Оқиға • 20 Желтоқсан, 2022

Павлодар облысында жеке тұрғын үйден өрт шықты

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысында жеке тұрғын үйдегі өрттен 64 жастағы ер адам мен 6 жасар бала қайтыс болды. Уланған тағы бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар облысында жеке тұрғын үйден өрт шықты

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт Павлодар облысы Тереңкөл ауылында болған.

«Өрт туралы хабар 19 желтоқсан күні сағат 23:13-те түсті. Шамамен 64 шаршы метр аумақта екі бөлмелі қамыс үй өртеніп, шатыры жартылай опырылған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 2019 жылы туған баланы көршісі құтқарып қалды», делінген хабарламада.

Зардап шеккен бала «бірінші дәрежелі қабағы мен бетінің термиялық күйігі» диагнозымен ауруханаға жатқызылды.

«Асханадағы үйінділердің астынан барлау және өрт сөндіру барысында 1958 жылы туған ер адам мен 2016 жылы туған ұл баланың күйген мәйіттері табылды», дейді өрт сөндіру қызметінің кезекші қызметкері Дәулет Қайырбеков.

Өрт 20 желтоқсан күні сағат 01:47-де жойылды. Өртті сөндіруге облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері қатысып, үш техника жұмылдырылды.

Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем қызметкерлері мен жергілікті әкімдік те шықты. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.