Саясат • 27 Желтоқсан, 2022

Жастарды қолдау – болашақты ойлау

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл – жас­тарды қолдауға бағытталған маңызды құжат. Өйткені жастар – ел дамуы мен болашағының стратегиялық ресурсы.

Жастарды қолдау – болашақты ойлау

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуын, білім алуын, кәсіби біліктілікті арттыруын, физикалық тұрғыдан толық­қанды дамуын, құқығын қорғау жақсарту, заңды мүддесінің жоғары тұруы мен шешім қабыл­дау үдерістеріне атсалысуын реттеп, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жағдайын жақсарту.

Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын,­ денсаулығын сақ­тау­ды, жұмыспен қамтуды, кәсіп­кер­лік­пен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мә­­дениетін қалыптастыруын, мә­­дени демалысқа баулуды және талантты жастарға кө­мек беруді басым ба­ғыт­­та қарастырады. 2009 жы­лы елімізде «Жастар жы­лы» ­деп жариялануы бекер емес. Қазірдің өзінде мем­ле­кет­тік бағдарламаларда жас­тарды қолдау шарала­ры­на басымдық беріледі. «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемле­кет­тік жастар саясаты және әлеу­­меттік қамсыздандыру мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылуы жастар саясатына жаңа серпіліс әкеледі деген сенім мол.

Жаңа заңның игілігін барша жастар көреді деп сенім білдірген Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Қазақстан әлемдік жастардың дамуы индексінде 150 мемлекеттің ішінде 54-орында тұр. Жастардың даму индексінде негізгі 12 компонентінің 9 тар­ма­ғы бойынша пайыздық коэф­фициенттер өскені байқа­ла­ды. Жалпы, жастарымыз сан түрлі ой-пікірі, сан алуан ұстаным-бағыты, көзқарасына қарамастан ортақ мүддеге жұмылғаны жөн. Ал аталған заң жастар сая­сатын іске асыру бо­йын­ша мем­ле­кет­тік органдар қызметінің тиім­ді­лігін арт­ты­­ру­ға мүмкіндік бе­ре­ді», дейді. Сонымен заңдағы өзгерістер қандай?

Ең бастысы – жастардың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар) деген ұғымдар заңнамалық тұрғыда бекітілді. Елімізде жұ­мыс­сыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заңда кеңінен қарас­тырылды. Бірінші рет NEET санатындағы жастардың индикаторы айқындалады. Енді осы бағытта ауқымды жұмыстар жүр­гізіліп, түрлі әлеуметтік кө­мек беріледі.

Сонымен қатар заң аясында жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осы өзгеріске байланысты еліміздегі жастардың жалпы саны 6 мил­лионға жетіп отыр. Жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойын­ша жергілікті атқарушы ор­ган­дар­дың құзыреті кеңей­тілді. Жас­тар саясаты бағытында бұдан өзге де бірқатар маңызды өзгеріс бар. Аталған заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қыз­ме­тінің тиімділігін арт­ты­ру­ға мүмкіндік береді деген сенім мол.

Заң жобасын әзірлеуге жауапты болған жұмыс тобының мүшесі, Түркістан облысы Жас­тар ресурстық орталығының директоры Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, бұған дейінгі жастар сая­саты туралы заңда тек ақпа­рат­тық мағлұмат қамтылған.

– Ең әуелі «жастармен жұ­мыс жөніндегі маман» деген ұғым кірді. Бұған дейін Жас­тар ресурстық орталығының қызметкерлері ешқандай санатқа жатқызылмаған еді. Сонымен қатар жастарға арналған әлеу­мет­тік көрсетілетін қызметтер қосылды. Бұл – жастарды қол­дау­ға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асырудағы ақпараттық-консультативтік кө­мек. Тағы бір атап өтерлігі, «жастар даму индексі» деген ұғым енгізілді, бұл «жастар қалай және қай бағытта даму керек?» деген сұраққа жауап береді. Ең бастысы, уақытша бос жүрген жастардың, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында білім алмайтын немесе кәсіптік даярлықтан, қайта даярлаудан өтпейтін, жұ­мыспен қамту және білім беру са­ласынан тыс қалған жас­­­тар­­­дың бөлек санатқа жат­қы­­зылуы. Бұған дейін мұндай санат болмаған-ды.

Түркістан облысында жас­тар­дың 81 пайызы ауылдық жерде тұрады. Заң аясында ауыл­да бос жүрген жастармен ауқым­ды жұмыс жүргіземіз, – дейді Е.Төлебаев.

Қай заманда болмасын қо­ғам­ның қозғаушы күші – жас­тар. Бүгінде жастар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Мемлекет пен ұлт болашағы жастарға тіке­лей байланысты екенін ескерсек, жаңа заң ел ертеңі үшін жақсы өзгерістер мен бастамаларға жол ашар құжат болары анық.