Дін • 29 Желтоқсан, 2022

Діни ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы қорытындыланды

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы қорытындыланып, мамандар алдағы іс-қимылдар барысын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Діни ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы қорытындыланды

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов 2016 жылдан бергі аралықта тұрақты өткізіліп келе жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп,  жалғасын табады. Нұрлан Қиқымовтың айтуынша, қоғамда интернеттің, әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген сайын түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті тұр. Діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің алдын алу, қоғамға қаупі,  жастар мен жасөспірімдерді жат әдеттерден қорғау қоғам алдында тұрған келелі мәселе болғандықтан, жоғары оқу орындары, мектептермен, діни орталықтарда өтетін шаралар өткізумен қатар деструктивті діни ағымның жетегінде кеткендерді оңалту жұмыстарын жетілдіру мәселесі өзекті.

Жастардың діни сауатын арттыру, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға байланысты шаралар аясында аталған басқарма мешіт қызметкерлерімен де ақпараттық жұмыстарды іске асырып келеді.

Дінтанушы Тұрсынғали Төрәліұлы осыдан  бес-алты жылғы жағдаймен салыстырғанда елімізде діни жағдайды қалыпты деуге негіз бар дейді. Оның айтуынша, 2011-2016 жылдар аралығында орын алған оннан астам террористік актілердің салдарын естен шығармаған абзал. Арада жылдар өтсе де, қауіп бар. Өйткені діни экстремизмге үгіттейтін насихат интернет мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желінің құрсауында қалған жастармен жұмыс жүргізу, еліміздің тұрақтылығына  қауіп төндіретін сайттарды бұғаттау жұмыстарын күшейту қажет. «Ақпараттық түсіндіру жұмыстары аясында көбіне жастармен кездесуге тырыстық. Діни сұрақтар туындаған жағдайда сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігі ескертілді. Өйткені «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» заңға сәйкес діни үгіт-насихатты қоғамдық орындарда жүргізуге тыйым салынатыны белгілі. Бүгінде елімізде 18 діни конфессия тіркелген болса, оның 17-сі Алматыда жұмыс істейді. Қазіргі кезде әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жетілдіру қажет. Мектептерде балаларды ұлттық рухани шараларға қамту үшін директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен арнайы діни сауаттылықты арттыруға байланысты семинарлар өткізіп отырған жөн», дейді Т.Төрәліұлы.

Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Алтынай Мухамбедьярова атап өткендей, 2011-2016 жылдарда Атырау, Ақтөбе және Алматы қалаларында болған лаңкестік актілерден кейін ұлттық қауіпсіздікке қауіп бар екеніне көзіміз жетті. Қазіргі жағдайда діни экстремизм мен радикализмнің қаупі әлі сейілген жоқ.  Осы орайда сарапшылар қоғамның күрт әлеуметтік жікке бөлінуі, маргиналданған әлеуметтік топтардың қалыптасуы, зайырлы мектепте білім беру сапасының әсіресе ауылдық жерлерде төмендеуі, Қазақстан Діни басқармасына (ҚМДБ) қатыссыз, шетелден қаржылық қолдауы бар бейресми исламдық қауымдастықтар санының артуы сияқты діни экстремизмнің таралуының бірнеше себептерін алға тартып отыр. Діни экстремизммен күресу және алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін ескеретін болсақ, «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі  2013-2017 және 2018-2022 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында  Алматы қаласы Дін басқармасымен «Дінді үйрену орталығы» КММ тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар әртүрлі форматтағы шаралар, лекциялар өткізіп, азаматтарға конфессияаралық келісімді қолдау, деструктивті діни иеологияның қаупі туралы айтылып, зайырлы негіздерді құрметтеуге шақыруда.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Жанат Сманқұлованың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру тобы осы аралықта «онлайн» және «офлайн» 300-ден астам іс-шара өткізіп, 40 мыңнан астам адамды қамтыған.  «Мамандар жұмыс  нәтижесін саралай келіп, орын алған кемшіліктерді жою, қаперге алатын басты мәселелерге назар аударды. Ақпараттық түсіндіру тобында дінтанушылар, психологтар, саясаттанушылар мен сурдоаудармашылар, барлығы  30-дан астам  маман  медициналық мекемелерде, мешіттер, сауда орталықтары, базарлар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер мен қоғамдық көлік мекемелерінде діни сауаттылықты арттыруға байланысты ақпарат беріп, туындаған мәселелерге орай шешім қабылдап, жекелеген азаматтарға қолдау көрсетті», дейді Ж. Сманқұлова.

Дөңгелек үстел барысында Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан жыл бойы белсенділік танытқан ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері  марапатталды.

 

АЛМАТЫ