Медицина • 23 Желтоқсан, 2022

Елімізде балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық ашылады

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық пайда болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық ашылады

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда 2024 жылға дейінгі балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру бойынша жол картасы бекітілген.

«Елімізде жылына орта есеппен онкологиялық ауруы бар 500-600 бала анықталады. Оның 41 пайызы жедел лейкемиямен, 14 пайызы орталық жүйке жүйесінің ісіктерімен, 9 пайызы жұмсақ тіндердің саркомаларымен және басқа аурулармен ауырады. 1-2 сатыдағы балаларда онкологияның анықталуы 38 пайызды құрады. Жас құрылымында 33 пайызы - 3 пен 10 жас аралығындағы балалар. Барлығы әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулары бар 3833 бала динамикалық бақылауға алынған, оның ішінде 968 пациент амбулаториялық жолмен арнайы патогенетикалық терапия алуды жалғастырып жатыр», деді Вячеслав Дудник ОКҚ брифингінде.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық заманауи әдістері енгізілген.

Соңғы бес жыл ішінде 335 балаға гемопоэтикалық дің жасушалары трансплантацияланды, оның 49-ы биыл жасалды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар әзірледі. 2025 жылға дейін балалар онкологиялық ауруханаларының материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және осы қызмет мамандарының біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ Қазақстанда балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталық құру жоспарлануда», деп толықтырды спикер.