Тасын түртсең тарих сөйлейтін шежіре далада даңқы дәуірге жүк болған Қабанбай батырдың есімі ерекше аталады. Ел басына екіталай күн туғанда жауына жебедей атылған жаужүрек батырдың жүріп өткен жолы – кейінгілер үшін өлмес өнеге. Жиында сөз алған тарихшылар Қабанбай батыр өмірінде 103 шайқас өткізіп, бірде-бір рет жеңілмегенін тілге тиек етті. Ғалымдардың айтуынша, бұл – негізсіз айтыла салған сөз емес, нақты тарихи құжаттарға сүйене отырып жасалған байлам. Дарабоз атанған Қабанбай батыр кең-байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат етіп, көрегендігімен көзге түсті, даналығымен дастанға айналды дейді зерттеушілер.
«Еліміздің әр аймағында Қабанбайға арнап он бес ескерткіш орнатылған. Шымкент, Түркістаннан бастап Шығыс Қазақстанға дейін батыр тұлғасы асқақтап тұр. Тіпті бір кездері Түркия, Қытайда да ескерткішін орнату туралы мәселе көтерілгенін білеміз. Қалай десек те Қабанбай есімі ұмытылған жоқ. Әр басқан ізі аңыздай айтылып, қазақтың қайсар қолбасшысы ретінде елінің жүрегінен орын алды. Тарихи деректерді тізбелесек, қазақтың бас батырларының бірі болғанын әйгілейтін дәйек көп», деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.
Халықаралық «Қабанбай қорының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға еліміздегі іргелі оқу орындары мен ғылыми институттар басшылары, ғалымдар мен мәдениет жанашырлары қатысып, алыс-жақын шетелдік ұйымдар мен ведомстволардан келген құттықтау хаттар оқылды. Баба салған сара жол кейінгілер үшін рухани азық, айнымас қазық болуы қажет деген «Қабанбай» қорының басшысы Құсман Шалабаев ғылыми іс-шараны өткізудегі басты мақсат тұғырлы тұлға Қабанбай батырдың көзсіз ерлігін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау екенін атап өтті.
– Қабанбай батырдың қаһармандық тарихын зерттеу мен зерделеу һәм оны насихаттау арқылы жастарды отансүйгіштікке баулудың маңызы зор. Бүгінгі іс-шараға дейін бұл бағытта қаншама жоба қолға алынды. Соның бірі Қабанбай батырдың 330 жылдығы қарсаңында танымдық экспедиция ұйымдастырылып, құрамында зерттеуші ғалымдар бар үркердей топ баһадүр басқан әр ізбен жүріп өтіп, батырлардың жорық жолдарын зерделеді. Экспедицияға қатысушылар мыңдаған шақырым жол жүрді. Әлі де жүйелі зерттелмеген шайқас орындарын барлап, боздақтардың рухына Құран бағышталды. Өлке тарихын бес саусағындай білетін көнекөз қариялардың аузынан жазылып алынған дүниелер таптырмас тарихи деректерге айналып отыр. Бұл, ең алдымен, бабалар аманаты, одан кейін ұрпақ алдындағы борышымыз. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Саурық, Райымбек сынды ел үшін туған ерлердің, күллі қазаққа ортақ қаһармандардың есімдері, ерлігі үнемі айтылып жүрсе, ұрпағымыз ұсақталмайды, – деді Құсман Кәрімұлы.
Мазмұнды басқосуда Мұрат Жұрынов, Хангелді Әбжанов, Зиябек Қабылдинов, Кенжехан Матыжанов, Мамай Ахетов бастаған ғалымдар баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Руханият жанашырларынан бөлек Қанат Ислам, Тимур Спатаев қатарлы спорт саңлақтары да тарихи тұлғаның есімі ел есінде мәңгі қалуы үшін мазмұнды іс-шаралардың атқарылуы керектігін жеткізді.
Тарихшы Берекет Кәрібаев: «Көнеден жеткен аңыздарға арқа сүйесек, Ерасылдың есімі 15-16 жасында-ақ жұртқа тегіс жайылған. Қарапайым батырдан қуатты әскердің қолбасшысына дейін қайсарлықпен жеткен батырдың бізге белгілі бес есімі бар: Ізбасар, Нарбала, Қабанбай, Дарабоз, Ерасыл. 1735 жылы 20 желтоқсанда Көшек пен бауыры Барақ сұлтанның орта жүзге орыс елшілігін жіберу туралы жазған хатында екі сұлтан мен 32 би-батырдың мөрі қойылған. Олардың ішінде Қабанбайдың да есімі бар. 1737 жылы Орынбор әкімшілігінің жансыздары ел ішінде жүрді. Солардың жазбаларының бірінде «Қазыбек би өз ұлын басшы қылып, бірнеше адамды Қабанбай батырдың еліне аттандырды» деген жолдар бар. Бұл деректер Қабанбай батырдың өз елінде үлкен беделге ие болғанын көрсетеді. Бұл тұста батыр небәрі қырықтың үстінде болған. Қабанбай жаумен бетпе-бет келген тұста батыр, ал бейбіт кезеңде өз руына белді басшы болғанын қытай деректері де дәлелдейді», деп атап өтті.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов қазақ әдебиетінде Қабанбай батыр туралы қаншама көркем шығарма жазылғанын, десе де батыр есімін жаңғыртуда тарихшылар үшін әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер аз емес екенін айтты. Ғалымның сөзіне қарағанда, Қабанбай батыр туралы 10 қолжазба бар десек, оның бәрінде батырдың мифтік бейнесі ашылған. Ал енді тарихи шындық қандай деген тұрғыда тарихшылар сол кездегі хандар институты, батырлар институты деген дүниелерді індете зерделеуге тиіс. Дей тұрғанмен, конференцияда оқылған «Қазақ қоғамындағы батырлар институты», «Қабанбай батыр және XVIII ғасырдағы қазақ қоғамы», «Қаракерей Қабанбай Қытай және Ресей деректерінде», «Қазақтың бас батырының Азиядағы іздері» атты тарихи деректерге негізделген баяндамалар іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.
«Әрбір болашақ ұрпақтың жүрегінде от, халқына деген сүйіспеншілік болуы керек. Соған үлгі, өнеге болатын, алға жетелейтін тұлғалар керек. Соның қақ төрінде тұратын қаһармандардың бірі – Қабанбай бабамыз. Ендеше, батырды дәріптеуден қазақ халқы тек ұтады. Ел қорғандарын еске алып, олардың отты рухын жастардың жүрегіне сіңіру – әрбір саналы жанға парыз. Осы тұрғыдан келгенде Халықаралық «Қабанбай қоры» үлкен рухани іс-шара өткізіп, басқаларға да үлгі болды деп айта аламыз», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов.
Ұлт бірлігін ұлықтаған іс-шарада зиялы қауым айрықша тоқталған бір жайт, бұған дейін зерттелген шайқас орындарынан батыр бабалардың бірлігі мен ынтымағы анық байқалған. Айталық, Отан қорғау жолында қаза болған батырлардың қорымдарында үш жүздің ру таңбалары қатар бедерленіпті. Іс-шара соңынан батыр бабалар рухына арнап ас беріліп, бірқатар азамат «Хан батыр Қабанбай. Дарабоз» медалімен марапатталды.
АЛМАТЫ