Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2022

Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шықты

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртау қаласы Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Өртті сөндіруге Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шықты

«16 желтоқсан күні сағат 01:51-де Теміртау қаласы Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері  келгенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 ж.т. ұлдар, 1983, 1991 ж.т. әйелдер, 1991 ж.т. ерлер) кіреберістен көшеге алып шықты. Зардап шеккен адамдар жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өз бетімен эвакуацияланбақ болған», делінген хабарламада.

Баспалдақ алаңында ашық жану болмаған. Алайда түтіннің көп мөлшердегі концентрациясы салдарынан тұрғындар далаға шығып үлгермеген.

Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде барлау және жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында 6-шы марқұмның (1977 ж.т. ер адам) денесі табылды. Үш адам әртүрлі дене жарақаттарын алған.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Қабылданған шаралармен өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілді.

Өрттің шығуына себеп болған жағдайларды зерделеу үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов барды. Өртті жоюға Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.