Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2022

Қазақстандықтар визасыз ұша алатын елдердің тізімі кеңейді

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте 2022 жылы визасыз елдердің тізімі 80 мемлекетке дейін кеңейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтар визасыз ұша алатын елдердің тізімі кеңейді

Оның айтуынша, Қазақстан әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатқан.

«2022 жылы визасыз елдердің тізімі әртүрлі санаттағы төлқұжаттар бойынша 80 мемлекетке дейін кеңейтілді. Паспорттардың әртүрлі санаттары бойынша 9 жаңа елмен өзара келісімдер жасалды: Мальдив аралдары, Андорра, Никарагуа, Венесуэла, Боливия, Парагвай, Доминикана, Албания және Белиз. Бұдан басқа, осы жылдың 12 қазанында Катармен дипломатиялық және арнайы паспорттардың иелері үшін визалардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды, ол жалпы азаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босатады», деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ ол қолайлы инвестициялық ахуалды құру, іскерлік байланыстарды жандандыру және елдің туристік әлеуетін арттыру үшін Қазақстан Үкіметі Иран Ислам Республикасының, Қытай Халық Республикасының және Үндістанның азаматтары үшін визасыз режим енгізгенін жеткізді. Аталған елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік берілген.