Қоғам • 26 Желтоқсан, 2022

Заңсыз пиротехникалық бұйымдарды сату фактілері анықталды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошевтің айтуынша, полиция қызметкерлері саудагерлерден 1850 данадан астам сертификатталмаған пиротехникалық өнімді тәркілеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заңсыз пиротехникалық бұйымдарды сату фактілері анықталды

Оның айтуынша, жаңа жылдық мерекелер қарсаңында елімізде «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Оның мақсаты - базарларда сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтау және олардың жолын кесу.

«26 желтоқсанда республика бойынша құрылған мобильді топтар базарларды, дүкендерді және басқа сауда орындарын, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаудың заңдылығын тексеру бойынша 400-ге жуық рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» бойынша пиротехникалық бұйымдарды заңсыз өткізудің 75 фактісі анықталды. Баптың санкциясында 25 АЕК немесе 76 575 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бұзушылардан 1850 данадан астам сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді», деді Әміржан Байғошев.

Мәселен, елордалық сауда үйлерінің бірінің іргелес аумағында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісі анықталып, 97 дана заңсыз өнім тәркіленді. Сатушыға қатысты 196-бап бойынша әкімшілік хаттама жасалып, айыппұл салынды.