Экономика • 20 Желтоқсан, 2022

Ипотека мен инфляция текетіресі

343 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің инфляцияға қарсы күрестегі басты құралы – базалық мөлшерлеме. Сөз жоқ, тиімді-ақ құрал. Алайда базалық мөлшерлеме көтерілген сайын банктер беретін несие қымбаттайды. Бұл ипотека арқылы әне-міне пәтер аламын деп отырған адамдардың асқақ арманын алыстата түседі.

Ипотека мен инфляция текетіресі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Инфляция өскен сайын екінші деңгейлі банктердің көпшілікке ұсынып отырған өнімдерін қымбаттатуы заңдылық. Басқасын айтпағанда, бұқа­раның қолайына жаққан «Отбасы банк­тің» өзі биыл аралық займның сыйа­қы мөлшерлемесін 7-8,5 пайыздан 10-11,5 пайызға дейін көтеруге мәж­бүр болды. Жекелеген санаттарды есеп­ке алмасақ, бұл банктің жалпыға тиімді өнімі де осы аралық займ еді. Ин­фляцияның салдарынан оның өзі қымбаттап кетті. Сондықтан шығар, қазір қолында ақшасы бар халықтың бәрі «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алып қалуға тырысып жатыр. Өйткені дәл қазіргі сәтте халыққа атал­ған бағдарламадан тиімдісі табылмай тұр. Алайда бұл жерде де бір мәселе бар – «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаржының түбі көріне бастады.

– Осы жылдың сәуір айында Аста­надағы «Geneva-3» деп аталатын тұр­ғынүй кешенінің құрылысына қар­жы құйдым. Мақсатым «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерлі бо­лу еді. Келімшарт бойынша кешен 2023 жылдың бірінші тоқсанында пай­далануға берілуі керек-тін. Алайда оның құрылысы түрлі себепке байланысты өткен аптада ғана басталды. Демек, кешен құрылысы мерзімінен міндетті түрде кешіктіріледі. Ал «7-20-25» бағдарламасының қаржысы үздіксіз игеріліп жатыр. Яғни аталған кешеннің тұрғындары тиімді бағдарлама бо­йынша пәтер алып үлгермеуі мүмкін. Мамандармен ақылдасып едім, бірнеше жолды нұсқады. Бірінші жол – құрылыс компаниясына құйған қаржымды кері қайтарып алып, дайын тұрған басқа тұр­ғынүй кешендерінің бірінен «7-20-25» арқылы пәтер алу. Алайда шар­шы метр­дің сәуірдегі бағасын қазір­гі ба­ға­мен салыстыруға келмейді, айыр­ма­шылық – жер мен көктей.

– Бұлай істеген жағдайда қым­бат пәтерге ұрынамын және оған тө­лей­тін артық ақша да жоқ. Екін­ші жол – құйған ақшамды құ­ры­лыс компаниясының алдағы уақытта салынатын немесе құ­ры­­лысы енді ғана басталған ке­шен­дерінің біріне ауыстыру. Мұн­дай қадамға барсам, «7-20-25» бағ­дар­ламасынан мүлдем үміт үзуім керек. Өйткені 9 желтоқсанда «7-20-25»-тің Instagram-дағы ресми аккаунтында (@72025_official) бағдарламаның қоржынында 174 млрд теңге қалғаны хабарланды. Үнемі бақылап жүрмін, бағдарлама қаржысы апта сайын 10-14 млрд теңгеге игеріліп жатыр. Сонда қалған қаржы наурыз айына дейін жетпей қалуы да мүмкін. Ал екінші деңгейлі банктердің ипотекасы тым қымбат. «Отбасы банктің» өнімдері де тиімсіз болып қалды. Әйтпесе, «7-20-25» бағдарламасымен өтпе­сек, пәтер құнының 50 пайызын құйып, «Отбасы банктің» аралық займын пайдаланамыз деген қосалқы нұсқамыз да болған еді. Өкінішке қарай, ол да қолжетімсіз болып тұр, – дейді астаналық тұрғын Еркебұлан Саттаров.

Расында да, «7-20-25» бағдар­ла­ма­сына иек артып отырған жандар­дың алаңдайтындай жөні бар. Өйткені бағдарламаның қаржысы келер жылы таусылады. Десе де, бірер күн бұрын көңілі күпті көп­­шіліктің үмітін қайта оятқан жағымды бір жаңалық шықты. Krisha.kz-тің хабарлауынша, «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Мұндай ақпаратты Ұлттық банктің өзі таратқан.

«Президент сайлауалды платформаны орындау аясында «7-20-25» бағдарламасын 2029 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Негізгі талаптарды сақтау керектігін де қа­дап айтты: мөлшерлеме – жыл­дық 7 пайыз, бастапқы жарна – 20 пайыз, кредит беру мерзімі – 25 жыл. Ұлттық банк жекелеген параметрлерді, оның ішінде бағ­дарламаны қаржыландыру мәсе­ле­леріне қатысты параметр­лерді нақтылайды. Үкіметпен талқылау аяқталған кезде барлық қабылданған шешім хабарланатын болады», делінген қаржылық реттеушінің Krisha.kz-ке берген ресми жауабында.

1

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ашығын айту керек, «7-20-25» бағдарламасының игілігін екі топ көріп отыр. Біріншісі – ірі мегаполистердің тұрғындары, екіншісі – құрылыс компаниялары. Өйткені өңірлерде бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін жаңа тұрғын үйлер аса көп салынбайды. Сондықтан бағдарламаның өңірлерде орындалуы нашар. Ал ірі қалалардағы құрылыс салушылар «7-20-25» арқылы айтарлықтай табыс тапты. Біріншіден, бағдарлама бойынша пәтерді жаңа үйден алу керек деген талап бар. Демек құрылыс салушылар үшін тұрақты нарық қалыптасты. Олар салынған пәтерді кімге сатамыз деп бас қатырмайды. Екіншіден, компаниялардың құ­ры­лысқа жұмсаған қаржысы еш қиындықсыз қайтарылады. Өйт­ке­ні клиент бастапқы жарна тө­лейді. Ал қалған соманы ипотека беретін банк аударады. Сонда құрылыс компанияларының ұпайы түгенделеді. Міне, Қазақстан құры­лыс­шылар одағының «бағдар­ла­маны жалғастыру керек» деп дабыл қағуының астарында осындай мән жатыр.

– Қазақстан халқының 24 па­йы­зы немесе 4,5 млн адам баспа­на­ға мұқтаж. Болжамдарға сүйен­сек, 8 жылдан кейін бұл көрсеткіш 10 млн адамға жетеді. Сон­дық­тан қол­жетімді ипотекалық бағдар­ла­маларды көбейту керек. Сол себепті «7-20-25» бағдарламасын жаңа талаптармен қайта бастауды ұсы­намыз. Тек үйдің бағасына қа­тысты шекті соманы 25 млн тең­геден 35 млн теңгеге дейін арттыру керек. Қазақстанда 8 жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бар. Соның тек үшеуі ғана жалпы халыққа қол­жетімді. Қалғаны жекелеген санат­тар­ға ғана арналған. Бұлар арқылы кез келген адам ипотека рәсімдей алмайды. Сондықтан «7-20-25» секілді бағдарламалар керек. Егер бұл бағдарлама жұмысын тоқтатса, орта деңгейлі халықтың пәтер алатын мүмкіндігі азаяды. Өйткені коммерциялық банктер ұсынатын өнімдердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Халықпен тығыз жұмыс істейтін Ipoteka Group компаниясының басшысы Мерей Әлімбаевтың пікіріне ден қойсақ, «7-20-25» бағ­­­дар­ла­ма­сы қалайда жалғасуы керек. Де­ген­мен кейбір талаптарын өзгерт­кен дұрыс.

– Рас, 7 пайыздық мөлшерлеме ха­­лыққа тиімді. Алайда 20 па­йыз­дық бастапқы жарна шамалы қиын­дық­тар туғызады. Мәселе мынада. Адамдар 20 пайыздық жарнаны құрылыс компаниясына құяды. Ал пәтерлер көп жағдайда бастапқы әрлеумен ғана беріледі. Демек тұрғындар өз қаржысына жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұған кем дегенде пәтер бағасының тағы 20 пайызы көлеміндегі қаржы қажет. Сол себепті «7-20-25» бағ­дар­ламасы «7-40-25»-ке айналып шыға келеді. Қазіргі шынайы жағ­дай дәл осындай. Ал жөндеу жүр­гізу үшін тағы да шығындалу керектігі айтпаса да түсінікті. Сонда халық пәтер алу үшін екі рет шығындалуға мәжбүр. Сондықтан 20 пайыздық бастапқы жарнаға қатысты талапты алып тастау керек. Бастапқы жарна дегеніміз – қарызды қамтамасыз ету сомасы. Оны алып тастаса, банк үшін де, құрылыс салушы үшін де ешқандай қауіп төнбейді, – дейді М.Әлімбаев.

Халық пен құрылыс салушылар «7-20-25» бағдарламасының жал­ғасқанын қаласа, коммер­циялық банктер керісінше бұл бағдар­ла­маның тоқтатылғанын құп­тай­тын­дай. Өйткені «7-20-25» олар ұсы­натын өнімнің маңыздылығын төмендетіп жіберді. Тиісінше, банк­тердің ипотекасына деген сұра­ныс азайды. Қысқасы, ипотека нарығында әр тараптың көздеген өз мақсаты бар.

Көпшіліктің көкейін тескен мәселе «7-20-25» бағдарламасы одан әрі жалғаса ма?» деген сауал еді ғой. Көп ұзамай оның да жа­­­уабы белгілі болар. Бұқараның үні би­лікті бейжай қалдырмауға тиіс.