Қоғам • 29 Желтоқсан, 2022

Сенатор қант диабетімен күресу жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 10 жылда елімізде қант диабетімен ауыратындар деңгейі 61%-ға өсті. 2030 жылға қарай науқастардың саны 800 мыңнан асуы мүмкін. Сенатор Рысқали Әбдікеров еліміздің Премьер-министрінің атына жасаған депутаттық сауалында осындай деректерді алға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор қант диабетімен күресу жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Депутат Халықаралық қант диабеті федерациясының мәліметі бойынша, өткен жылы әлемде ересектерде 537 млн қант диабеті сырқатының тіркелгенін атап өтті. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 450 мың адамды құрайды. Оның ішінде 5,5 мыңға жуығы 17 жасқа дейінгі балалар болып отыр.

«Елімізде ауыр дертке шалдыққандар саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі аталған дерт көпке дейін белгі бермейтіндіктен, науқастардың көбісі асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Әрине, біздің елімізде осындай науқастар емделу үшін амбулаториялық деңгейде қантты төмендететін дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда қант диабеті – Қазақстандағы ең қымбат әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі. Ресми ақпарат бойынша, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін биыл 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ел өңірлерінде эндокринолог-дәрігерлердің жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда жеке секторда жұмыс істейтіндерді қосқанда 900-ден астам осындай маман бар екенін айта кеткен жөн.

«Үкімет тарапынан жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қант диабетімен тиімді күресу үшін бастапқы профилактика мен патологияны ерте анықтауға бағытталған қант диабеті бойынша Ұлттық бағдарламасын әзірлеуді сұраймын. Оған келесі бағыттарды қосуды ұсынамын: Қазақстанда мамандандырылған диабеттік көмек көрсетудің заманауи жүйесін құру; көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында диагностиканың және емдеудің заманауи әдістемелерін енгізу; елімізде қант диабетінің таралуын дәл бағалау мақсатында қант диабеті мен скринингтің жетілдірілген ұлттық тіркелімін пайдалану; жүктілік кезінде, ана мен бала өлімін азайту үшін қант диабетін уақытылы және дер кезінде емдеу керек. Сондай-ақ пациенттерге өзін-өзі бақылау әдістерін үйрету мақсатында қант диабеті мектептерін, диабеттік табан, диабеттік ретинопатия кабинеттерін арттыру қажет», деді сенатор.