Қоғам • 15 Желтоқсан, 2022

Сенат депутаттарын ұсыну аяқталды

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 қарашада басталып, 16 күнге созылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат депутаттарын ұсыну аяқталды

«Биыл 29 қараша мен 14 желтоқсан аралығында республика бойынша Парламент Сенатының депутаттығына 130 кандидат ұсынылды. Сенат депутатының бір орнына 6 адамнан үміткер», деді жиын барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның айтуынша, өңірлер бойынша ең көп үміткерлер Абай, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында – әрқайсысы 8 кандидаттан, Астана мен Алматыда 10 кандидаттан ұсынылды.  Ең аз үміткер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ұсынылды – 5 адамнан. Шымкент қаласында бір орынға 6 кандидат үміткер.

«Үміткерлердің басым көпшілігі өзін-өзі ұсынғандар. Дәлірек айтсақ, барлығы 130 депутат өтініш берсе, үш кандидатты кейін мәслихат өзі ұсынды. Үміткерлердің орташа жасы – 50,5 жас. Ең кішісі Ақтөбе облысында 30 жаста, ең үлкені Батыс Қазақстан облысында 74 жаста. Ұсынылған кандидаттардың төрттен бірі әйелдер, яғни 130-дың 33-і», деді спикер.

Ол құжаттармен жұмыс 24 желтоқсанға дейін жалғасатынын атап өтті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес кандидаттардан құжаттарды қабылдау, сәйкестікті анықтау және кандидаттарды тіркеу тәртібін аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Сайлау комиссиялары 49 кандидатты тіркеді.