Парламент • 27 Желтоқсан, 2022

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар заңмен қорғалады

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар заңмен қорғалады

Құжаттың мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жүйесін қалыптастыру. Заң жобасы Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 8 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Заң жобасымен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де адамдардың шығыстары мен кірістерінің мөлшерлес болуын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тізбесін кеңейту мәселелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдескен мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қауіпсіздік шаралары реттеледі.

Заң жобасы қабылданғанда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан саясатына халықтың сенім деңгейін арттыруға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жағымсыз көрініс болып отырған сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Депутаттар комитеттің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.