Экономика • 27 Желтоқсан, 2022

Мұнай нарығындағы монополия

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер қойнауын пайдаланушылар Энергетика министрлігінің ішкі нарықта шикі мұнайдың барлық өндірілген көлемін сату үшін бірыңғай оператор құру бастамасына қарсы шығып жатыр. Кәсіпкерлер аталған мәселе бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Мұнай нарығындағы монополия

2023 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» және «Petrosun» компаниялары отандық мұ­най өңдеу зауытына алыс қашықтықтағы мұнайдың жалғыз жеткізушісі бола алатыны хабарланған болатын. Кәсіпкерлер ведомство жариялаған бастама салдары мұнай сатып алуды монополияландыруға, сондай-ақ шикізат бағасының төмендеуіне әрі нарыққа қатысушылар үшін қаржылық шығындарға әкелетініне сенімді. Бұған қоса бұл ұсыныс Мемлекет басшысының бизнес-қоғамдас­тық өкілдерімен кездесуінде экономиканы монополиясыздандыру және нарықтарды ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы мәлімдемесіне қайшы келеді.

– Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» бен «Petrosun» қатысуынсыз жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өңдеген өнім үлесі қорлардың шағын және орташа көлемімен 15-20 пайызды құрайды. Оның ішінде мұнай өнімдері нарығының бағасына қандай да бір әсер ете алмайтын сұранысқа ие түрлері АИ-92 және дизель отыны да бар, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базалық салалар және экология департаментінің басқарушы директоры Дінмұхаммед Құдайбергенов.

Бастама аясында «ҚазМұнайГаз» тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдардан мұнай тоннасын 50 пайыз жеңілдікпен 80-90 мың теңгеге сатып алуды жоспарлап отыр.

– Өндіру көлемі шағын тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдар шикі мұнайды «Қаз­МұнайГаз», «Petrosun» және мұнай өңдеу зауыты арқылы нарық бағасынан 1,5-2 есе төмен бағаға өткізуді орынсыз деп санайды. Бұл жайт нарық қағидаттарына түбегейлі қайшы әрі бәсекелік ортаны толығымен жоя­ды. Үш кәсіпорын мұнай сатып алу және оны жөнелту кезінде «ҚазМұнайГазбен» баға саясатын қандай да бір жолмен үйлестіретін болады», – дейді сарапшы.

Кәсіпкерлер мәселені қайта қарап, «Қаз­МұнайГаз», «Petrosun» және мұнай өңдеу зауы­ты тарапынан мұнай сатып алуға және мұнай өнім­дерін сатуға монополияға заң жүзінде тыйым салуды сұрайды. Сонымен қатар тәуелсіз мұ­най өндіруші ұйымдарға өз мұнайын өзі немесе өзінің еншілес құрылымдары арқылы өң­деуге рұқсат беруді талап етіп отыр.

Палата мамандары мұнай өндірушілерді қолдайды әрі бағаларды реттеуде шешімді шаралар қажет екенімен келісіп отыр. Бұл өз кезегінде ЕАЭО бірыңғай нарығы іске қо­сылғанша әділ нарықтық бағаның алдын ала қалыптасуына алып келеді. Жаңа форматқа ауысуды жеңілдету және әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін азайту мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін шығыстарды өтеу механизмдерін қолдану қажет.

– Баға мәселесін шешудің бір жолы – тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдар үшін мұнай және мұнай өнімдерінің аукциондық сауда-саттық механизмдерін әзірлеу әрі енгізу. Бұл механизмдер шағын өңдеушілерге, соның ішінде барлау, бірлескен барлау және мұнай өндіру кезеңдерінде жұмыс істейтін компаниялар үшін өз мұнайын нарықтық жағдайда өткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті палата мамандары.