Оқиға • 27 Желтоқсан, 2022

Жазушы жастармен жүздесті

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан мемле­кеттік педагогикалық уни­верситетінде қазақтың бел­гілі қаламгері Дулат Иса­бековтің 80 жылдығына орай жазушымен кездесу бо­лып өтті. Қалың көп­ші­­лік қаламгермен бірге қазақ­тың тағы бір классик жа­зушысы Бексұлтан Нұр­жекеұлымен де қа­уыш­ты.

Жазушы жастармен жүздесті

Төрден орын алған қос қа­лам­гердің кездесу іс-шарасын белгілі әдебиет сыншысы Құл­бек Ергөбек жүргізіп отырды. Жазушының өмір дастанынан сыр шерткен бейнеролик көр­сетіліп, кіріспе сөз қазақ­тың Ги Мопассаны, қарымды қалам­гер Д.Исабековтің үзеңгілес досы Бек­сұлтан Нұржекеұлына тиді.

«Дулат Исабековтей тағдыр кешкен, шығарма жазған жазушылар көп болды. Бірақ еш­кім дәл оның жеткен биігіне жете алмады. Өйткені ақыл-па­р­саттылықпен, түйсікпен жазу шеберлігі Дулатқа Алладан бе­рілген дара қасиет. Дулат екеу­міз де – әкемізді соғысқа бер­ген, со­ғыстың уын ішкен ұрпақ­пыз. Тәуелсіздікке дейін елі­міз­дің ел бастар көсемі, жау­дан қор­ғар әскері болмады. Сақ, ғұн­дардың ұрпағы болғаны­мыз­бен соған лайық­ты бола алма­дық. Түркілерді кезінде ешкім жеңіп көрмеген. Олар өздері іштей алауыздықтан ыдырады. Жау іріткі салу арқылы санымызды азайтты, белімізді сындыра жаздады. Ұрпақтың ыр­зық-несібесінің нәтижесінде аман қалдық. АҚШ президенті Рузвельт сайлауға түсер алдында Американы ақша емес, ақыл билейтін елге айналдырамын деп уәде берген еді. Міне, қазір АҚШ сол ақылымен бүкіл әлемді өзіне қаратып отыр. Бізге де осындай жетістікке жету үшін білім және тағы да білім керек. Жастар, әсіресе, білімді болуға тиіс. Оқымаған жас өзіне, ұлтқа ор қазып жатқанын ұғынуы қа­жет. Міне, осының барлығын жүрегінен өткізген, түйсігімен түйген Дулат Дулат болды», деді Бек­сұлтан Нұржекеұлы.

Осыдан кейін сөз алған мерейтой иесі қазақ әдебиеті, драматургиясы жайлы тереңнен сөз қозғады. Әсіресе қаламгер пьеса­лары шетелдік театрларда сахна­ланғандықтан, жазушы сыртта көп  болды және осыған орай шетел­діктердің төл әдебиетімізге деген көзқарасы туралы ойын білдірді.

«Өзге жұртта, әсіресе көрші Ре­сей­де қазақ­тың әдебиетіне де­ген салқын қабақты бай­қа­дым. Кездесулерде сұрақ қой­ғанда да қазақ ­драматургиясы осын­шалықты дәрежеге жетіп қалды ма дегендей қиямпұрыс сауалдар қойылады. Бірақ мұның бәріне де сауатты әрі зерделі жауаптар берілді. Қазақ­тың сөз өнері кез келген халықтың әдебиетінен кем емес, тіпті кейде басым тұратындығы­на әлемнің көзі жете бастады. Тәуелсіздік қазақ қа­лам­герлерінің қанаттануына мүм­кін­дік ­сыйлады», деді Дулат Иса­беков.

Қазақтың қарымды қалам­герінің 80 жыл­дығын туған елін­де той­лау көптен күткен арманымыз еді. Біздің тілегімізді қабыл алып, студенттермен, оң­түстік жұртшылығымен кездесуге келгені үшін ағамызға көптен  көп рахмет. Жазушының мерей­тойы тек Қазақстанда емес, Еуропада, тіпті Аустралияда да атап өтіліп жатыр. Ал пьесалары әлем­нің белді театрларында сахна­ланып, шығармалары көпте­ген шет тіліне аударылды. Бұл – тек қаламгер емес, тұтас ұлт үшін болған мақтаныш. Жа­зу­шы­ шығармаларының өміршең­дігі сол – онда әлеуметтік мәселе­лер, адамның жан­ дүниесі керемет суреттеледі. Сондықтан да бұл әдеби дүниелер уақыт шеңберінде қалып қоймай, ұрпақпен бірге жасай береді. Классикалық туынды деп осыны айтады. Көзі тірі классик жазушымен көзбе-көз жүздесіп, айтқандарынан тәлім алған студенттерге бұл кездесу өмір бақи есте қалады ғой деп ойлаймын дегенді айтты ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева.

Ал Дулат Исабековтің шығар­маларынан Гогольдің юморы, қа­рапайым адамдардың тағды­рын суреттеген Достоевскийдің жазу мәнері анық көрінетінін әде­биет сыншысы Құлбек Ергөбек жан-жақты баяндап өтті. «Өмірді боямасыз, табиғи таза қалпында сөз өнерімен бейнелеген жазушы­ның таланты, мықтылығы осын­да жатыр. Сондықтан қаламгер шығармалары ішек-сілең­ді қатыра күлдіріп те, мұңға бөлеп те қоя беретіні бар. Жазушының тіл шеберлігі, биік талғампаздығы өз алдына бөлек дүние», деді ол.

Кездесу соңында жазушы студенттермен сұхбат құрып, жеке шығармашылығы хақында сауалдарына жауап берді. Сон­дай-ақ 80 жылдық мерейтойға орай оқу орны бас­шылығының ұйға­рымы­мен жа­зушы Дулат Исабеков универ­си­тет­тің Құр­мет­ті профессоры атанды.

Сөз жоқ, қарымды қаламгер пьесалары­ның шетелдік театр сах­наларында қойылуы, шығар­­ма­ларының әлемнің көп­теген тіліне аударылуы – қа­зақтың әлемдік әдебиет кеңіс­тігінде жеткен ұлы жетістігі. Қазақ әдебиеті сол арқылы Еуро­паға терезесін ашты. Сон­дықтан да Дулат Исабеков – қазақ­тың құшағына сыймай, бүкіл адамзаттың құшағына өтіп кеткен заңғар жазушы.  

 

ШЫМКЕНТ