Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев еуразиялық интеграция тақырыбына арнап брифинг өткізді.
Астанада тарихи құжатқа қол қойылғаннан бері күн құрғамастан оның мәні мен еліміз үшін қандай маңызы барлығын зерделеген брифингтер бірінен соң бірі өтіп жатыр. Кеше брифингте кезек М.Әшімбаевтың салмақты ойларына келген. «ЕАЭО-ға баға бергенде, біз оған жаһандық тұрғыдан қарауымыз керек. Қазіргі заманда ашықтық, әлем елдерімен әріптестік жаһандық тренд болып саналады. Барлық мемлекет бір-бірімен қарым-қатынас орната отырып, дамуды көздейді, ал өзін өзі оқшаулап, сауда-экономикалық қатынастардың өзіне есігін тарс жауып алған елдер әлемде саусақпен санарлық болар. Ал мұның тұйыққа апаратын жол екеніне дау жоқ. Егер біз 23 жыл ішіндегі Қазақстанның барлық жетістіктерін ой таразысына салып, сараптап шықсақ, онда оның барлық салалардағы табысы – ашықтық саясатын ұстанудың жемісі екенін көреміз», –деген депутат әрі қарай бiз өз елiмiздiң мемлекеттiк шекарасының құқықтық ресiмделуiн толық аяқтағанымыз үшiн мақтанатынымызды көлденең тартты.
Еліміздің осы ашықтықты ту еткен саясатының арқасында көршілермен үнқатысып, туындаған мәселелерді еңсеру үшін келіссөздер жүргізе отырып, арадағы шекара түйткілін толықтай шештік, экономикалық тұрғыда да еліміз қол жеткізген табыстар тағы да сол ашықтықтың көмегімен жүзеге асырылып, 180 млрд. доллардан астам инвестиция тартылды, деген депутат сондықтан да, Қазақстан болашағы жаһандық экономикамен интеграцияға және жаһандық қауіпсіздік бойынша интеграцияға байланысты екенін атап көрсетті. Біздің ЕАЭО-ны құруымызды осы тұрғыдан қарастыру керек. Бұл Одақ бізге жаһанданған әлеммен барынша табысты ынтымақтасу үшін, оның құрамдас бір бөлігі болу үшін қажет, деді ол.
«Алдымен бұл Одақ, Елбасы атап өткендей, тек экономикалық тұрғыда жүргізіліп, ел тәуелсіздігіне еш нұқсан келтірмейтіні басты қағида болып қала береді», деп экономикалық прагматизм қағидасына тоқталды депутат. Елдер нақты экономикалық мүддеге сай интеграцияланады. Бұл – ешқандай да өзге саяси мүдделер емес, тек қана экономикалық қарым-қатынас. Басты қағида – интеграцияланушы елдердің теңдігі және тең құқылығы. ЕАЭО-дағы барлық үдерістер қатысушылар үшін тиімді болып, экономикалық байланыстардың өрістегенінен пайда түсіруі тиіс. Ал осы қағидаттарды басты ұстаным еткен үш Мемлекет басшысының Астанада маңызды құжатқа қол қойғаны баршаға мәлім.
Сонымен қатар, М.Әшімбаев көп векторлы саясаттың мемлекет үшін маңызын жоймайтынын алға тартты. Біздің ЕАЭО-ға қол қоюымыздың осыған дейінгі шартараппен қарым-қатынастарымызға еш кедергісі жоқ. Осылай деп еліміздің сыртқы саясаттағы векторларын саралаған депутат бірнеше бағыттағы байланыстарға тоқталып өтті. Мәселен, Қытай біздің әріптесіміз болды және бола береді, екі арадағы сауда айналымы 24 млрд. доллар шамасында, жыл сайын біз ол елге 11 млн. тонна мұнай жөнелтеміз, деп өзге де салаларда әріптестіктің табысты жүруде екендігін журналистер қаперіне салды. М.Әшімбаев, сондай-ақ, біздің еліміз үшін Еуропа одағының маңызды саяси әрі экономикалық әріптес ретіндегі орнының ешқашан олқы соқпайтынын да айтып өтті.
Мұхиттың ар жағындағы мемлекеттер, оның ішінде АҚШ-тың да маңызды әріптес болып қала беретінін, америкалық компаниялардың ел экономикасының түрлі салаларында жемісті еңбек етуінің пайдалылығын, қауіпсіздік мәселелерінде де ынтымақтастықтың өрістеп отырғанын, сонымен қатар, жеке мемлекеттермен ғана емес, еліміздің халықаралық ұйымдармен де әріптестігін әңгімеледі. Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН, ЕҚЫҰ бойынша да ынтымақтасқан қадамдардың қарқыны өрістей бермек, бұған қоса, ол АӨСШК әлеуетін кәрі құрлықтағы ЕҚЫҰ сынды ұйыммен парапар етудің мүмкіндігі барлығын да ортаға салды.
ЕАЭО, түптеп келгенде, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған асқаралы асулардан асуға жол ашады, бұл ретте еліміз ұстанған ішкі және сыртқы саясаттың жемісті болатынына еш күмән жоқ, деген депутат брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».