Елорда • 27 Желтоқсан, 2022

Елордада республикалық ақындар айтысы өтті

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Тәуелсіз елім – тірегім» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада республикалық ақындар айтысы өтті

Айтулы шараны Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы Amanat партиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Дүбірлі додаға талай бәйгеде топ жарып, жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүрген Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Төлеген Жаманов, Біржан Байтуов, Рүстем Ақылбеков бастаған он төрт ақын қатысты.

о

Айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев сөз сайысын тамашалауға келген ағайынға алғысын айтып, бәйгеге шапқалы отырған жүйріктерге сәттілік тіледі.

Әділ қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, ақын Әсия Беркенова, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы мен «Хабар Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли болды.

ш

«Менің көтерген мәселем Жаңа Қазақстанға байланысты болды. Елде бірқатар өзгеріс болды. Осы төңіректе «Көп дүниенің атына емес, затына мән берейік» деген тақырыпта өзекті болып тұрған Ұлытау, Жаңаарқа ауданындағы әлеуметтік мәселелерге назар аударайық, жаңғырайық деген ой негізгі айтпағым болды. Өздеріңіз білетіндей, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының биыл мерейтойы аталып жатыр. Алаш арысы, әдебиеттің атасы деп айтылғанымен, көсемнің саяси қайраткерлік қырын да көрсетуге тырыстым», деді Ұлытау облысынан келген ақын Төлеген Жаманов.

Аталған айтыста оқ бойы оза шапқан ақындар үшін бас жүлдеге 3 миллион теңге, I орынға 2 миллион теңге, II орынға 1,5 миллион теңге және III орынға 1 миллион теңге тігілді.

Бірінен бірі өткен сөз барымтасында бас жүлдені әр айтысы бір жаңалық, атамұра өнеріміздің оза шапқан жүйрігі Мейірбек Сұлтанхан иеленді.

I орынды айтыстың көкжалы Бекарыс Шойбеков иеленсе, II орын Ұлытау облысының сырбаз ақыны Төлеген Жамановқа бұйырды. III орынды Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай, Нұрбол Жауынбай, Нұрмахан Жақыпбек алды.