Елорда • 26 Желтоқсан, 2022

Астанада қала әкімінің шыршасы өтті

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында қала әкімінің атынан «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман» атты жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Биыл Астананың бүлдіршіндері үшін қысқы мереке Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған балалар жылы аясында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада қала әкімінің шыршасы өтті

Биылғы жаңажылдық кешке 300 бала қатысты. Оларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

«Әрбір бала жаңа жыл мерекесі қарсаңында тылсым бір ғажайыпты, ертегідей сиқырды күтеді. Осыған орай қала әкімінің атынан ертегі кейіпкерлері, музыкалық нөмірлері мен сыйлықтары бар концерт ұйымдастырылды. Осы мерекемен біз жетім балаларды, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен дарынды балаларды қамтуға тырыстық», деді Есет Байкен.

Айта кету керек, биылғы шырша мерекесі заманауи технологияларды қолдана отырып, музыкалық-интерактивті шоу-спектакль форматында өтті. Іс-шара түрлі заттармен безендіріліп, түрлендіре отырып, ойын-сауық арнайы эффектілермен және лазерлік шоумен сүйемелденді. Сондай-ақ фотоға түсуге болатын арнайы орын ұйымдастырылды.

«Ұлым шырша мерекесін қатты күтті. Костюмін бірнеше рет ауыстырып, өзіне сыйлық беріле ме екенін сұрады. Бүгінгі кеш көңілімізден шықты, тек аниматорлармен ойындар болады деп ойлаған едім, әрі қарай кәсіби бишілермен, тіпті опера әншісінің қатысуымен концертке ұласты. Балам көптен күткен мерекенің көңілді өткеніне риза», деп бөлісті елорда тұрғыны Тоғжан Сыздықова.

Іс-шара соңында балаларға киімдер, тәттілер, спорттық рюкзактар сатып алу үшін сыйлық сертификаттары тапсырылды. Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімдіктерінде елорданың бүлдіршіндері үшін шырша мерекесі өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда елордада Мемлекет басшысының атынан шырша мерекесі өткізілген болатын. Мерекеге жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, дарынды және оқуда, спортта, шығармашылықта және т.б. жетістіктерге жеткен 200 бала шақырылды.