Руханият • 19 Желтоқсан, 2022

Зағип жандарды жігерлендірді

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Тәуелсіздік күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Showdown» үстел теннисінен I қалалық ашық чемпионат өтті. Турнирге арнайы жаттығудан өткен 20-ға жуық адам қатысты.

Зағип жандарды жігерлендірді

Ілкімді шараға Астана қала­сының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Мұхамеджан Бекназаров, Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова, Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының орынбасары Әділхан Өмірзақов, белгілі айтыс­кер ақын Балғынбек Имашев және «Көзімнің қара­сы» мүгедектер қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы қатысып, спортшы­ларға сәттілік тіледі.

Ашық біріншілікте Астана қала­сының денешынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Самат Сәбитұлы алғы сөз алып, құттықтау тілегін біл­дірді. «Бүгінгі жарысымыз ал­да келе жатқан ұлттық мереке Тәуелсіздік күніне орайлас­тырылды. «Showdown» үстел тен­нисі елордада алғаш рет өткізіліп отыр. Енді астана­лық зағип жандар елімізде енді ғана даму қарқынын алған «Showdown» ойынын игеріп, республикалық, халықара­лық жарыстарда топ жарады деген сенімдемін», дей келе мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Showdown» үстел теннисінің І қалалық ашық чемпионатын ашық деп жа­риялады.

Ал «Көзімнің қарасы» мүге­дектер қоғамдық бірлесті­гінің төрағасы Жүзбай Серікұлы шет мемлекеттерден осы ойынды зерттеп, Қазақстанға әкелсем деген ойының жүзеге асқанына қуанып, алдағы уақытта 19-шы Дүниежүзілік зағип жандар күніне орай республикалық турнир өткізу жоспарымен бөліс­ті. Мамандардың айтуын­ша, Канада, Германия, Бол­гария сияқты шет мемлекеттер­де жақсы дамыған бұл спорт түрі көз жанарынан айырыл­ған зағип жандардың денсау­лығына өте пайдалы. Яғни есту қабілетімен қол-аяқ қозғалысы жұмыстарын жақсартады.

Әлемдік деңгейдегі жарыс­тар­ға қатысу үшін отан­дық құрама команда жасақ­тау мақсатында ұйымдастырыл­ған чемпионаттың жеңім­паз­­дары арнайы дипломдармен, медальдармен, сыйлық­тар және кубоктармен марапатталды. Сондай-ақ барша қатысушыларға демеушілер тарапынан қаржылай сый-құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, шарапаты мол шараны ұйымдастырушы­лар Астанада бірінші рет өткізіл­ген жарысты алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде іріктеу кезеңін өт­кізіп, республикалық турнир өткізуді жоспарлап отыр.