Ту көтеру рәсімі Муниципалдық қызмет ғимаратында ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға Филадельфия қаласының әкімшілігі және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мен Нью-Йорктегі Консулдығының өкілдері қатысты. Танымал композитор, әнші Марат Омаров, Мирас Жүгінісов, Тұрар және АҚШ-тағы қазақ жастары Әнұранымызды шырқап, күй тартып, жетіген, қобыз, сыбызғы сынды ұлттық аспаптармен өнер көрсетті. Осы іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Пенсильваниядағы Қазақ Ассоциациясының Президенті Жұлдыз Исмаилова: «Біз өткен 2021 жылы Филадельфияда Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өттік. АҚШ-тың тәуелсіздігі жарияланған қала дәл осы Филадельфияда алғаш рет былтыр Тәуелсіздік мерекеміздің құрметіне Қазақстан туы көтерілген еді», деді.
Іс-шара аясында Қазақстанның белгілі дизайнері Айдана Омарованың жетекшілігімен сәнгер қыз-жігіттер ұлттық нақыштағы киім үлгілерін жұртшылыққа көрсетті.