Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2022

Маңғыстау облысында құс тұмауы тіркелді

599 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде, Қаракөл көлінің жағасында аққулардың жаппай қырылуы анықталды.  Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Маңғыстау облысында құс тұмауы тіркелді

Ведомство хсбарлағандай, қажетті сынамалар алынып, «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық» РМК-ға жіберілді.  2022 жылғы 21 желтоқсанда (№ 1-S23R-14/B-18-05) өлген құстардан құс тұмауына алынған патологиялық материалдары оң нәтиже нәтиже көрсетті.

Комитет шұғыл шараларды жүргізу және үй құстарының арасында инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында  республикалық қордан қауіп төнген аймақтардағы барлық үй  құстарын вакцинациялау үшін 18 644 доза вакцина бөлді. Сондай-ақ өңірге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың мамандары жұмылдырылды.

«Жергілікті атқарушы органдар  жоғары патогенді құс тұмауы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілер, ветеринариялық дәрігерлер, аңшылар, қорықшылар, тұрғындар және басқа да мүдделі тұлғалардың  (құстары бар) арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Құс фабрикалары жабайы және синантропты құстардың жем-су қоймалары мен құстарды ұстайтын ғимараттарға жақындауына жол бермеу үшін  ветеринариялық іс-шараларды күшейтеді», делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда республикада үй құстары арасындағы құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Биыл Қазақстан аумағында 14930180 бас үй құсына құстардың жоғары патогенді тұмауына қарсы  вакцинация жүргізу жоспарланған.