Қоғам • 23 Желтоқсан, 2022

Жылу желілерін бақылау маңызды

1137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл мұнайлы Атырау облы­сын­да жылыту маусымына дайын­дыққа 3 млрд теңге бөлінген. Алай­да соған қарамастан, энергетика саласында қордаланған түйін әлі де көп. Мұны «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, бас­қан жері сықырлап келіп қал­ды» деп дана Абай айтқан қыс қа­һарына әлі міне қоймаған шақ­та тұрғындардың жылусыз қа­луынан байқауға болады. Ал жылу электр орталығын бас­қарып отырған басшылар, әкім­діктердің коммуналдық сала­ға жауапты мамандары «Қыс ша­наңды жаз сайла» деген қағиданы ұстан­байтын секілді.

Жылу желілерін бақылау маңызды

Бұған нақты дәлелді жылуға қа­тыс­ты проблемамен байланыс­ты ай­ту­ға болады. Мәселен, 6 желтоқ­сан­­ға қараған түні мұнайлы шаһар­дың «Нұрсая» шағын ауданында көп­қабатты 9 тұрғын үй бірнеше са­ғат жылусыз қалды. Оған жылу қа­зан­дығының істен шыққаны себеп бол­ған. Сол себептен тұрғын үйлердегі пәтерлерге жылу беру тоқтатылған. Об­лыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, пәтерлердегі жылу желісінің технология бойынша қарастырылмаған кез келген өзгерісі көпқабатты тұрғын үйді жылытуға кері әсер етеді. Мұны тұрғындар да, тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің басшылығы да ескермейді. Тіпті жылу беру үшін диагностиканы мерзімінде жүргізбегені анықталған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Айдулат Кенже­бековтің айтуынша, биыл тұрғындар тара­пынан 130 шағым түскен. Әсі­ре­се Атырау қаласының «Нұрсая» ша­ғын ауданындағы көпқабатты 39, бас­қару органы анықталмаған 336 үй­дің тұрғындары жиі шағымданады. Биылғы 12 қазанда «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да қуаты 100 МВт құрайтын №12 турбоагрегаттың жұмысы тоқтатылған. Аталған турбоагрегат 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізілгенін ескерсек, бұл істе нем­құрайлық аңғарылады.

– Алайда бұл турбоагрегатты қал­пына келтіру жұмыстарын 2023 жыл­дың 30 қаңтарына дейін аяқтау жос­парланып отыр. Жалпы, стансаның бел­гіленген электр қуаты 474 МВт-ты құрайды. Ал қазіргі жағдайы бойынша нақты өндірілген көлем – 186 МВт. Стансаның негізгі қондырғыларын­да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыста­ры уақтылы аяқталмаса, жылу беру маусымының тұрақты өтуіне қауіп төну ықтималдығы жоғарылай­ды. «Аты­рауЖылуЖүйелері» АҚ-ның мен­ші­гінде жылу желілерінің тозу деңгейі 68 пайызды құрайтын 426,7 шақырым жылу желілері бар. Инвестициялық бағдарлама аясында жыл сайын 13-20 шақырым желіге жөндеу жүргізіледі. Бірақ бұл 50 жылдан бері қалыптасқан жылу желілерінің тозу деңгейін азайтпай отыр. Бұл желілерді толықтай жөн­деуден өткізу үшін жыл сайын 70 шақы­рым жылу желісін ауыстыру қажет, – деп мәлім етті Айдулат Кенжебеков.

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауидың мәліметіне сүйенсек, тозығы жетіп тұрған жеке жылу қазандықтары бар. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылу және ыстық су желілерінің қуатын арттыру үшін қосалқы 3 жылу қазандығын сатып алуға ашық электрондық конкурс жарияланып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталған. Мердігер мекемемен келісімшарт негізінде 1 жылу қазандығы «Тұлпар» шағын ауданына қойылған. Бұл қазандық 8 көпқабатты үйді қамтиды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының баяулығына байла­ныс­ты 2 жылу қазандығы кеш жеткізі­­ліп­ті. Қазір 2 жылу қазандығын мон­таждау жұмыстары басталды. Екі жылу қазандығы «Нұрсая», «Болашақ» шағын аудандарындағы 13 үйді қамтитыны көзделіп отыр. Ал «Нұрсая» шағын ауда­нында жылу қазандығының жоқты­ғы­нан жылумен қамтуда қиындық туын­даған. Мердігер мекеме резервтегі жылу қазандығын орнатып, іске қосады.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов те жеке жылу қазандығы бар тұрғын үй кешендерінің тұрғындарынан арыз-шағымдар көп түсетінін жасырмайды. Тұрғындар үйдің салқындығын айтып, базынасын жеткізеді. Сол себептен, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жылыту маусымындағы түйткілді мәселелерді шешу үшін арнайы бағдарлама дайындауы қажет.

– Біз әріптестеріміздің «Әлеуметтік нысандардағы резервтік жылу қазан­дығы тексерілді, жылу беру маусымына дайын» деген сөзіне сеніп келдік. Қаланың аумағында әр салаға бөлініп, әркім өз бетімен жұмыс істейді. Сонда қала әкімінің функционалдық міндеті қандай болмақ? Қала әкімі барлық іске бақылауды күшейтуі керек. Әр мекеме өз жұмысымен тиісті деңгейде айналысуға тиіс. Егер әріптестер ара­сынан жұмысына немқұрайды қара­ғандар болса, онда дереу шарасын алу қажет, – дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің пікіріне қарағанда, жылумен қамту, жалпы коммуналдық са­лада «бөліп алу» деген қағида болмауы керек. «Мынаған пәтер иелері коо­перативі, басқасына «Атырау-Жарық», не «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ, жеке жылу қазандықтары бары өз алдына жауап береді» деп бөлуге болмайды.

– Тұрғындардың арыз-шағымына атүсті қарауға болмайды. Олардың тиіс­ті деңгейде сапалы қызмет алуға құқығы бар. Оны біз қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір ең бірінші кезектегі мәселе – жылыту маусымының қиындықсыз өтуін қамтамасыз ету, – деді С.Шәпкенов.

Мұнайлы өңірді электр энер­гиясымен, облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін Атырау жылу электр орталығы 1963 жылы іске қосылған. Кәсіпорынның қуаты 474 МВт электр және 798 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіруге жетеді. Орталықта 11 турбоагрегат, 14 жылу қазандығы және бір газтурбиналы қондырғы бар. Сонымен қатар кәсіпорында сағатына 103 Гкал өндіретін үш фин жылу қазандығы жұмыс істейді. Финляндияда жасал­ған қазандықтар – Атырау қаласы­ның оң жағалау бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ете­тін Атырау жылу электр орталығының құрамдас бөліктерінің бірі. Оның өндірістік қуаты – 120 МВт (103 Гкал). Әрқайсысының қуаты 40 МВт-ты құрайтын үш жылу қазандығы 1995 жылы пайдалануға берілген.

2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында тұрақты жұмысты қам­тамасыз ету бойынша жоспарлы іс-шаралар аясында кәсіпорында №2, №9 және №11 жылу агрегаттары, №9 турбоагрегаты толық күрделі жөндеу­ден өткізілген. Мәселен, қараша­ның соңына дейін №5 турбоагрегатын жөндеу жоспарланған. Алайда оны аяқтау желтоқсан айының соңына де­йін ұзартылып отыр. Ал 2021-2024 жыл­дарға арналған инвестициялық бағ­дарламаға сәйкес қуаты 130 МВт жаңа турбоагрегатты ауыстыру және орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар №13 (65 МВт) және №6 (65 МВт) турбоагрегаттарын ауыс­тыру жұмыстары қолға алынды. Осын­дағы №6 турбоагрегат жұмыстарын аяқ­тау 2024 жылдың желтоқсан айына ­жоспарланыпты.

Атырау жылу электр орталығы­ның негізгі отын түрі – табиғи газ. Апат­тық жағдайда мазутты қолданады. Қазір кәсіпорында осы мақсат үшін 3 819,7 тонна мазут қоры бар.

 

Атырау облысы