16 зал ашылып, жұмыс істеп жатыр.