Спорт • 15 Желтоқсан, 2022

Финалда – Аргентина!

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Қатардағы әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалдық сайысы өтті. Лусаилдағы 90 мың көрермен сыятын ұлттық стадионда ине шаншар бос орын болмады. Барша жұртты мазалаған сұрақ: «Ар­гентина же­ңе ме, әлде Хорватия ма?», «Месси мықты ма, әлде Модрич пе?», Міне, осы іспеттес сауалдарға жа­уап алу үшін сей­сен­біден сәрсенбіге қараған түні жер-жаһанның жан­күйерлері көгілдір экранға көз тікті.

Финалда – Аргентина!

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қос команда бұған дейін өзара бес мәрте кездескен екен. Екеуі де екі реттен жеңіске жетіпті. 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында ар­ген­­тиналықтардың асығы алшысынан түсті – 1:0. 2018 жылғы Ресейдегі мундиальда хорват­тар қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол салды – 3:0. 2006 жылы өткен жолдастық кездесуде қарт құрлықтың өкілдері (3:2) басымдық таныт­са, 2014 жылы Оңтүстік Америкадан кел­ген оғыландардың (2:1) айдарынан жел есті. Ал 1996 жылы ұйымдастырылған тағы бір бәсе­ке­де есеп ашылған жоқ – 0:0.

Лусаилдағы ойын өте сылбыр өтті. Қос команда ұзақ уақыт бойы аңдасып, арбасудан аспады. Сол уақыт аралығында не бір жақсы комбинацияны, не бір ұтымды шабуылды көре алмадық. Осы «көрініс» жарты сағатқа созылды. 32-минутта жағдай күрт өзгерді. Хорватия қорғаушысы Деян Ловерннің өрескел қателігінен кейін доп Хулиан Альварестің аяғына тиді. Ол бірден алға ұмтылып, қақпашымен бетпе-бет қалды. Өз командасын қауіпті жағдайдан құт­қармақ болған Доминик Ливакович Хулиан Альваресті теуіп құлатты. Төреші пенальти белгіледі. Лионель Месси 11 метрлік нүк­теден мүлт кеткен жоқ – 1:0. Ол аздай, Даниэле Орсато ережені бұзған қақпашымен қоса, төрешімен сөз таластырған жартылай қорғаушы Матео Ковачичке де сары қағаз көрсетті.

Одан кейін Хорватия құрамасын мүлдем танымай қалдық. Олар жиі-жиі қателікке бой алдырып, білгендерінен жаңылды. Сон­дай бір сәтті тағы да Альварес ұтымды пай­­даланды. 37-минутта алаңның ортасынан құйындай жүйткіген ол бірнеше ойын­шының арасынан сытылып шығып, екінші допты қақпаға тоғытты – 2:0.

Үзіліс кезінде және екінші тайм басталған бетте Златко Далич үш бірдей ойыншысын алмастырып, ойынға өзгеріс енгізгісі келді. Борна Сосаның орнынан Мирслав Оршич, Марио Пашаличтің орнына Никола Влашич және Марцело Брозовичтің орнына Бруно Петкович шықты. Бірақ одан еш нәтиже болмады. «Баяғы жартыс – сол жартас» күйінде қалды. Хорваттар өте баяу қимылдап, бәсекенің басынан аяғына дейін, ең болмағанда, жөні түзу бір шабуыл да ұйымдастыра алған жоқ. Аргентиналықтар да керемет бір ойын көрсетті деп айту қиын. Десек те Лионель Скалони командасының есебі түгел еді. Қарсыласының ұнжырғасы түсіп кеткенін аңғарған олар 69-минутта та­ғы бір гол соқты. Хорватия құрамасының айып алаңына оң қапталдан енген Месси қор­ғаушылар қыспаққа алғанына қарамастан, дәл сызықшаға келгенде Альвареске дәл пас берді. 22 жастағы Аргентинаның жас жұлдызы өз мүмкіндігін қалт жібермей, дубль авторы атанды – 3:0. Одан кейін табло­дағы есеп өзгерген жоқ.

Осылайша, Аргентина құрамасы өз тари­­хында алтыншы рет әлемдік доп дода­сының финалында өнер көрсетеді. Олар 1978 және 1986 жылдардағы мундиальда бас жүлдені олжаласа, 1930, 1990 және 2014 жылдары шешуші тұста сүрінген еді. Енді аргентиналықтардың үшінші мәрте чемпион атануына тамаша мүмкіндік туындап отыр. Хорватия футболшылары 17 желтоқ­санда қола медаль үшін таласады. Финал келесі күні өтеді. Ал бұл командалардың қар­сыластары кім болатыны Франция мен Марокко арасындағы бәсеке барысында анық­­талады.