07 Маусым, 2014

Алыстағы ауыл ағын суға қашан қарық болады?

587 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
агын су Асқан жанашырлықпен, үнеммен пайдаланбаса судың да сұрауы бар екенін соңғы жылдары жақсы түсіне бастағандаймыз. Баяғыдай «су – тегін» дейтін заман жоқ. Жамбыл жері негізінен көрші Қырғызстан елінен басталатын өзендердің арқасында ағын суын айырып отыр. Былтырғы жылы айыр қалпақты ағайындар аздаған бөлігі шекараның арғы бетінен өтетін «Көксай» каналын жауып тастап, жуалылық диқандарды ыстық күнде ағын сусыз қалдырып, әжептәуір шулатқаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Әрине, бастаудың басында кім отырса, суға соның билігі жүретіні рас. Әйтсе де, көзін тапса, арықтағы аз суды еппен, есеппен пайдаланып, суармалы жерлердің көлемін көбейтуге мүмкіндік мол екен. Өткен жылы Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 2,9 мың гектарға енгізілсе, биыл оның көлемін 5,1 мың гектарға арттыру көзделіп отыр. Шу ауданы – облыс өңірінде көрші мемлекеттің су көздеріне бағынышты емес бірден-бір аймақ болып табылады. Бұл ауданда Тасөткел су қоймасы орналасқан. Қазір Шуда – 245 гектар, Қордай ауданында 50 гектар жерді суландыру үшін шетелдік заманауи технологиялар енгізілді. Облыста ирригациялық жүйе мен суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама қабылданған. Ол жүзеге асқанда су үнемдеу технологиясын қолдану 2020 жылға дейін 34,5 мың гектарға жетіп, суармалы жер көлемі 214 мың, ал, 2030 жылы 244 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Осы бағдарламаның арқасында бір ғана Шу ауданында қосымша 20 мың гектар суармалы жерлерді іске қосу көзделіп отыр. Таразға тіптен жақын орналасқандықтан тіршілігі біте қайнасып, ауылдары мидай араласып кеткен Байзақ ауданының да бұл саладағы басты мәселелерінің бірі – ағын судың тапшылығы. Аудан диқандарына ағын су жеткізіп беру қызметімен «Базарбай» КМК мен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының «Талас» өндірістік бөлімшесі айналысады. «Базарбай» 106 қожалықтың 21 889 гектар жерін суландырып отыр. Әйтсе де, шаруалар су бағасының өздеріне жеткенше екі-үш қолдан өтіп, аспандап кететінін айтып қалды. Нақтырақ айтқанда, арық жағалай орналасқан «Қазсушар», «Базарбай», одан ауылдық су тұтынушылар кооперативі, бәрі-бәрі өз бағасын қосып, бір текше метрі 8 теңгеден басталған су құны аяғына барғанша 20 теңгеге жетіп жығылады екен. Оның үстіне су арналарының жағдайы қиын. Осы Байзақ ауданындағы 463,9 шақырым ішкі су арналарының 250-300 шақырымы көптеген жылдардан бері тазаланбағандықтан, су өткізгіштік қабілеті тым төмен. Басынан аққан су  аяғына жеткенше үлкен ысырапқа ұшырайды. Әрине, осыдан кейін нағыз керек уақытта нақты су көлемін ала алмаған дихан пұшайман болады. 2013 жылы су шаруашылығы нысандарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 92 млн. теңге бөлініп, біраз арналар бүтінделіп те қалды. Алайда, биыл бұл жұмысқа небәрі 7 млн. теңге ғана қарастырылыпты. Өйткені, көп каналдардың құжаттары дұрыс емес. Кейбірі иесіз жатыр. Қожайыны жоқ арналарға қаржы қарастыру тіптен мүмкін емес. Ал, осы тірліктің бәрін жөнге келтіруге аудан бюджетінің шамасы келмейді. Әйтсе де, бір кездері қолмен қазылған осынау каналдардың енді техниканың дамыған заманында бітеліп жатуы ақылға сыймайды. Дегенмен де, біздің диқан қауымның әлі де тым бейғам, дайынға тап болғыш, ортақ тірлікте ұйымдасып, күш біріктіре алмай жатқанын, ал, аудан басшыларының осы іске ұйытқы бола алмай жүргенін жасыруға болмас. Содан болар байзақтықтар суды үнемдеу технологиясына шындап ден қоюда. «Өткен жылы 193 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 400 гектарға жеткізу көзделуде. Ал, «Талап» шаруа қожалығы Шымырбай учаскесіндегі 800 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісін енгізгелі жатыр», дейді бұл жөнінде Байзақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Болат Сағымбеков. Бұл шаруашылық басшылары кешегі Кеңес Одағының «көзі» болып тұрған осы маңдағы 12 құдықтың басына электр желісін тартып, трансформаторлар орнату үшін облыс әкімінен көмек сұрады. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл жобаға қолдау көрсететінін жеткізді. Сонда шаруашылық 250 гектар қант қызылшасы, 250 гектар дәндік жүгері, 300 гектарға бидай егіп, мол өнімнің арқасында қарыздан 2-3 жылда құтылатын болады. Міне, қойнауында Талас, Шу, Аса және тағы да басқа өзендер арқырап ағып жатқан Жамбыл жерін суландыру жұмысы осылай жүріп жатыр. Қолға алған, ойға алған істің нәтижесін уақыт көрсетеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.