– Иә, биыл «KEGOC» АҚ-ның құрылғанына ширек ғасыр болды. Осы уақыт ішінде компания еліміздің электр энергиясын тұтынушыларын электр қуатымен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін айтарлықтай жұмыс атқарып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді.
Жалпы алғанда, күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі – электр энергиясына деген жыл сайын өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы жоғары кернеулі желілер мен қосалқы стансаларды жаңғырту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Мысалы, биылғы тамыз айында біз кернеуі 220 кВ «Орталық» жаңа қосалқы стансасын іске қостық. Ол «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасы аясында салынды. Осы энергетика объектісінің қажеттілігі Түркістан энергия торабында соңғы жылдары электр қуатын тұтынудың айтарлықтай өсуінен туындағанын атап өткім келеді.
Бүгінде жаңа қосалқы станса аталған өңірді электрмен жабдықтаудың қосымша орталығына айналды. Осының нәтижесінде жергілікті электр тарату желісін дамыту үшін жағдайлар жасалуда, өңірлік электр желілік инфрақұрылымның қажетті өткізу қабілеті қамтамасыз етілуде.
Ең маңыздысы, «Орталық» қосалқы стансасын қолданысқа енгізе отырып, оған шамамен 180 мегаватт қуатты қосу мүмкіндігі туып отыр. Бұл Түркістан қаласының қазіргі тұтыну көлемінен 3 есе көп.
Біз, сонымен қатар филиалдарымызда, атап айтқанда, Ақтөбе, Батыс және Сарыбай жүйеаралық электр тораптарында 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желілерін (ӘЖ) реконструкциялауды жалғастыру үстіндеміз.
Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалардың қатарында «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі (БЭЖ) Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасы бар. Ол жұмыс істеп тұрған 220 кВ қосалқы стансаларға және жаңа «Қарабатан» тарату пунктіне қоса отырып, ұзындығы 779,7 км 220 кВ «Орал – Правобережная – Индер – Қарабатан – Құлсары – Теңіз» транзитінің екінші тізбегінің электр желілік объектілерін салуды көздейді. Жұмыстар алдағы 2023 жылы аяқталуға тиіс. Жобаны іске асыру республиканың батыс облыстары арасында 220 кВ электр желілерін күшейту есебінен қолданыстағы транзиттік желілердің өткізу қабілетін және Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесі Батыс аймағының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда еліміздің Батыс өңірін Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесімен біріктіру мәселесі өте өзекті болып отыр.
Осы ретте қазіргі уақытта Президент Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында берген тапсырмасын іске асыру – біз үшін аса маңызды міндет. Оның 56-тармағында «елдің энергия жүйесін біріктіруге арналған электр жеткізу желісін салуды аяқтау» қажеттігі атап көрсетілген. «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру. Электр желілік объектілерді салу» жобасын әзірлеуді бастады. Осы жобаны біз 2028 жылы аяқтауымыз керек. Бұл Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-інің негізгі бөлігімен біріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар құрылысы жоспарланып отырған жел және газ генерациясының ірі объектілерінің қуатын беруді де қамтамасыз етеді.
«Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» перспективалы жобасы да маңызды. Ол да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылады және Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының 500-220 кВ электр желілерін күшейту жолымен, оның ішінде Шу – Жамбыл – Шымкент 500 кВ ӘЖ салу арқылы қосалқы стансаларды тиісінше кеңейте отырып, Оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл ретте біз барлық жобаны бюджеттік қаржыландырусыз, өз қаржымыздың есебінен және несие алу арқылы іске асыратынымызды атап өткен жөн. Компанияның беделінің жоғарылығы инвесторлардан, оның ішінде әлемнің жетекші қаржы институттарынан қажетті қаражат алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ қажетті қаражаттың бір бөлігі облигацияларды орналастыру арқылы да алынады. Осы арада мен биыл KEGOC бағалы қағаздарының бұл түрін 2022 жылдың күзінде шыққан «жасыл» облигациялар шығаруға көшу арқылы өзгерткенімізге назар аударғым келеді. Шығарылым көлемі қамтамасыз етілмеген 35 млн купондық облигациялар есебінен 35 млрд теңгені, ал номиналды құны – әрбір данасы үшін 1 мың теңгені құрады. Облигациялар биылғы қараша айында Қазақстан қор биржасында (KASE) орналастырылды. Оларды орналастырудан түскен қаражат компанияның жаңартылатын энергия көздерін энергия теңгеріміне ауқымды тарту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар электр энергиясын жеткізу тиімділігін арттыру үшін қажетті желілік инфрақұрылым құрылысымен байланысты жобаларды іске асыруға бағытталады.
Уақтылы жүргізілген жөндеу-пайдалану жұмыстары, жұмыс істеп тұрған энергия объектілерін жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бізге негізгі өндірістік міндеттеріміз бен мақсаттарымызды табысты орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, биылғы 7 желтоқсанда сағат 10:39-да 16 459 МВт – жүктеме максимумы тіркелді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып саналады. Осындай жоғары жүктеме кезінде Ұлттық электр торабы сенімді, штаттық режімде жұмыс істеді.
Жалпы, алдын-ала есептеулерге сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ тарапынан қызметтердің мынадай көлемі көрсетілетінін айтуға болады: Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы электр энергиясын тасымалдау – 58,4 млрд кВт сағатты; электр энергиясын желіге босату және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтер – 104,3 млрд кВт сағатты; электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілген қызметтер – 203,5 млрд кВт сағатты құрайтын болады.
Осылайша, өндірістік көрсеткіштерді жоспарланған межеге сай қамтамасыз ету компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, біз қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемемізді уақтылы орындаймыз. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, биылғы қыркүйекте KEGOC Халықаралық қайта құру және даму банкінің 46,3 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі қарызын мерзімінен бұрын толықтай өтеді. Бұл жөніндегі шешім валюталық тәуекелді, борыштық жүктемені және шетел валютасындағы қарыздарды өтеу шығындарын азайту мақсатында қабылданды. Еске сала кетейін, аталған қаражат 2010 жылы «Қазақстан ҰЭТ-на кернеуі 500, 220 кВ желілер арқылы қосыла отырып, 500 кВ Алма ҚС салу» инвестициялық жобасын іске асыру үшін өтеудің соңы 2035 жылға белгіленіп, 25 жыл мерзімге тартылған болатын. Яғни біз қарызымызды мерзімінен 13 жыл бұрын толық көлемінде өтедік.
«KEGOC» АҚ-да адамдар – әрқашан басты құндылық, ал қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен тәжірибесі – табысты дамудың кепілі болып саналады. Жоғарыда аталған барлық жетістік – KEGOC қызметкерлерінің ұйымшыл тобының жоғары нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған еңбегінің нәтижесі.
Компанияда кадрлық саясат жүйелі түрде жүзеге асырылады. Ол меритократия қағидаттарына сүйене отырып, маңызды зияткерлік және кәсіби ресурс ретінде кадрлық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған. Сөйтіп, компанияда әр қызметкердің кәсіби өсуі мен жеке дамуына жағдай жасалады.
Кадрлармен жұмыс істеудің тағы бір маңызды қыры – таланттарды ашу. Биылғы қараша айының басында біз компания тарихында алғашқы рет «KEGOC» АҚ өндірістік филиалдарының келешегінен үміт күттіретін жастар өкілдерімен кездесу ұйымдастырдық. Ол екі күндік форум форматында өтіп, бағдарламасында бизнес-тренинг, зияткерлік ойын, өндірістік қауіпсіздік, қаржылық сауаттылық және компанияның технологиялық даму жобалары бойынша оқыту ақпараттық сессиялары болды. Қызметкерлер мен компания басшылығы арасында өзара тығыз қарым-қатынас қалыптастырудың бұл нысаны, бір жағынан, жас энергетиктерге өздерінің кәсіби қасиеттерін ашуға, көшбасшылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, алдағы уақытта компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қызмет ете алатын болашағы зор қызметкерлерді анықтауға ықпал етеді.
Кадрлық даму аясындағы тағы бір маңызды мәселе – кадр резервінде тұрған орта және жоғары буын басшылары үшін қосымша білім алуға жағдай жасау.
Тұтастай алғанда, компанияда персоналды әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілу үстінде. Ақпан айында қызметкерлердің барлық санатының жалақысы көтерілді және компанияның мерейтойы мен Республика күні Ұлттық мерекесіне орай біржолғы сыйақы төленді.
Сонымен қатар қызметкерлер өмірінде болатын әртүрлі жағдайлар мен оқиғаларды ескере отырып, Ұжымдық шартқа баланың дүниеге келуі, некеге тұру, мерейтойлар, отбасы мүшелеріне күтім жасау және т. б. отбасылық жағдайлар бойынша қосымша төлемдер мен ақылы демалыстар қарастырылған өзгерістер енгізілді.
Біз алдағы уақытта да қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту жұмысын жалғастыра беретінімізді және 2023 жылдан бастап тағы да бірқатар іс-шара жоспарланғанын қуана хабарлағым келеді.
Атап айтқанда, 2023 жылғы қаңтардан бастап қызметкерлердің барлық санатының жалақысы орта есеппен 15%-ға көтерілсе, 2024-2025 жылдар кезеңінде тоқсандық сыйақы мөлшері кезең-кезеңімен 0,5-тен 1 лауазымдық жалақыға дейін өсіріледі. Ал 2026 жылы жылдық сыйақы мөлшерін екі жалақыға дейін жеткізу межеленген.
Бұдан басқа, келесі жылдың басынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша жетекші медициналық орталықтардың қызметтерін қамтитын ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасы қайтадан іске асырылмақшы.
Компания үшін қымбат қызметкерлерді ынталандыруды арттыру мақсатында қосымша шара ретінде жеңілдікпен берілетін несие бағдарламасын іске қосамыз. Оны біз серіктес банкпен ынтымақтастықта жүзеге асырамыз. Бұл бағдарламаның міндеті – жоғары білікті кадрларға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру арқылы олардың компанияда ұзақ мерзімде қызмет етуіне жағдай жасау.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекемізбен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келеді.
Сонымен қатар қазақстандықтарды алдағы жылы да «KEGOC» АҚ ҰЭТ-ның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына, ал Жүйелік оператор ретінде Қазақстан Республикасы БЭЖ-нің жұмыс істеу сенімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететініне сендіргім келеді, деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев.
Дайындаған
Мерген КӨЛДЕЙ