Елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәртебесі бұйырған сәттен-ақ оған әзірліктің бірден басталып кеткені аян. Соның ішінде логотип таңдау, болашақ көрменің архитектурасының нобайын жасау сынды жұмыстар халықаралық деңгейдегі байқаулардың нәтижесінде іске асты. Мысалы, былтыр логотип таңдау барысында отандық және әлемдік дизайнерлер 56 түрлі жұмыс ұсынған болатын. Соның ішінде жасыл, көгілдір, қызғылт сары түстерді көркемдік шешіммен біріктірген «Жел энергиясы» жобасы ЭКСПО-2017 көрмесінің логотипі боп бекітілді. Жуырда «Астана ЭКСПО-2017» акционерлік қоғамы көрменің талисманына (маскот) байқау жариялады. Осы байқаудың барысы туралы акционерлік қоғамның Маркетинг және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әсел ҚОЖАҚОВАҒА жолығып сұрақтар қойғанбыз.
– Әсел ханым, сіздердің сайттарыңыздан акционерлік қоғамның Маскот жоба-дизайнына байқау жарияланғанын байқап қалдық. Байқаудың қандай ерекше шарттары бар?
– Иә, мамыр айының 20-сы мен маусымның 20-сына дейінгі аралықта үміткерлер байқауға өз жобаларын үкілеп қоса алады. Маскот дегенді кейбіреулер ұқпай қалып жатыр. Бұл кәдімгі талисман. Ол біріншіден, «Болашақтың энергиясы» атты көрменің тақырыбын айшықтап тұруы әрі бір көрген адам Астанада өтетін көрмеге қатысты талисман екенін танып алатындай болуы керек. Екіншіден, көрме өткізетін ел мәдениетінің ерекшелігі ескерілуі тиіс. «Көрме өткізетін ел» деп отырған себебіміз байқауға отандық дизайнерлер ғана қатыспайды. Алыс-жақын шетел дизайнерлері мен өзіміздің дизайнерлер қатысып, олардың жобалары сарапқа салынады. Үшіншіден, талисманда біздің логотиптің жасыл, көгілдір және қызғылт сары түстері көрініс беруі тиіс. Талисман жансыз зат болуы да, жанды зат болуы да мүмкін. Мысалы, өз елімізде өткен Азиаданың талисманы Ирби барысы болса, Универсиада үшін сұңқар таңдап алынды. Жалпы, кейбір елдерде белгілі бір үлкен шаралардың талисманы адам кейпінде де көрініс береді. Біз бұл тұрғыда дизайнерлерге нақты бір шектеулер қойып отырғанымыз жоқ. Олар жобаларын шығармашылық еркіндікпен ұсына алады. Бастысы ол жобалар бірегей әрі қайталанбайтын, яғни, түсініктірек айтсақ, осыған дейін оны ешкім пайдаланбаған болуы шарт. Сондықтан оның жауапкершілігін жоба авторы өз мойнына алады. Ал халықтық дауыспен бір жоба-талисман таңдап алынған соң оның авторлық құқығы біздің акционерлік қоғамға өтеді.
– Байқаудың халықаралық дәрежеде екенін атап өттіңіз. Енді осыны таратыңқырап берсеңіз. Бұны халықаралық деңгейде жасаудың сыры неде? Отандық дизайнерлердің көрме талисманын жасап шығаруға қауқары жетпей ме?
– Отандық дизайнерлердің шеберліктеріне біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Мақсатымыз – 2017 жылы өтетін көрмеге қызығушылардың санын арттыру. Оның ішінде дизайнерлерді тарту. Біз ешкімнің өнеріне шектеу қоймаймыз. Кәсіби дизайнерлер, тіпті, сол мамандыққа оқып жатқан студенттер де қатыссын, бағын сынасын. Бұл жерде бір автордың бағы жанатыны белгілі. 20 маусымнан соң Үкімет басшысының төрағалығымен мемлекеттік комиссия жобаларды сарапқа салып, жеті жобаны таңдап алады. Ал ең шешуші дауыс халықта. Біз арнайы веб-сайт жасайтын боламыз. Сонда тұтас әлем халқы дауыс береді. Дауыс беру онлайн режімінде жүргізілмек. Яғни, дауыс беру ашық түрде өтеді, бәрі көрініп тұрады. Сайтқа қосымша дауыс берудің ұтқыр (мобильді) түрін де жасаймыз. Сосын тамыз айының соңында шешім шығады да, жеңімпаз анықталады.
– Осы күнге дейін қанша жұмыс түсті? Олардың арасында шетелдіктер бар ма? Жеңімпаз жобаның авторымен келісімшарттар жасала ма?
– Қазіргі таңда қоржынымызда оншақты жоба бар. Олардың ішінде израильдік жобалардың да бар екенін атап өтуге болады. Түрлі тұжырымдамалар көрініс тапқан қызық жұмыстар ұсынылған. Әлі талай жұмыстар ұсынылады деп ойлаймыз. Ал жеңімпаз жобаның авторымен акционерлік қоғам келісімшарт жасайтын болады. Ол өзі жасаған талисманның брендбугын, яғни, жасалу жолдарын, фирмалық түсін, оны пайдалану ережелерін тұтас суреттеп, компания атына өткізеді. Бұл өз кезегінде фирманың меншігіне айналып, әрі қарай акционерлік қоғамның фирмалық стилін де бейнелеуі мүмкін.
– Талисман отандық тауар айналымына шығарыла ма?
– Әрине. Бұл талисман кейін де түрлі формада қолданыла береді деп ойлаймыз. Мысалы ойыншықтар, кәдесыйлар түрінде көрініс беруі мүмкін. Ол біздің демеушілерімізге, әріптестерімізге де сатыла бастайды. Жалпы айтқанда, логотип пен талисманның айналасында тұтас саясат бар екенін айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».