Технология • 21 Желтоқсан, 2022

Блокчейн саласындағы бірегей бастама

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда Binance Academy-мен бірлесіп әзірленетін бастама аясында блокчейн-технологиялар бойынша 40 мыңнан астам маман дайындалады. Алғашқы түлектер 2024 жылы қатарға қосылмақ.

Блокчейн саласындағы бірегей бастама

Бұл еліміздің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйым­дарында блокчейн-инженерия және комплаенс бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу үшін қазақстандық тарапқа білім беру материалдарын ұсыну туралы меморандумға сәй­кес жүзеге асырылмақ. Мұндай меморандумға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ұлттық банктің Төлем және қаржылық тех­нологияларды дамыту орталығының бас­шы­­сы Бинур Жаленов және Binance Kazak­hstan өкі­лі Жаслан Мәдиев қол қойған бола­тын.

Осылайша, Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйым­дарында мемлекеттік ауқымда білім беру бағдарламасын енгізетін әлем­дегі бірінші ел болмақ. Еліміз­дің 22 білім беру ұйымы пилоттық тәртіпте 40 мыңнан астам студент дайындайды. Блокчейн-технологиялар саласында білім алып, дағдыланған жас кә­сіпқойлар блокчейн индус­трия­сының жа­һандық қауым­дас­тығы үшін ірі ресурсқа ай­налады. Бұл блокчейн индустриясындағы тең­десі жоқ ең ірі жаһандық білім беру бастамасына баланып отыр.

– Экономика үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүдделіміз. Сондықтан біз IT-саланың өкілдерімен бірлесіп, бұл бағытта білім беру жобаларын одан әрі дамыту үшін берік іргетас құрып жатырмыз. Жемісті ынтымақтастықтың нәтижесінде, отандық жоғары білім беру жүйе­сі ел экономикасына ғана емес, жаһандық еңбек нарығы үшін де блокчейн индустриясы саласындағы мамандарды жет­кізуші болмақ, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Б.Мусиннің пікіріне қара­ғанда, Binance Academy-мен мемо­рандумға қол қою рәсімі – Binance бас директоры Чанпен Чжаоның мамырдағы сапары аясында басталған серік­тестіктің қисынды жалғасы. Осы келісім шең­берінде кадрларды даярлау әлемдік крипто­индустрия­да қазақстандық технология­лар үлесін ұлғайтуға және Қа­зақ­стан­да ай­мақтық хабты дамытуға жол ашады.

– Қазақстанның цифрлық технологияда жетекші ойыншыға айналғанын қалаймыз. Ол үшін білім деңгейін көтеріп, бүкіл ел бойынша блокчейнді енгізу керек. Binance білімге ерекше мән береді және Binance Academy блокчейн индустриясындағы ең ірі оқу орталықтарының бірі болып саналады. Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдармен серіктестігіміз бар­­­лығына қолжетімді әрі стан­дарт­талған блокчейн және крип­то­графиялық білім беру жо­лын­дағы маңызды қадам болды, – дейді Binance Asia директоры Глеб Костарев.

Еске сала кетейік, Binance – әлем­дегі блок­чейн-технология са­ласындағы көшбас­шы­лардың бірі.

– Қазақстан цифрлық технологияларды дамыту және енгізу жолында белсенділік танытып, өз кадрларын даярлауға ұмтылып жатыр. Жаңа келісім Қазақстанға Binance білім базасында білім беру бағдарламаларын Орталық Азия өңірінде енгізуге басым құқық береді. Бұл Astana Hub қатысу­шылары үшін үлкен артық­шылық болмақ. Оқыту Astana Hub-та орналасқан Блокчейн орталығының базасында өтетін­діктен, студенттерге алған білімді тәжірибе тұрғысынан бекітуге жақсы мүмкіндік туып тұр, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Binance және Binance Aca­demy білім беру бөлімшесі бір­лесіп, блокчейн-инженерия және комплаенсқа қатысты білім беру материалдарын Блокчейн ор­талығына береді. Сондай-ақ оқытушыларды оқыту мен тре­нингті ұйымдастыруда жәр­демдесуді жос­парлап отыр. Бағдарламаны енгізу төрт кезең­нен тұрады. Бірінші кезеңде Binance Academy білім беру ма­те­риалдары негізінде жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін академиялық бағдарламалар бойынша оқыту бағдарламалары әзірленеді. Екінші кезеңде оқытушыларды оқыту және тренинг өткізу (бірлескен вебинарлар мен дәрістер), үшінші кезеңде оқудан өткен оқытушылармен және жоғары оқу орындары бас­шылығымен бірлесіп, акаде­мия­­лық бағдарламаны әзір­леу көзделген. Бағдарлама 4-5 пән­нен (курстан) тұрады. Төр­тінші кезеңде студенттер үшін жоғары оқу орындары базасында мамандандыруды іске қосу қолға алынбақ. Бұл ретте оқыту­шыларды оқыту және тренинг өткізу 2023 жылы ақпан айында басталып, мамырға дейін жал­ғасады. Студенттерді оқыту 2023 жылдың қыркүйегінде басталмақ.