Елорда • 15 Желтоқсан, 2022

Елордалық пара-хоккейшілер әлем чемпионатынан жүлделі оралды

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем чемпионатының жүлдегерлері мінген ұшақ Астана халықаралық әуежайына қонды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордалық пара-хоккейшілер әлем чемпионатынан жүлделі оралды

Ел намысын қорғаған Қазақстанның пара-хоккей құрама команда мүшелерін жанкүйерлері, туған туысқандары, достары, сол сияқты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және спорт саласының бірқатар басшылары әуежайдан үлкен қошеметпен күтіп алды.

Ән-күймен қарсы алған өнерпаздар мен жанкүйерлеріне команда мүшелері алғыстарын білдірді.

«Осындай құрмет көрсетіп, әуежайдан ыстық ықыласпен қарсы алуға келген барша жанкүйерлерімізге, қалалық спорт басқармасына алғысымыз шексіз. Өте қуаныштымыз. Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Бізге қолдау көрсетіп, біз үшін тақым қысқан барша ағайынға рақмет! Жанкүйерлердің сенім үдесінен шыға алғанымыз – үлкен бақыт», дейді Астана қаласы пара-хоккей федерациясының басшысы әрі команда мүшесі Қайрат Сабиров.

Айта кетейік, 6-11 желтоқсан аралығында Таиланд елінің Бонгког қаласында пара-хоккейден әлем чемпионаты өткен болатын. Турнирге Қазақстан, Таиланд, Австрия, Ұлыбритания және Франция командалары қатысты.

Отандық пара-спортшылар үшін бұл жоғары халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыс. Дебюттік турнирде спортшылар төрт матчта үш рет жеңіске жетіп (7:0, 10:0 және 9:2), тек Ұлыбритания командасына (0:6) есе жіберіп қойды.

Осылайша қатарынан үш команданы ойсырата жеңген жерлестеріміз пара-хоккейден (следж-хоккей) С пулындағы әлем чемпионатында екінші орынға табан тіреп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қалалық пара-хоккей федерациясының мәліметінше Астана қаласы пара-хоккей федерациясы 2021 жылы құрылған. Команда қатарында 18 адам, оның ішінде бір қыз және екі жаттықтырушы бар.

«Федерациямыздың бастамашылары – мүмкіндігі шектеулі, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар. Мақсатымыз – аяқ ампутациясы немесе кез келген басқа диагнозы бар, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу. Мысалы спортшылар арасында аяғынан айырылған кәсіби футболшылар бар. Пара-хоккейге келіп, жаңа өмірді бастап, үмітке қол жеткізді деуге болады. Ең жасы – 17-де, үлкені – 57 жаста. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жалғыз мұз сарайы Астанада «Тарлан» спорт кешенінде орналасқан. Қазіргі уақытта біз сол жерде оқу жаттығу жиындарын өткіземіз», деді Астана қаласы пара-хоккей федерациясының басшысы Қайрат Сабиров.

Жарыс соңында паралимпиада ойындарының чемпионатын ұйымдастырушылар қазақстандық құраманың ойынына тәнті болып, 2-орын алғанына қарамастан, 2023 жылы В тобында өтетін келесі чемпионатта өнер көрсетуіне жолдама берді.