Руханият • 21 Желтоқсан, 2022

«Ұлы дала» үздіктері марапатталды

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше «Amanat» партиясы «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын қорытын­дылады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби байқаудың «Поэзия» аталымында «Egemen Qazaqstan» қызметкері Жәнібек Әлиман үздік шықты. Сонымен қатар тағы бір әріптесіміз Абай Аймағамбет арнайы сыйлыққа ие болды.

«Ұлы дала» үздіктері марапатталды

Іс-шараны ашқан «Amanat» партиясы­ның төрағасы Ерлан Қошанов алдағы уақытта бұл жобаның аясын кеңейтіп, аудандық, облыстық, содан кейін респуб­ликалық деңгейде өткізуді ұсынды.

«Небір тума таланттар ауылдарда жүр. «Ұлы дала» байқауы сол таланттардың түлеп ұшар ұясына айналуға тиіс. Қазақ әдебиетінің келешегі тек шығармашылық қауымды ғана емес, баршамызды алаң­датады. Әдебиеттің болашағы – ұлттың болашағы. Сондықтан жаңа дәуірде жаңа есімдер керек. Тек оларды іздеп-тауып, қамқорлық көрсету қажет. Жастарды ынталандырып, жолын ашу үшін «Amanat» партиясы осы байқауды ұйымдастырып отыр», деді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, 26 тамыз бен 10 қара­ша аралы­ғында байқауға бас-аяғы 152 шығар­ма келіп түсті. Оның барлығы aikyn.kz сайтында арнайы ашылған «Ұлы дала байқауы» айдарында бүркеншік есіммен жарияланып отырды.

«Толқынды толқын қуады. Кешегі аға буынның, бүгінгі орта буынның ізін жалғайтын таланттарымыз әдебиет айдынында аз емес. Сол себепті дарынды жастардың суырылып алға шығуы – заң­дылық. Байқаудың басты мақсаты – жас қаламгерлерді ынталандыру, қанаттандыру. Сондықтан бұл байқау алдағы уақытта да жалғасын табады», деді Мәжіліс депутаты, қазылар алқа­сы­ның төрағасы Аманжол Әлтай.

Сонымен, «Поэзия» аталымы бойынша бірінші орынды  Жәнібек Әлиман, екінші орынды Шапағат Әбдірұлы, үшінші орынды Таңсәуле Әгенқызы иеленді.

«Проза» аталымында бірінші орынға Әлихан Жақсылық, екінші орынға Әділ Әуезханов, үшінші орынға Айзат Рақышева лайықты деп танылды.

«Балаларға арналған шығарма» аталымы бойынша бірінші орынды Алпысбай Әбділ­ұлы, екінші орынды Құралай Омарова, үшінші орынды Айсұлу Әлмаш қанжығалады.

«Драматургия» аталымында бірінші орынды Ықылас Шалғынбай, екінші орынды Ақлима Сапарова, үшінші орынды Тоқтарәлі Таңжарық жеңіп алды.

Сонымен қатар биыл тұңғыш рет тағайындалған «Алаш аманаты» ар­найы сыйлығын алаштанушы-зерт­теуші, балалар жазушысы Елдос Тоқтар­бай, «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты ақын, жазушы, киносценарист Ұларбек  Нұрғалымұлы иеленді. Ал «Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты жазушы Абай Аймағамбет жеңіп алды.

«Кез келген байқау жарқ етіп жария­ланғанда емес, дәстүрге айналған кезде оған авторлар дайындықпен келіп, өз жемісін бере бастайды. Биыл бұл шығармашылық бәйге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналғаннан кейін авторларға оның жауапкершілік жүгі жеңіл болмағаны анық. Әдебиет – тұтас қоғаммен ұштасып жатқан дүние. Сондықтан әдебиетті қолдау – тек руханиятты қолдау емес, жалпы қоғамның оң бетбұрысына әсер ету деген сөз», деді Ұларбек  Нұрғалымұлы.

Сондай-ақ партияның орталық аппаратында өткен іс-шарада Қостанай облысының Торғай ауылындағы «А.Бай­тұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейінің» қызметкерлері көрме ұйым­дастырды. Онда ұлт ұстазы тұтынған заттар, құнды жәдігерлер, қайраткер шығармаларының түпнұсқасы және т.б заттар қойылды.