Бұл дау 2020 жылы мамыр айында Орал қалалық әкімдігінің қаланың Бас жоспарын белден басып, «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағына «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат беретін қаулы шығарып берген күннен басталғанын еске сала кетейік.
Осыған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі де зауытқа араша түсіп, арнайы мәлімдеме жасағанын еске сала кету керек.
Биыл 23 қараша күні Орал қаласының №2 қалалық соты «Кублей» дауына қатысты нүктені қоя алмай, тараптардың ымыраға келуін сұрап, істі белгісіз мерзімге тоқтатқан еді. Екі жақ мәселені медиация жолымен шешпейтінін айтқан соң бүгін қайта екінші рет сөзжарыс өтті.
Сөзжарыстың басында «Кублей» зауытының заңды өкілдері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жіберген жаңа жауабын іс материалдарына қосуды сұрады. «Ирменова» жеке кәсіпкерлігінің заңгерлері мен Орал қаласы әкімдігінің өкілдері керісінше судьяға жаңа мәліметтерді іске қосудың қажеті жоқ екенін айтып, қарсы шықты. Бірақ Үкіметке сауалхатты жолдаған БҚО экономикалық соты болғандықтан судья ведомстволардың жолдаған жауабын іс материалдарына қосты.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа жіберген жаңа жауабында «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар, ол аумақ кемінде 100 метр болуы тиіс және онда тұрғын үйлерді салуға тыйым салынған деген жауап жолдаған.
«Кублей» зауытының өкілдері жергілікті билік құжаттарды заңсыз рәсімдеуден бөлек бюджеттің қаражатын талан-таражға түсіргенін, өйткені заңсыз соғылған үйлерге коммуналдық-инженерлік жүйелерді тартып әрі қосуға рұқсат бергенін, осылайша пайдалануға берілмеген үйлерге қоныстануға мүмкіндікті әдейі беріп отырғанын алға тартып отыр.
«Бұған қатысты бөлек қылмыстық іс қозғауға болады. Заңсыз соғылған үйге мемлекет есебінен коммуналдық қызмет түрлерін қосып беру – бюджеттің ақшасын шашу. Себебі 2020 жылдың 28 желтоқсаны күні БҚО сотының шешімі шыққан. Онда Орал қаласының 3 қаулысы да заңсыз шығарылғаны айтылған. Демек сол қаулы шыққан сәттен бастап, коммуналдық жүйелерді орнататын мекемелер жұмысын сол сәтте тоқтатуы керек. Соттың шешімін орындамаса заңның үстемдігінің мәні неде?
Электр энергия, ыстық және суық су, кәріз жүйесі заңсыз тартылған әрі қосылған. Өкінішке қарай бұған жергілікті прокуратура да ләм-мим дей алмаған. Коммуналдық қызмет түрлері берілгендіктен, соны пайдаланған құрылыс компаниясы әрі қарай пәтерлерді сата бастаған.
Бүгін сотта «Циалковский» тұрғын үй кешенінің тек бір ғана үйіне қатысты даудың өрбіп жатқаны, өйткені бас-аяғы 4 үйдің тек біреуіне адамдар заңсыз қоныстанып алғаны, ал тағы бір үй санитарлық қорғау аймағына кірмейді, қалған екі үй болса жарым-жартылай ғана салынғаны айтылды.
«Негізі бұл соттаспай-ақ шешілетін мәселе. Өйткені, Ерменованың қарамағындағы жер телімі бөліп, рәсімдеуге болатын жер. Сондықтан, сотқа келіп шу шығарып жүрген 1-үйдің тұрғындарына бұл мәселенің қатысы жоқ. Өйткені, олар 100 метрлік аумаққа кірмейді. Тек 2-үйге қатысты. Ал 3 және 4-үйдің құрылысы мүлдем бітпеген. Ал сот процесіне келіп жүргендердің басым бөлігі – осы 1-үйдің тұрғындары. Негізі Ерменова жерді бөліп, әлдеқашан ол азаматтарға үйіне заңды түрде құжат беруге мүмкіндігі бар еді. Мұны тұрғындардың өзі де, компания да талап етпейтін болып тұр. Ерменова осы тұрғындарды пайдалану арқылы заңсыз салынған өзге де үйлерді заңдастырғысы келеді. «Кублей» зауытының жағдайы барлық әділетсіздіктің детонары болуы мүмкін», деді заңгер Бақытжан Базарбек.