Экономика • 15 Желтоқсан, 2022

Азық-түлік бағасы аспандап тұр

407 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш 19,6 пайызға тең. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп екенін ескеру керек. Қазір азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Осы аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған мәселеге ерекше назар аударуы да тегін емес.

Азық-түлік бағасы аспандап тұр

Бұл ретте Президент азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.

– Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Елдегі инфляцияның өсуіне азық-түлік бағасының қымбат­тауы айтар­лықтай әсер етіп отыр­ға­нын Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та рас­тады.

– 2022 жылдың қараша айында инфляция жылдық мәнде 19,6 пайызға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының 24,1 пайызға дейін өсуі инфляцияға айтарлықтай үлес қосып отыр. Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалыптасып келеді. Тауар жеткізу жолдарының бұзы­луына байланыс­ты тұрақсыз ин­фляциялық күтулер қысқа және ұзақмерзімді тауарларды тұ­тынуды ынталандырып, тұрақты инфляциялық қысымға алып келді. 2022 жылдың соңына дейін инфляция 20-21 пайыз шегінде қалыптасады. Біздің болжамға сәйкес 2023 жылғы бірінші тоқсанда жылдық инфляция шарықтау шегіне жетеді, – деді Ғ.Пірматов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Мәжіліс депутаты Аманжан Жама­ловтың айтуынша, былтыр азық-тү­лік инфляциясы 8,5 пайызды құраған. Ал қазір 24 пайыздан асып отыр және осы деңгейден түсе қоюы екіталай.

– Экономистердің көбі 2023 жылдың басында азық-түлік инфляциясы 21 пайызға дейін түседі деген болжамды алға тартып отыр. Менің болжамым бо­йынша қазіргі деңгей сақталады. Ал Ұлттық банк 18 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасады. Меніңше, бұл мүмкін емес, – дейді Мәжіліс депутаты.

Қаржы сарапшысы Расул Рыс­мам­бетовтің пікіріне сү­йенсек, аталған мәселемен Қа­зақ­­стан ғана емес, тұтас әлем бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан өз ішімізде нақты шешімдер қабылдағанмен, сыртқы факторлар бәрібір өз дегенін істетеді.

– Қазақстан инфляциямен күрес жүр­гізіп жатыр. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеріп отырғаны да сондықтан. Базалық мөлшерлеме көтеріл­ген­дік­тен, инфляция төмендеуі керек. Бірақ бұл жерде ішкі фактормен қоса, сыртқы жағдайларды да қаперге алуға тиіспіз. Сол себепті қазір инфляцияға қатысты болжам жасау қиын. Дегенмен инфля­­цияның бетін қайтарудың жолы бар. Шенеуніктер азық-түлік бағасын ырыққа көндіре алмайды. Әкімшілік жолмен реттеу тағы мүмкін емес. Бір жол бар, ол – импортты алмастыру. Сырттан көп әкелетін азық-түлікті өзімізде өн­діруге күш салуға тиіспіз. Азық-түлік бағасын сыртқы жағ­­дайға жалтақ­та­май қа­лып­тас­тыра алатындай дең­гейге жет­сек, біраз мәселе шешіледі. Ол үшін фермерлерді ынталандыру керек. Қаржылай емес, инфрақұрылымдық тұрғы­дан ынталандыру маңызды. Қыс­қа­сы, фермерлерге көп өнім өн­діріп, бағаны ұстап тұра алатындай жағдай жасау керек, – дейді Р.Рысмамбетов.

Esperio компаниясының сарапшысы Нұрбек Ысқақовтың пікіріне ден қойсақ, күз баға ырыққа бағынбайтын мезгіл саналады. Сондықтан келер жылдан бас­тап инфляция қалыпты жағдайға түсуі мүмкін.

– Күзде азық-түлік бағасы ерекше қым­баттайды. Жазда эко­но­микалық бел­сенділік құл­ды­райды. Ал күзде күрт же­дел­дейді. Осы кезеңде халық­тың тұтыну көлемі де өседі. Сол себепті күзді ең инфляциялық уақыт десе де болады. Бірақ 2022 жыл бұл тұрғыдан алғанда әдет­тегі динамикадан біршама ерекше болып отыр. Себебі тұтынушылық жан­данып, бөлшек сауда көле­мі өсудің орнына керісінше құлдырап жатыр. Күз мезгілінде жыл сайын бағаның ең жоғары өсу қарқынын көрсететін тауарлар әлі де болса қауіпті аймақта қалып отыр. Мәселен, нан және нан өнімдері, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, балық және теңіз өнімдері, сондай-ақ макарон өнімдері қауіпті аймақтан шыққан жоқ. Бірақ аталған азық-түліктер бағасының динамикасы енді төмендеуі мүмкін. Өйткені күз де аяқталды, – дейді Н.Ысқақов.

Азық-түлік инфляциясы қа­шан тө­мендейді деп қарап отыр­ғанша, өндіріс пен ауыл шар­уа­шылығын дамыту қажет. Эко­номист Арман Байғанов дәл осындай пікірді алға тартты.

– Ең алдымен аграрлық салаға ерек­ше көңіл бөлу керек. Себебі ел тұр­ғындарының көбі тапқан табысының бар­лығын азық-түлікке жұмсайды. Жағ­дайды жақсарту үшін азық-түлік инфляциясын төмендету қажет. Демек аграрлық саладағы еңбек өнімділігін арттыру маңызды. Қазақ­станда қым­бат­­тамаған дү­ние жоқ. Әсіресе азық-түліктің бағасы шарықтап кетті. Мұның сыры мынада. Ауыл шаруа­шы­лығы техникаларының баға­сы шамамен 50 пайызға өсті. Тиісінше, бұл жағдай ауыл шаруашылығы өнімдеріне де өз әсерін тигізеді. Жедел шаралар қабыл­да­масақ, инфляция бой бермей кетуі мүм­кін. Меніңше, шағын және орта корпорациялардың ден қоюы ма­ңызды. Қаржыны бейберекет үлестіре бермеген жөн. Заманауи аграрлық технологияларды қол­да­натын немесе асыл тұқымды мал өсіретін қайтымы жоғары бағыттарды қолдаудың маңызы зор. Дамыған елдердің өзі шағын және орта шаруа­шылықтарды эконо­мика­ның драйвері ретінде қарас­ты­рады. Біз де осы тәжіри­беге көшуге тиіспіз. Өйткені дәл осы бағыт азық-түлік мәселесін ше­шіп, инфляцияны тө­мен­де­ту­ге ықпал ете алады, – дейді экономист.

Қазіргі кезде Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бо­йынша ша­ралар кешенін іске асырып жатыр. Оның аясында жедел және ортамерзімді іс-шара­лар көз­делген. Олар ішкі нарық­тағы отандық тауарлардың үле­сін арттыруға, тауарларды сақ­тау және тасымалдау те­тік­­­терін да­мы­туға, бөлшек сауданы қол­­­дауға бағытталған. Маусым­ара­лық ке­зеңде азық-түлік тауар­ла­рының инфля­ция­лық про­цестерін тежеу үшін ең тиім­ді нарықтық тетіктер, соның ішінде фор­вардтық қаржыландыру кеңі­нен пайдаланатын болады.