Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2022

Гвардейск гарнизонының әскери қызметшілеріне пәтер кілті табысталды

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңажылдық мерекелер қарсаңында Гвардейск қала типтес кентіндегі күрделі жөндеуден өткен 52 үй пайдалануға берілді. Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Гвардейск гарнизонының әскери қызметшілеріне пәтер кілті табысталды

Қоныстой иелерін құттықтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Ержан Мейірманов, ҚРҚК Әскери инфрақұрылым бас басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы запастағы полковник Бағыт Керімбаев, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Еділ-Жайық» ЖШС-нің басшылығы қатысты.

– Мемлекет басшылығы, Қорғаныс министрі әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде бірінші кезекте әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге зор көңіл бөліп келеді. Сол себепті жаңа жыл мерекесіне дейін тұрғын үйді пайдалануға беруге күш салынды. Сіздерді қоныстоймен құттықтаймын! Үйлеріңіз жылы, еңбектеріңіз жемісті, отбасыларыңыз аман болсын, – деді генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.

Әскери қызметшілердің өздері атап өткендей, бүгінгі оқиға олар үшін алдағы уақытта да үлгілі қызмет етуге ынталандыру болмақ.

– Біздің отбасымыз үшін бұл ерекше оқиға болып отыр. Біз жаңа пәтердің кілтін алдық. Басшылықтың қамқорлығы үшін көп рақмет. Туыстарымыз да қуанып жатыр, – деді инженерлік-саперлік полктің әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Бауыржан Өтебалы.