Кино • 16 Желтоқсан, 2022

«Мұқағали» фильмінің бес жүлдесі

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмі Шотландияда өткен халықаралық Сент-Эндрюс кинофестивалінде бес бірдей жүлдені жеңіп алды (Гран-при, Үздік кинодраматург, Үздік кинорежиссер, Үздік оператор, Үздік актер).

«Мұқағали» фильмінің бес жүлдесі

Айта кетейік, Сент-Эндрюс (SАFF) – халықаралық кинофес­тиваль. Бұл Шотландия мен бүкіл әлем бойынша кино саласындағы таланттардың есімдері белгілі болатын айтулы іс-шара. «Мұқағали» көркем фильмі бір жылда 10 ха­лықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен қуанышты жаңалық. Барша қазақ киносын қадірлейтін көрерменге алғысымды білдіремін. Қазақтың ұлы ақыны ұлықталған фильм жастарға тек шабыт берсін. Тәуел­сіздік күні қарсаңында әлем­нің белді сыншылары өз баға­сын берген «Мұқағали» фильмі­не берілген бұл жүлделер – қазақ хал­қының ортақ жеңісі!» деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картина­сы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильм­ді Мәдениет және спорт министр­лігінің тапсырысы бойынша Ш.Ай­манов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді.

Қазақстандық прокатқа фильм 2021 жылдың 21 қазанында шық­қан болатын. Фильмнің әлемдік премьерасы ХХV (PÖFF) «Тал­лин кинофестивалі» аясында өтті, онда қазақстандық картина экуме­ни­калық қазылар алқасының жүл­де­сіне ие болды.

Айта кетейік, осы жылдың нау­рыз айында өмірбаяндық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдың «Әлемдік кино» секциясында ұсы­ныл­ды. Қыркүйек айының басын­да «Мұқағали» фильмі Қа­зан кино­фестивалінде қазылар ал­қасы­ның арнайы жүлдесіне ие болды. Сон­дай-ақ фильм Гат­чиндегі (Ресей) «Әдебиет және кино» халықаралық кино­фести­валінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтің үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды. Қазан айында фильм Дубайдағы «META Film Fest» кинофестивалінде 70-тен ас­там фильм ішінен бас жүлдеге ие болды.