Экономика • 15 Желтоқсан, 2022

CNPC – сенімді серіктес

540 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұған ширек ғасырдағы ынтымақтастық нәтижесі айғақ

Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ сала­сындағы ынтымақтастық­қа 25 жыл толды. Ол 1997 жылы ең ірі қытайлық инвестор – CNPC (Қытай Ұлттық Мұнай-газ Кор­порациясы) қазақстандық нарыққа шыққан кезде басталды. Бұл – әлемдік мұнай алпауыттары көшбасшыларының үштігіне кіретін және 38 елде мұнай-газ операцияларын жүргізетін әйгілі халықаралық кешенді энер­гети­калық компания.

 

CNPC – сенімді серіктес

CNPC мен Қазақстан арасындағы ширек ғасырлық ынтымақтастық стра­тегия­лық әрі өзара тиімді саналады. Ал өзара тиімділік неде? Қытайдан келген компания Қазақстан экономикасына қандай пайда әкелді? Қытай кәсіпорындары қарапайым қазақстандықтар үшін нендей жақсылық жасады? Отандастарымыздың арасында еліміздің жер қойнауын пайдалану саласында Қытайдан келген компания бар екені жайлы сөз қозғалғанда осындай сауалдар туындап жататыны жасырын емес. Ендеше, сол сұрақтарға жауап беруге тырысайық.

 

Инвестициялар

Бұдан 25 жыл бұрын CNPC «Ақтөбемұнайгаз» компаниясының акцияларын сатып алды. Сол кезде инвес­торлар мұнда бірқатар түйінді мәселеге тап болды: салық, кредит пен жалақы бойынша қарыздар, логистикалық арналардан айырылғандық, ескірген және әбден тозған жабдықтар. Мұқият талдау жүргізгеннен кейін қытай­лық басқарушылар ең жаңа үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алды, ғылыми зерттеулерді кешенді түрде қолдану арқылы көмірсутегін өндіру көлемін арттырды. Бұған көп уақыт пен қар­жы жұмсалды. Нәтижесінде, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ шығынмен жұмыс іс­тейтін кәсіпорыннан ең табысты ком­паниялардың біріне айналды. Ширек ғасыр ішінде ақтөбелік жобаға құйыл­ған инвестиция сомасы 10,5 млрд доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Үкі­метімен жасалған келісімшарт бойынша қытайлық корпорация 4 млрд доллар инвестиция салуға тиіс болғанын айта кеткен жөн.

Бұған қоса, CNPC инвестициясының есебінен Қазақстанда жаңа зауыттар, мұнай және газ құбырлары пайда болды. Жаңа кен орындары ашылып, мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Еліміз көмірсутегі шикізатын тасымалдау мен транзиттен ақша таба бастады. Құбыр жүйесі батыс өңірлерден оңтүстік пен солтүстікке қарай мұнай айдауға, шалғай ауылдардың тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге, шикізатты экспортқа жіберуге мүмкіндік берді.

25 жыл ішінде CNPC Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамытуға 45 млрд доллардан астам инвестиция салып, 50 млрд доллар салық төледі.

CNPC құрылтайшысы болып отыр­ған кәсіпорындарда 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді, оның 98 пайызы – Қазақ­стан азаматтары.

 

Барлау және мұнай өндіру

Бұл бағыттағы ең табысты жоба­лардың бірі – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Ол – Ақтөбе облысының индус­триялық флагманы. 25 жыл ішінде компания 150 млн тоннадан астам мұнай мен 90 млрд текше метрге жуық газ өндірді. Төленген салық сомасы 12 млрд доллардан асты.

Қытайлық инвесторлар бірқатар ірі және әлеуметтік маңызы бар жобаны қаржыландырды. Олардың ішінде Ақтөбе облысының шалғай ауылдарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген жаңа мұнай-газ өңдеу кешені мен газ құбырының құрылы­сы бар. Инновациялық технологияларды енгізудің нәтижесінде, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта құрлықтағы ең ірі бірінші мұнай кен орны – бастапқы қоры 100 млн тонна бола­тын Солтүстік Трува анықталды. Компа­ния Жаңажол – Ембі темір жолының 72 ша­қы­рымын салды. Ол вахталық жұ­мыс­­керлерді тасымалдауға ғана емес, об­лыстың қажеттілігіне де пайдаланылып отыр. Компания объектілерінде 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

CNPC-дің тағы бір бірлескен кәсіпорны – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы Маңғыстау өңіріне кеңінен танымал. Ол өңірде өндірілетін бүкіл мұнайдың үштен бірінен астамын, ал республикадағының 8 пайызға жуығын қамтамасыз етіп, тұрақты түрде Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің үштігіне кіріп отыр.

Қызылорда облысында CNPC «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» жобасына қатысуда. Бұл – мұнай өндіруші компания, оның қызметінің аясына геологиялық барлау, кен орындарын игеру, мұнай және газ өндіру, сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу кіреді.

Сондай-ақ CNPC «North Caspian Operating Company» консорциумының құрамында Қашаған теңіз кен орнын игеруге қатысу үстінде. Бұл ретте CNPC кәсіпорындары өндірілген мұ­най­дың негізгі бөлігін (шамамен 65 пайы­зын) ішкі нарыққа жеткізіп отыр. Шын­туайтында, бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Себебі экспорттық баға әлдеқайда жоғары. Мұны  мұнай-газ секторындағы шетелдік инвесторлардың ешқайсысы істемейді.

 11

Тасымалдау

Көлік инфрақұрылымы – Қазақ­стан мен Қытайдың мұнай-газ сала­сын­дағы ынтымақтастығының аса маңыз­ды бөлігі. CNPC қазақстандық серік­тестерімен бірге Қазақстанның мұнай мен газға ішкі қажеттілігін қана­ғаттандыру және Қытайға шикізат экспорттау үшін орасан зор маңызы бар құбырлардың тұтас желісін құрды. Ынтымақтастық уақытында Қазақстан-Қытай магистральдарының желісі арқы­лы Қытайға 165 млн тонна мұнай мен 430 млрд текше метр газ экспортталды.

Бұл бағыттағы өршіл жоба – «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» компаниясын құру болды. Ол «Кеңқияқ-Құмкөл» және «Атасу-Алашаңқай» магистральдық мұнай құбырларын басқарады. Бұл жоба Қазақстанның батыс өңірінен Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ Қытай нарығына шикізат тасымалдау жөніндегі маңызды стратегиялық міндетін шешті.

Қазақстан-Қытай газ құбыры – Қазақ­станның газ саласындағы  транзиттік әлеуетін дамытуға және табиғи газ жеткізуді әртараптандыруға бағытталған алғашқы жоба. Оның мақсаты – Қытай бағытында түрікмен және өзбек газының транзитін қамтамасыз ету, қазақстандық газды Қытайға экспорттау, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлерін газбен үздіксіз жабдықтау.

Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры батыстағы кен орындарын оңтүстік өңірлермен байланыстырып, оларды отандық табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр. Ол салынғанға дейін еліміздің оңтүстігіне көгілдір отын Өзбекстаннан жеткізілетін және бағасы әлдеқайда жоғары болатын. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса ірі құбыр жобасы. Оны CNPC және «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы бірлесіп басқарады.

– Мұндай жобалар – «QazaqGaz» бен CNPC арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жетістігі тарихының көрінісі. Біз газ бағасын белгілеу бо­йынша жүргізіп жатқан реформалар бүкіл газ саласы үшін теңдессіз болатынына, газ саласының рентабельділігі мен мүмкіншілігін ұлғайтатынына сенімдіміз және CNPC-дің үлкен қызығушылығын көріп отырмыз, – дейді «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешов.

 

Өңдеу және өткізу

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 2018 жылы ауқымды жаңғыртудан өтті. Оны жүзеге асыру үшін компания акционерлері – CNPC мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы екі миллиард долларға жуық инвестиция салды. Содан бері зауыт Еуро-4/Еуро-5 стандартына сай жоғары сапалы өнім шығарып, қуаттылығы жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайды.

– Шымкент мұнай өңдеу зауыты қытайлық серіктестермен бірлесе сәтті басқа­рылып, Қазақстанның энергети­калық қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосу үс­тінде. Біздің компанияларды екі ел­дің экономикасының дамуына елеу­лі үлес қосып, халықтарымыздың ара­с­ын­дағы өзара түсіністікті нығайту үшін қызмет етуге бағытталған ұзақ­мерзім­ді және жемісті ынтымақтастық байла­ныс­тырып отыр. CNPC өз құзыреті мен тәжі­рибесін Қазақстанда белсенді түр­де енгізіп жатқаны сүйсінтеді, – дейді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Айтпақшы, өткен жылы Қазақстан­дағы барлық үш мұнай өңдеу зауыты 16,05 млн тонна шикі мұнай өңдеді, оның жартысынан көбін, нақты айтқанда, 8,43 млн тоннасын (немесе 52,5 пайызын) CNPC жеткізіп берді. Бензин, дизель отыны, авиакеросин және сұйытылған газ сияқты барлық өндірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығында сатылып жатыр.

Сондай-ақ CNPC ірі қалаларда жанармай құю стансаларының кең желісі бар SINOOIL компаниясының – белгілі сапалы мұнай өнімдерін жеткізушінің құрылтайшысы екенін де айтқан ләзім.

11

 

Әлеуметтік жобалар

Астанада CNPC компаниялар тобы Қазақ Ұлттық хореография академия­сы мен бес жұлдызды «Пекин Палас» қонақ­үйінің құрылысын қаржы­лан­дырды. Ақтөбедегі әйгілі Өнер орта­лығы батыс өңірінің тұрғындарына тарту етілді. Алматыда «CNPC – Қазақ­стан үстел теннисі федерациясы» спорт кешені бар. Онда барлық өңірден жиналған спортшылар Қытайдан келген атақты жаттықтырушының тәлімгерлігімен жаттығып жүр.

Коронавирус пандемиясы кезінде CNPC компаниялар тобы Қазақстан өңірлері үшін реанимобильдер, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алды. 25 жыл ішінде CNPC әлеу­мет­тік жобаларға 410 млн доллардан астам инвестиция салды.

Осылайша, Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібінің барлық тізбегіне қатысып отыр. Мұны өзара тиімді, стратегиялық және ұзақмерзімді серіктестік деп айтуға болады. Экономика деңгейінің артуы, мұнай-газ саласындағы өзгерістер, әлеуметтік саланың дамуы, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюы анық байқалып отыр.

CNPC ұжымын Қазақстандағы қызметінің 25 жылдығымен құттықтаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев корпорацияның екі ел арасындағы көпжақты әрекеттестікті дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.

«CNPC біздің елдегі көмірсутегін өндіруге және өңдеуге елеулі үлес қосуда. Мыңдаған қызметкері бар ком­па­ния ұжымы берекелі әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде елімізде де толағай табысқа кенеліп отыр. Біз Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібін бірге өркендетіп, өзара ынтымақтастық аясын кеңейте түсеміз деп сенемін», деп жазды Мемлекет басшысы өзінің құттықтау жеделхатында.

Екі ел басшыларының биылғы жыл­дың қыркүйек айында болған кез­десуінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік хақында көп айтылды. Си Цзиньпиннің Қазақстан-Қытай дипломатиялық қа­рым-қатынастың орнағанына 30 жыл толған жылы Астанаға барған сапары әлемдік саясаттағы тарихи әрі мәні ерек­ше оқиға саналып отыр. ҚХР Төрағ­а­сы коронавирус пандемиясы бастал­ған­нан бері алғаш рет Қытайдан тыс жерге сапарға шығып, ең алдымен Қазақ­станға келді. Кеңейтілген келіссөз барысында Мемлекет басшылары бұрын жари­я­ланған Мәңгілік жан-жақты стра­те­гиялық әріптестік рухындағы екіжақ­ты қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығын» ашқан Бірлескен мәлімдемені қабылдады.

Екі ел арасында өзара тиімді экономи­калық ынтымақтастық орнатудың аса маңызды буыны – мұнай-газ саласы екені сөзсіз. Қазақстандағы Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы екі елдің әл-ауқатын арттыру, достық пен өзара сенімді нығайту, Қазақстан мен Қытай басшылары алға қойған міндеттерді орындау бағытын жалғастыра бермек.

Қазақстан және Орталық Азиядағы CNPC басшылығы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, баршаға зор денсаулық, құт-береке және бейбітшілік тілейді.