Спорт • 21 Желтоқсан, 2022

Мәулен Әшімбаев: Бұқаралық спортқа басымдық берудің маңызы зор

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев күштік спорт түрлерінен ILYIN Iron Cup-2022 сайысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнир елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Бұқаралық спортқа басымдық берудің маңызы зор

Әр адамның тұлға болып қалыптасуы және мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыру үшін балалар мен жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Сондықтан елімізде бұл бағытқа үнемі баса мән беріліп келеді. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту жөнінде тиісті органдарға нақты міндеттер жүктегенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт денсаулығына ерекше көңіл бөліп, осы саланы дамытуды айрықша назарда ұстап келеді. Бұл ретте бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балалар спортына басымдық беру маңызды. Мемлекет басшысы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында әр оқушы үшін спорт үйірмелеріне тегін баруды қолжетімді ету міндетін жүктеді. Осы ретте бүгінгі сайыс бұқаралық спортты дамыту және дәріптеу тұрғысынан ерекше мәнге ие. Мұндай бастамалар жас буынның ерік-жігері мен рухын шыңдай түседі», деген Сенат Төрағасы ауыр атлетика және күштік спорт түрлерінен еліміздің ірі додалардағы жетістіктері мол екенін тілге тиек етті.

Сайыстың ашылу рәсіміне Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Ольга Рыпакова және тағы басқа спортшылар мен белгілі тұлғалар қатысты.

Айта кетейік, турнирге елімізден және жақын шет мемлекеттерден 200-ге жуық кәсіби атлет қатысып жатыр. Олар ауыр атлетика, пауэрлифтинг, армрестлинг, кроссфит, мас-рестлинг, гір спорты, армлифтинг, воркаут және стронгмен сайыс түрлері бойынша бақ сынайды.