Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Осы тақырып бойынша Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізген. Қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кіріпті. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілген. Бірінші – жабдықтың тозуы. Оның орташа көрсеткіші 66%-ды құрайды. Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80%-дан асады. Екінші – технологиялық бұзушылықтар саны. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр стансаларында авариялық ажыратулар 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға өскені анықталды. Үшінші – пайдалану мерзімі. Жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл. Олардың шамамен 76%-ы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр Төртінші – жалақының төмен деңгейіне байланысты кадрлардың жетіспеушілігі.
Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды жүргізу көлемі айқындалды. Алдын ала деректер бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді. Министрдің айтуынша, электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта электр стансаларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 млрд теңгеге тең. Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. Электр стансаларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге жол ашады.
– Бағдарламада салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту, нарыққа қатысушыларды қарсы міндеттемелермен қамтамасыз ету көзделген. Жылумен жабдықтауды жүзеге асыратын және қатты тозған стансалардың техникалық аудиті негізінде инвестицияларды талап ететін басым жобалар айқындалатын болады. Сонымен қатар электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу, бекітілген шекті тарифтерде электр және жылу энергиясын өткізуден алынатын электр қуатының әзірлігін ұстап тұру қызметін және амортизациялық аударымдарды іске асырудан алынатын қаражатты нысаналы пайдалану бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет, – деді Б.Ақшолақов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, қазіргі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55%. Қажетті инвестиция көлемі – шамамен 2,2 трлн теңге. Әкімдіктердің деректері бойынша табиғи монополиялардың 83 субъектісі 74 қалада жылумен жабдықтау қызметтерін көрсетеді, оның ішінде 61 коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде 10,2 мың шақырым, 22 жеке субъектінің теңгерімінде 1,9 мың шақырым жылу желілері бар. 2015 жылдан 2022 жылға дейін «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттік кредит әрі субсидиялау тетіктері арқылы 295 млрд теңге бөлініп, 3,5 мың шақырым желі салынды әрі реконструкцияланды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болғанын атап өтті. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алғанын алға тартты.
– Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келген. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Стансалар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар Ақтауда тіркелді. Сонымен қатар аудандардың дұрыс жоспарланбауы, тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр. Қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынуда. Сондай-ақ желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылардың қарыздары және газдандыруда қиындықтар бар. Жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кетті. Бұған мысал ретінде елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады. Осыған орай, Премьер-министр электр стансаларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды.
– Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 шақырым! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді, – деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ екі апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.