Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Әлем чемпионаты Алматыда өтеді

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

25-30 желтоқсан аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шахматтың рапид және блиц түрлері бойынша кезекті әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Республикалық федерация таратқан дерекке сүйенсек, бұл жарыста жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 250-ге тарта ойыншы бақ сынайды.

Әлем чемпионаты Алматыда өтеді

Алатау баурайында өтетін дү­бір­лі додада өнер көрсететіндер ара­сында атағы алысқа жайылған шах­мат­шылардың қалың шоғыры бар. Со­лар­дың арасынан Магнус Карлсен (Норвегия, рейтингтегі ұпай саны – 2859), Хикару Накамура (АҚШ, 2768), Фабиано Каруана (АҚШ, 2766), Ян Непомнящий (ФИДЕ, 2793), Аниш Гири (Нидерланд, 2764), Александр Грищук (ФИДЕ, 2745), Шахрияр Мамедьяров (Әзербайжан, 2740), Максим Вашье-Лаграв (Франция, 2737), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша, 2729) және Ю Янъиді (Қытай, 2728) бөле-жара атап өтуге болады. Әйелдер сайысында Александра Горячкина (ФИДЕ, 2584), Катерина Лагно (ФИДЕ, 2563), Хампи Конеру (Үндістан, 2572), Александра Костенюк (ФИДЕ, 2520), Тан Чжунъи (Қытай, 2518), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2517), Харика Дронавалли (Үндістан, 2507), Жансая Әбдімәлік (Қазақстан, 2496), Сарасадат Хадемальшариех (Иран, 2490), Антоанета Стефанова (Болгария, 2442) және Бибісара Асаубаева (Қазақ­стан, 2440) шеберлік байқасады.

Спорттық шежіренің сарғайған беттерін ақтаратын болсақ, рапидтен әлем чемпионаты алғаш рет 1988 жылы Мексиканың Масатлан қаласында ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде КСРО-ның даңқты шахматшысы Анатолий Карповтың мерейі үстем болды. Кейін түрлі себептерге байланысты аталған дода өтпей қалды. Тек 2001 жылы өз жалғасын тапты. Сол маусымдағы тартыс ресейлік Гари Каспаровтың жеңі­сімен аяқталды. Одан кейінгі бәсе­келерде Левон Ароян (Армения, 2009), Гата Камский (АҚШ, 2010), Сергей Карякин (Ресей, 2012), Шахрияр Мамедьяров (Әзербайжан, 2013), Василий Иванчук (Украина, 2016), Даниил Дубов (Ресей, 2018) және Нодирбек Абдусатторов (Өзбекстан, 2021) сынды саңлақтар бас жүлдені олжалады. Ал норвегиялық Магнус Карлсен (2014, 2015, 2019) үш мәрте тең­дессіз деп танылса, үндістандық Вишванатан Ананд (2003, 2017) екі рет дәл сондай құрметке бөленді. Әйелдер арасындағы сайыста Антоанета Стефанова (Болгария, 2012), Кристана Лагно (Ресей, 2014), Анна Музычук (Украина, 2016), Цзюй Вэньцзюнь (Қытай, 2017, 2017), Хампи Конеру (Үндістан, 2019) және Александра Костенюктің (Ресей, 2021) бағы жанды.

Блицтен ұйымдастырылған жарыс­тың алғашқы жеңімпазы – КСРО өкілі Михаил Таль. Ол 1988 жылы жалауы желбіреген жарыста алдына жан салмады. Блиц ойынында да Магнус Карлсеннің өзгелерден шоқтығы әлде­қайда биік. Скандинавиялық саңлақ бес мәрте (2009, 2014, 2017, 2018, 2019) чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ресейлік Александр Грищук (2006, 2012, 2015) үш турнирде қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ әр жылдары Василий Иванчук (Украина, 2007), Леньер Домингес (Куба, 2008), Левон Ароян (Армения, 2010), Ле Куанг Льем (Вьетнам, 2013), Сергей Карякин (Ресей, 2016) және Максим Вашье-Лаграв топ жарды. Әйелдер бәсекесінде Валентина Гунина (Ресей, 2012), Анна Музычук (Украина, 2014, 2016), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2017) және Катерина Лагно (Ресей, 2018, 2019) дара шықты.

Былтыр Польшаның астанасы – Варшавада өткен әлем чемпионатында 17 жастағы Бибісара Асаубаева блицтен бас жүлдені олжалап, күллі қазақстандық жанкүйерлерді қуа­ныш пен шаттыққа бөлеген еді. Сол жа­рыста әлемнің ең белді ойыншылары­ның өздері қазақ қызына жарытып қарсылық көрсете алмады. Осылайша, ол шахматтың осы түрінен ең жас әлем чемпионы ретінде өз есімін тарихта қалдырды. Ал соның алдында ғана Бибісара рапидтен өткен жарыста күміс медальді иеленген еді. Сол жеңісті жол Алматыда да жалғасын табады деп үміттенеміз.