Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2022

Орталық Азиядағы ең ірі автожол жобасының құрылысы аяқталуға жақын

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жобаны іске асыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2018 жылы басталған болатын. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы Екі жылдан соң басталды. Концессия шартына сәйкес құрылыс мерзімі бастапқыда 50 айға жоспарланған еді. Алайда, қарқынды жұмыстардың толық ауқымда жүргізілуіне байланысты концессионер жобаны ертерек жүзеге асыра алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азиядағы ең ірі автожол жобасының құрылысы аяқталуға жақын

«Автожол құрылысы бойынша барлық негізгі деген жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру және жол ақысын алу жүйесі орнатылып жатыр. Концессия туралы заңға сәйкес жобалар инвесторларға мемлекет балансына қабылданғаннан кейін ғана беріледі. Осыған байланысты пайдалануға беру 2023 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр», деп хабарлады ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Айта кетейік, ҮАААЖ-ын іске асыруды түрік-корей консорциумы жүзеге асырады. Жүрдек жол негізінен алты жолақты, ал кейбір жерлерде төрт жолақты болмақ. Сондықтан рұқсат етілген максималды жылдамдықта, яғни сағатына 110-140 шақырым жүрген жағдайда, 66 шақырым қашықтықты небәрі жарты сағатта еңсеруге әбден болады.

«Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Орталық Азиядағы жол құрылысының ең ірі инфрақұрылымдық жобасы. Аталған жобаны іске асыру жолдың транзиттік әлеуетін жоғарылатып, транзиттік маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мегаполис көшелеріндегі кептелісті азайтады және экологиялық жағдайды жақсартады», деп атап өтті ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Айта кету керек, ҮАААЖ Қаскелең маңындағы Қырғауылды ауылынан басталып, Талғар жанындағы Қызылқайрат ауылында аяқталады. Аталған тас жол Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы 14 елді мекен арқылы өтетін болады. Бұл автожол Батыс Қытай - Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буыны болуы керек.