Парламент • 23 Желтоқсан, 2022

Ірі қалаға іргелес мекендерді дамыту жоспары

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заң жобасын қабылдады, Сенат регламентіне өзгеріс пен толықтыру енгізді.

Ірі қалаға іргелес мекендерді дамыту жоспары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жол­да­уында еліміздің институционалдық негізін нығайту үшін Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру міндетін жүктегені белгілі. Соған байланысты Конституцияға және Парламенттің жалпы регламентіне өзгеріс енгізілді. Осыған орай Палата отырысының күн тәртібінде Сенат регламентіне тиісті толықтыру енгізу мәселесі қаралды.

Сонымен қатар сенаторлар «Агломе­ра­цияларды дамыту туралы» және «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне агломерация­ларды дамыту мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарап, қабылдады. Бұл заңдар агломерацияларды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті құқықтық, институционалдық орта қалыптастыруға арналған.

«Қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудан­дар арасында экономикалық, қар­жылық және адами әлеуеттерде бел­гілі бір теңсіздік бар. Теңсіздіктің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оған іргелес аумақтарда х­а­лық санының бақылаусыз өсуі. Мә­селен, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59%-ға, Алматыда халық саны 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір ұлғайды. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есеге өсті», деді құжат жөнінде баян­дама жасаған Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров.

Салаға жауапты министрдің сөзіне сүйенсек, ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проб­лема тудырып отыр. Мәселен, инфра­құ­рылымға жүктеме артқан. Қаланың шет аймағында бей-берекет құрылыс са­лынады. Жоспарлау жобалары егжей-тегжей емес. Ыңғайлы көлік жүйесі жоқ. Инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік, тағы басқа нысандар тапшы.

«Аумақтардың үйлестірілмеген да­муы­ның негізгі себептерінің бірі – аг­ло­мерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы. Осыған орай, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр. Бір айта кететін жайт, әлемде Ұлыбритания, Фран­ция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Гер­ма­ния, Испания және Италия сияқты федеративті мемлекеттерде де қалалық агломерациялардың дамуын реттейтін арнайы заңдар бар.

Осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеуге Мемлекет басшысының бір­қатар тапсырмасы негіз болды. Мем­лекет басшысы 2021 жылғы 1 қыр­­күйектегі Қазақстан халқына Жол­да­уын­да «Агломерацияларды дамыту тура­лы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Оның үстіне, Президент биылғы 5 мамырдағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдауды міндеттеді. Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерий енгізілген. Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады.

«Елді мекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары министрліктің бұй­рығымен бекітіледі. Осы орайда, агло­мерацияларды айқындаудың негіз­гі критерийі ретінде мыналар танылады: орталық қаланың әкімшілік мәрте­бесі, демографиялық сыйымдылық, логис­ти­ка­лық және экономикалық әлеует.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, мүмкін, тағы басқа облыс орта­лықтары да айқындалады. Құжат арқылы агломерацияларды басқарудың жаңа үлгісі енгізіледі.

Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді.

Жергілікті кеңес құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді», деді Ә.Қуантыров.

Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын жасайды. Оны қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтиды. Өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы кон­сультативтік-кеңесші орган – Агло­мерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.

«Негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация ке­ңе­сін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жос­парын әзірлейді.

Бұдан басқа, орталық қалалардың жер­­­гілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қыз­­метін үйлестіреді, Бас жоспар жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемле­кеттік норма­тив­­тердің жобаларына келі­сім береді», деді Ә.Қуантыров.

Жаңа нормалардың маңызына тоқ­талған Сенат төрағасы бұл заңдар Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданып отырғанын атап өтті.

«Осы заң арқылы елді мекендерді агло­ме­рацияға жатқызудың өлшем­шарттары, Үкі­меттің, уәкілетті және жергілікті ор­­ган­дардың өкілеттіктері бекітіледі. Сондай-ақ бес жылдық кезеңге әзірленетін агломерацияларды дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Жаңа нормалар халықты қоныстандыру және өн­ді­­рістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженерлік, кө­лік­­тік, әлеу­меттік инфрақұрылымды тиімді пай­далануға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі агломерацияға жататын елді­­ мекендер­де өмір сүру деңгейін жақ­сар­туға ықпал етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Өсім­діктер дүниесі туралы» және «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қа­былдады. Бұл құжаттар өсімдіктер дү­ниесін қорғау, қалпына келтіру және пай­далану саласындағы қоғамдық қаты­настарды реттеуге бағытталған.

Сондай-ақ палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Дүйсенғазы Мусин еліміздің балық шаруашылығы қорының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Каспий итбалығының популяциясын сақтау және саланың басқа да өзекті мәселелерін шешу жөніндегі шараларды ұсынды.

Айгүл Қапбарова орман шаруашы­лық­тарының материалдық-техникалық базасының нашар жабдықталуына назар аударды. Мұндай жағдай орман­шы­ларға өртпен тиімді күресуге айтар­лық­тай кедергі келтіреді. Депутат орман­шы­лардың жалақысы төмен екенін де тілге тиек етіп, оны екі есеге өсіру қажет еке­нін айтты.