Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қараған. Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.
«Заң жобасының мақсаты – жер қатынастары саласында азаматтарға қызмет көрсету кезінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын салалық заңнамаға сәйкес келтіру кезінде жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін күшейту. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру заң жобасының міндеті.
Құжатта жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау бөлігінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің салалық заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру қажеттігіне байланысты түзетулер енгізу ұсынылады. Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы қызметтерді сапасыз немесе уақтылы көрсетпегені үшін жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігі белгіленеді», деді Е.Қарашөкеев.
Дегенмен отырыстың ең қызығы заң жобасын талқылау кезінде басталды. Ауыл шаруашылығы министрі жыл басынан бері жайылымдық жердің тапшылығы 16 млн гектар болғанын, 5,2 млн гектар жері қайтарылғанын атап өтті.
«Келесі жылы тағы да 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтарамыз. Одан бөлек, бұрын пайдаланылмай жатқан 1,8 млн гектар жер өз меншіктеріне пайдалану басталды. Сол себептен 16 млн гектардан қазір 8,8 млн гектарға дейін анықталған жайылым тапшылығын азайтып жатыр», деді Е.Қарашөкеев.
Бірақ депутаттар министр келтірген деректерге күмән білдірді. Берік Дүйсенбинов көп аймақта әлі де жер мәселесінің шешілмей жатқанына наразылығын білдірді.
«Қай облысқа барсаңыз да жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтарылып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған халық жерге зәру. Жердің иелерін шығарып тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі, Астананың маңайында Шөкеевтікі. Оны айтуға қорқып отыр бәрі. Сіздің баяндамаңыздағы мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстайтын адамдарға жер жетпей жатыр. Осыны қашан нақты қолға аласыздар? Жер иелерінің аты-жөнін жазып, тақтаға іліп қоюға неге ұяласыздар?», деді Б.Дүйсенбинов.
Депутаттың сөзі министрдің шымбайына батып кеткен сыңайлы. Қойылған сауалға жауап беру кезінде жұмысты жоққа шығармауын айтып, жер бойынша есеп беруге дайын екенін мәлімдеді.
«Биыл біз 5,2 млн жерді қайтардық. Кімнің жерлері? Сол әкімдердің, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да тағы 5 млн гектар жер қайтарамыз. Ол жұмыста жандандырып жатырмыз. 1 қаңтардан бастап негізгі белгілі жерлердің барлығы арнайы сайтта анықталып көрсетіледі. Кез келген бөлімшені басатын болсаңыздар, мемлекеттің резервінде болмаса кімнің жері, қай қожалықтың жері екені анық жазылады. Ол да жұмыс, бұрын болмаған жұмыс. Біз заңға сәйкес жұмыс істейміз. Сот арқылы қайтарып жатырмыз, өз еркімен қайтарып жатқандар бар. Жаңағы 5,2 млн гектар жерді өтірік дейсіз, қазір интерактивті картаны дайындап жатырмыз. Осы депутаттық трибунада осындай сөз айтқаныңыз менің ойымша болмайды. Бар жұмысты жоқ деп айтуға болмайды, жұмыс жасалып жатыр. 5,2 млн гектардың әрбіріне есеп беруге дайынбыз», деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан кейін депутат Берік Дүйсенбинов министрді аймақтарды бірге аралауға шақырып, халықтың сөзін жеткізіп отырғанын тағы бір мәрте еске салды. Бұған жауап берген Е.Қарашөкеев елді аралауға дайын екенін мәлімдеді. Келесі кезекте сөз алған Азат Перуашев әріптесін жақтап, министрге дүрсе қоя берді.
«Сіз әріптесіміз Дүйсенбиновтің сұрағына жауап бергенде депутатқа осылай айтуға болмайды дедіңіз. Депутатқа не айтуға болатынын, болмайтынын біз өзіміз білеміз. Сіз ол жағынан мәдениетті болыңыз, соған шақырамын. Сіз мұндай сынды тыңдағым келмейді деп айттыңыз. Сізді тыңдатамыз біз. Бұл біздің ел алдындағы міндетіміз, қызметіміз. Интерактивті карта туралы айттыңыз, көпшілік мұны 3-5 жыл бойы талап етіп жатыр. Жақында жүзеге асады деп қайтадан уәде беріп отырсыз. Бұл қашанға дейін уәде ретінде қала береді? Қашаннан бастап іске асырылады?», деп кейіді А.Перуашев.
Ауыл шаруашылығы министрінің сөзіне сүйенсек, интерактивті карта алдағы жылы іске қосылмақ. Онда қай жер қайдан қайтарылғаны туралы бүкіл мәлімет көрсетілмек. Құжат мақұлданғаннан кейін Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов та жайылымдық жерді қайтару жөнінде пікір білдірді.
«Депутаттар өңірлерді аралап жүр. Сол кезде ел аумағындағы тұрғындардың көтеріп жүреген мәселесі жайылым жерлеріне қатысты болып отыр. Мемлекетке қайтарылған 5 млн гектар жер интерактивті картадан нақты көрінеді деп ойлаймын. Ауылдардың маңындағы мал жаятын жайылым жерлер мәселесі маңызды болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бас прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдар, депутаттар, саяси партиялар аталған мәселеге бірлесе назар аударуы керек. Тек сөз жүзінде емес, нақты жұмыстар атқарылуы қажет. Жаз бойы депутаттар өңірлерді аралап, осы тақырыпқа қатысты талқылаулар жүргізді. Дегенмен бұл жұмыстардың бәрі жеткіліксіз болып тұр», деді Е.Қошанов.
Палата спикері 2023 жылы бұл мәселемен министрлік, прокуратура, сарапшылар бірлесе отырып жан-жақты айналысу керек екенін жеткізді.
«Әлі де ауылдардың көбі осы проблемадан қиянат көріп отыр. Бұл жылдар бойы қордаланған мәселе болғандықтан, бір жылда шешіліп кетеді деп айтуға келмейді. Атап айтқанда, малдың санын көбейту үшін жағдай жасауымыз керек. Сондықтан ауылдарда тиісті жайылымдарды беру маңызды. Бұл бағытта министрлік жасап жатқан жұмыстар жеткіліксіз деген пікірге қосыламын. Бірақ ведомство атқарған жұмыстарын да көрсете білуге тиіс. Қайтарылған әр гектар жерді халық ашық көруі керек», деді Мәжіліс төрағасы.
Бұдан бөлек, депутаттар «Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісті.
Тағы бір айта кетерлік мәселе – жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасы жұмысқа алынды.
«Аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді. Атап айтатын болсақ, биылғы 8 маусымда қабылданған заң арқылы Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата Заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», деді баяндама жасаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтыру енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жұмысқа алынды.
Палата отырысы соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Еділ Жаңбыршин Бас прокурорға Қаңтар қасіретіне байланысты туындаған сұрақтарға жан-жақты жауап беруге шақырды.
«Қазіргі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдары тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз», деді Е.Жаңбыршин.