Филиалдың ресми ашылу рәсіміне ЕҰУ-дың ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожобеков, Қазақстанның Ош қаласындағы консулы Мұхтар Кәрібай, оқытушылар мен студенттер қатысты.
«ЕҰУ филиалының ашылуы бауырлас елдер арасындағы достық пен тату көршіліктің, білім және ғылыммен қатар барлық салада ынтымақтастықты арттыруға өзара ұмтылыстың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Филиал Қазақстан мен Қырғызстанның ең дарынды студенттері мен ғалымдарын тартады деп үміттенемін. Бұл бағытта ЕҰУ халықаралық білім беру нарығында өзінің бәсекеге қабілеттілігін тұрақты түрде арттырып келеді. Біздің университет QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орындарының қатарына кіріп, 277-орынды иеленді. Жақында ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл өз кезегінде ғылыми-академиялық коллаборация мүмкіндіктерін кеңейтеді», деп атап өтті Ж.Құрманғалиева.
Бүгінде ЕҰУ филиалында 30-ға жуық студент білім алып жатыр. Олар ағашқы екі курсты Ош қаласында, кейінгі екі жылда Қазақстанда таңдаған кәсіптерін меңгереді. Оқу бағдарламасы аясында қырғыз жастары қазақ тілін меңгеруде. Келесі жылы «Қазақстан тарихы» пәнін енгізу жоспарда бар. Филиалда жоғары кәсіби білім берудің екі бағыты бойынша мамандар даярлау жүргізіледі: «Аударма ісі» және «Орыс тілі мен әдебиеті». Алдағы уақытта жаратылыстану ғылымы, физика және IT бағытында білім беру бағдарламаларының санын көбейту жоспарланып отыр.
ЕҰУ ғылыми-білім беру жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалар, бірлескен білім беру бағдарламалары, шетелдік мамандарды тарту бойынша қырғыз әріптестерімен бірлесе белсенді жұмыс жүргізеді.
Биылғы оқу жылында университеттің «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қырғызстаннан 46 студент білім алуда. Айта кету керек, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әлем бойынша 12 орталығы мен өкілдігі бар. Сондай-ақ ұлттық университет 450-ден аса жетекші шетелдік университеттермен халықаралық ынтымақтастық орнатқан.