Үкімет • 20 Желтоқсан, 2022

Үш жылда – 655 медициналық нысан

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте ауылдық елді мекендерді медициналық объектілермен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Үш жылда – 655 медициналық нысан

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында еліміздің өңірлері мен шалғай ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Олардың ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Мысалы, Қарағанды облысында 92 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, Абай облысында 65 нысан, Жетісу облысында 59 нысан, Ақмола және Алматы облыстарында 38 нысаннан және т.б. салу жоспарланып отыр.

«Ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындары облыс орталықтары мен қалаларға барып, медициналық көмек алу үшін шақырымдап жол жүруге мәжбүр. Бұл жерде уақтылы медици­налық көмек көрсету мәселесі жайына қа­лып отыр. Ауылдар мен шалғай аудандар тұрғындарының сапалы медици­налық көмек алуын, оның ішінде «алтын сағат» ішінде көмек көрсетілуін қамта­масыз ету қажет. Осыған байланысты Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Жоспарланған 655 жаңа нысанның 20-сы медициналық нысаны мүлдем жоқ ауылдарда салынбақ. Осы уақытқа дейін медициналық нысандарға арналған ар­найы ғимараттары болмаған ауылдарда және шалғай аудандарда тағы 208 меди­циналық нысан салынады. Қазірдің өзінде апатты жағдайда тұрған қолданыстағы нысандардың орнына 420-ға жуық нысан тұрғызылмақ», деді А.Көлгінов.

Ұлттық жобаны іске асыру нәти­же­сінде шамамен 1 млн ауыл тұрғынын алғашқы медициналық-санитарлық кө­­мекпен қосымша қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ шұғыл және мамандан­ды­рыл­ған медициналық көмек уақтылы көрсетілмек.

Өңірлердің әкімдіктеріне және Ден­саулық сақтау министрлігіне жер учас­келерін бөлу, оларға инженерлік-комму­никациялық инфрақұрылымды жүргізу, 2023 жылдан бастап объектілердің құрылысын бастау тапсырылды.