Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2022

Қордай ауданына электр энергиясының 90%-ы Қырғызстаннан алынады

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Бекболат Орынбеков еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы электр энергиясының тапшылығы туралы проблеманы көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қордай ауданына электр энергиясының 90%-ы Қырғызстаннан алынады

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта Қордай ауданында электр энергиясының жетіспеуі өте қатты байқалып отыр. Сенатор атап өткендей, электр энергиясының 90%-ы көрші Қырғыз Республикасынан алынады.

Аудан аумағында ірі кәсіпорындар бар, олардың қызметі де электр энергиясына байланысты. Мысалы, Қазақстан-Қырғыз шекарасындағы автожол өткізу пункттерінің аймағында салынып жатқан индустриялық-сауда-логистикалық кешенді айтуға болады.

Сенатор бұл мәселені «Қордай 220» электр станциясын салу арқылы шешуге болады деп есептейді. Депутаттың айтуынша, станция салынса аудан тұрғындарының электр энергиясына тәуелді болуы мәселесі шешіледі әрі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды сенімді электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.

«Бүгінгі таңда Қордай ауданында қуаты 63 МВт қосалқы станциясы мен жоғары вольтты әуе желісін салу бойынша, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын жоба дайындалды. Ол жүзеге асқан жағдайда, жоспарланған және құрылысы жүріп жатқан нысандарды электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, тариф құнын төмендеуіне де септігін тигізеді», деді сенатор.

Бекболат Орынбеков осыған байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайыловтан осы мәселені шешуге жәрдемдесуді, атап айтқанда, Жамбыл облысының Қордай ауданын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржыны бөлуді сұрады.