Экономика • 30 Желтоқсан, 2022

Газ саласы – экономиканың жаңа драйвері

456 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

QazaqGaz: жыл қорытындысы, жаһандық трендтер және газ саласының бағындырар белестері туралы

Әлемдік және отандық газ саласы үшін 2022 жыл үлкен өзгерістерге толы болды. Осы ретте «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар ЖАРКЕШОВПЕН 2022 жылы жаһандық газ нарығындағы айтулы өзгерістер және оның Қазақстанға әсері, стратегиялық және тактикалық шешімдер, жақын арада болатын газ саласындағы реформалардың нәтижелілігі мен міндеттері туралы әңгімелескен едік.

Газ саласы – экономиканың жаңа драйвері

– Санжар Серікбайұлы, сіз 2022 жылдың ақпан айының соңында «QazaqGaz «ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып та­ғайын­далдыңыз. Жалпы, газ сала­сының жағдайына қандай баға берер едіңіз?

– Ең алдымен, Еуропадағы және басқа да бірқатар елдегі энергетикалық дағдарыс бүкіл әлемге үлкен сабақ болғанын атап өту керек. Осы жағдайдан еліміз үшін барынша пайдалы жағын алуға тырысуымыз қажет.

Шынын айту керек, елімізде бүгінге дейін мұнай саласына басымдық беріліп келді. Газ саласы «өгей» баланың күйін кешті. Газ тек қосымша өнім ретінде қарастырылды. Себебі баға­сы өте төмен болғандықтан, эко­но­микалық тұрғыдан тиімсіз бол­ды. Қазір жағдай біршама өзгерген. Нарыққа газ керек, бұл бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарға айналды. Мемлекет басшысы осы салаға айрықша көңіл бөлу керектігін айтып, ұлттық компаниямыздың құзыретін арттырды. Ендігі жерде газ секторы экономиканың жаңа драйверіне айналмақ. Жалпы, газ – жасыл эко­номикаға өту жолындағы тран­зиттік отын.

– Qazaq­Gaz-дың басқарма төра­ғасы ре­тінде сіздің басты, бірінші кезектегі міндетіңіз қандай?

– Ең алдымен, бұл – QazaqGaz және Қазақстанның газ саласына деген көзқарасты айқындау. Біз тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, газдың ішкі нарығын дамыту, газ химиясы мен газды қайта өңдеуді, газ тран­­зиті мен экспортын дамы­ту, инвестициялық және опе­ра­­­­­­циялық тиімділік сияқты 5 не­гіз­гі бағытта нақты көзқарасты қа­лып­тас­тырдық.

Екіншіден, тауарлық газдың тапшылығын болдырмау. Бұл тура­лы бұрын бірнеше рет айтылды, бірақ ешкім бұған дейін атал­ған мә­се­лені ел басшы­лы­ғы­ның дең­ге­йіне дейін көтерген жоқ.

Иә, әлемдік тәжірибеде осы­ған ұқсас жағдайлар болған. Жалпы, газ тапшылығын еңсе­ру­дің негізгі тәсілдері екеу. Бі­рін­­шісі – газды үнемді тұтыну. Өкі­нішке қарай, бұл сұрақтың мәселесі көп, біз соны шешуге тиіс. Бұл үшін басқа тарифтер қажет, бірақ қарапайым азаматтар үшін емес. Мысалы, ірі кәсіпорындар мен майнерлер үшін басқа тарифтер болуы керек.

Сонымен қатар, әр текше метр газды тиімді пайдалану өте маңызды. Жану кезінде 1 текше метр газ бөлетін жылу мөлшерін толық пайдалануға мүмкіндік беретін, яғни максималды жылу беретін дұрыс технологиялар керек. Сондай-ақ ЖЭО-дағы газ шығындарын оңтайландыру үшін жылу желілерін жаңғырту қажет.

Газ тапшылығын еңсерудің екінші тәсілі – тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру. Бұл үшін ішкі өндірісті дамыту, яғни барлау және өндіруге басымдық беру, шикі ілеспе газды өңдеуді ұлғайту, сондай-ақ басқа елдерден газды импорттау маңызды.

– Бір сөзіңізде, тауарлық газ тапшылығы 2023 жылдан 2024 жылға шегерілді деп айттыңыз. Бұған не себеп болды? Ең бастысы, болашақта осындай тапшылықты болдырмау үшін не істеу керек?

– 2023 жылғы газ тапшылығын жеңдік деп айтуға әлі ерте. Себебі биыл Қазақстанда да, әлемде де газ саласында көптен күтпеген жағдайлар орын алды.

Мемлекет басшысы ішкі на­рық­тың сөзсіз басымдық екенін атап өтті. Қазақстандық тұтыну­шы­ларды қамтамасыз ету үшін  экспортқа газ жіберуді азайттық. Әрине, шетелдік әріптестер ал­дын­дағы міндеттемелерімізді ұмыт­паймыз, бірақ Қазақстан аза­маттарын газбен қамтамасыз ету – біз үшін маңызды.

Сонымен қатар біз «Теңіз­шев­ройлмен» газды экспорттан ішкі нарыққа бұру туралы уағдаласа алдық. Сөйтіп, өз тұты­ну­шыларымыз үшін қосымша 2 млрд текше метр газ табылды.

Бірақ форс-мажорлық жағ­дайлар да жоқ емес. Мысалы, Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу мәсе­лесін алайық. Серіктестермен бірге зауытқа дейінгі құбырдың газ өткізу қабілетін арттырдық, шикі газды қайта өңдеу көлемін ұл­ғай­туға мүмкіндік беретін У-01 қондырғысын іске қостық. Бірақ Орынбор ГӨЗ өз міндеттемелерін орындамады, олар 2022 жылы 8,7 млрд текше метрдің орнына шамамен 7,5 млрд текше метр газды ғана өңдеуге қабылдады. Осының салдарынан орынборлық зауыттан алатын тауарлық газ көлемі де азайды.

Сондықтан «жаман айтпай, жақсы жоқ», бәріне дайын болу қажет.

– Осы жағдайды ескерсек, мен­­шікті газ өңдеу қуат­та­ры­ның жағдайы қалай? Қа­зір­гі уа­қыт­та Қашаған ГӨЗ құ­ры­лы­­сы қалай жүріп жатыр?

– Бұл оңай жоба емес. Же­ке­ден мемлекетке берілді, содан кейін жоба QazaqGaz балансына өтті. Біз қаржылық, техни­ка­лық және құқықтық аудиттер жүргіздік, соның нәтижесі бойынша жоба дизайнында инженерлік қателер анықталды. Енді оларды түзетуге мәжбүрміз, бұл жобаны жүзеге асыру мерзіміне әсер етеді. Таяуда Энергетика ми­нистр­лігімен, «Самұрық-Қа­зына» және Сараптамалық кеңес­пен аудит қорытындылары мен due diligence үкіміне қатысты талқылау өткіземіз.

– Осы жылы «Qazaqgaz барлау және өндіру» еншілес компаниясы құрылды. Ол немен ай­налысады? Геологиялық бар­лау жұмыстарын бастауға да­йын кен орындары бар ма?

– Біздің басты міндетіміз – газды барлау және өндіру нарығын құру. «Ойын» ережесін қа­лып­тас­тырып, бәсекелестік тудыру, мықты ойын­шы­лар­дың өсуіне мүмкіндік беру. Сондықтан «Амангелді Газ» компаниясы базасында «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорнын құрдық. Газ­ды барлау және өндіру бо­йын­ша қажетті құзыреттер осы бөлімшеде болады. «Qazaq­gaz барлау және өндіру» порт­фелінде ресурстық базаны к­е­ңей­туге бағытталған жаңа актив­тер шоғырландырылады.

1

Жер қойнауын пайдаланушы ретіндегі басым құқығымызды пайдаланып, геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын өң­деуге шамамен 10 лицен­зия алуды көздеп отырмыз. Сон­дай-ақ барлау және өнді­ру жө­нін­­дегі жол картасын бекіт­тік, соның шеңберінде ресур­с­­тық базаны 700 млрд текше метр­ден астам газға ұлғайту көз­­­дел­ген. Осы жол картасы ая­сын­­да «Самұрық-Энергодан» ал­ғаш­қы Придорожное кен орнын алдық. Алынатын газ қоры шамамен – 10 млрд текше метр. «Қаз­МұнайГаз» компаниясымен Рожковское кен орнын бізге беру бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл іске қосуға да­йын, таза газ кен орны. 2023 жыл­­дың аяғы мен 2024 жылдың ба­­­сында іске қосылатын болады.

Бұдан басқа, Маңғыстау об­лы­сында жер қойнауын зерттеуге лицензия алдық.

Сонымен қатар QazaqGaz Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаттарынан метан өндіру мүмкіндігін зерттеп, техникалық детальдарды айқындау үшін жұмыс тобын құрды. Тағы бір айта кететін жайт, Өзбекстанмен шекаралас аймақта шөгінді бас­сейндердің әлеуеті зор. Өзбек әріптестеріміз өз территорияларында газды өндіріп жатыр, ал қазақстандық жақта зерттеу әлі қолға алынбаған.

– Барлау және өндіру нары­ғы­на жаңа ойыншыларды қа­лай тартуға болады?

– Барлау мен өндіру тиімді болмай, оларға ешкім инвестиция салмайды. Сондықтан біз жер қойнауын пайдаланушылардан барлау мен өндіруге инвестиция салу үшін газдың қандай бағасы тиімді деп сұраған болатынбыз. Бұл газды сатып алудың жаңа формуласын айқындауға мүмкіндік берді. Формуланы енгізсек, басқа елдердегідей бар­лау және өндіру нарығында сер­піліс орын алады.

Маржа (пайда) болған жағ­дайда, жер қойнауын пайдаланушылар нарыққа өздері келіп, елге көбірек газ беруге мүдделі болады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі және QazaqGaz бас­тамасымен жасалған жер қой­науын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласы Парламенттің қарауында жатыр.

– Бұл жағдайда мемлекеттің на­рыққа әсер етуінің ақылға қо­­нымды шегі қайда? Ол қай сәтте «ойыншылар» ара­сын­да­ғы қарым-қаты­нас­ты рет­теу­­ді тоқтатып, нарықтың өз­ді­­­­гінен дамуына мүмкіндік бер­­уі керек?

– Біз қазіргі сәтте жұмыс ауқы­­мының периметрін қалып­тас­тыруды аяқтап отырмыз. Не­­гіз­гі мақсатымыз – қарапайым азамат­тардың баға өсуінен зардап шекпеуіне және нарық дамуына түрткі болатын тепе-теңдікті табу.

Мысалы, QazaqGaz тұ­тыну­шыларды тарату желісіне қосу­ға қатысуы керек пе? Яғни «қақ­па­дан-конфоркаға» дейін. Ең басында Бәсекелестікті қор­ғау және реттеу агенттігі қар­сы бол­ған. Бірақ біз сала маман­дары ретінде жағдайды түсіндірдік. Монополия жасап отырған жоқ­пыз, керісінше, халық үшін бағаны төмендету жолында бә­се­келестік құрып жатырмыз. Бә­се­келестікті қорғау және реттеу агенттігі арқылы Астана мен Қа­рағанды облысының на­рық­та­ры­на кірдік. Нәтижесінде, адам­­дарда бізге немесе жеке ком­па­­нияға жүгіну таңдауы пай­да болды. Баға біртіндеп төмендей бас­тады. Бұл мәселеде халықты қорғауымыз керек.

Тағы бір мәселе – «QazaqGaz» газ химиясымен айналысуы керек пе? Бұл нарық мүлдем да­мы­маған, ол жаңа газ-химия кешені арқылы енді басталды. Бұл шикізаттан қайта өңдеу экономикасына көшудің тамаша мысалы болар еді.

Ұлттық компания қолға алып жатқан тағы бір жоба – қоғамдық көлікті газдандыру. Мысалы, Алматы автобустарын сығылған табиғи газға (метанға) ауыстыруды алайық. Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен газбен жүретін 800 автобус пайда болды. Келесі жылы әкімдік автобустар санын 1200-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Біз оларға арналған қосымша екі жанармай құю бекетін саламыз. Бұл – қала экологиясын жақсартуға қосқан үлкен үлесіміз.

– Нарықтың дамуын ынталандыратын жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласын енгізу тұтынушыларға қа­лай әсер етеді? Мысалы, қара­пайым азаматтар зардап шекпей, төлем қабілеті жоғары тұтынушылар көп төлеуі үшін делік…

– QazaqGaz газ баға­сын бел­гі­лемейді. Бұл реттеу­ші­лер­дің, яғни Ұлттық экономика ми­нистр­лі­гінің Табиғи монополия­лар­ды реттеу комитеті мен Энер­гетика министрлігінің құзы­рын­да.

Қазір Қазақстанда тұтыну­шы­лардың тоғыз санаты бар және олардың барлығы субсидияланады. Бірақ егер газ саласын «донор» деп есептесек, бұл тек қарапайым азаматтар үшін, әсіресе әлеуметтік осал санаттар үшін болады – олар үшін биыл тарифті 20%-ға төмендеттік. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерді (нан зауыттары, сүт зауыттары) шығаратын компания­лар да газды субсидияланған бағамен алатын болады.

Ірі кәсіпорындар мен май­нер­лер­ді субсидиялау тоқтаты­лады. Онсыз газ саласы стагнацияны жалғастырады. Бұл жағдайда газ тасымалдау жүйесі де, газдың ресурстық базасы да дамымайды. Осыған байланысты Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және QazaqGaz әлеуметтік әділ баға белгілеу бойынша ұсыныстар енгізді.

– Газ тасымалдау жүйесін дамыту бөлігінде 2022 жылдың соңына дейін газдандыруды 58%-ға дейін ұлғайту жоспары болды. Жоспар орындалды ма?

– Магистралдық желілер ар­қы­лы газбен үздіксіз қамта­масыз ету үшін бірқатар басым жоба бар: «Бейнеу – Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін салу, «Жаңаөзен – Ақтау» үш желісін қайта жаңарту және жаңғырту, «Мақат – Солтүстік Кавказ» лу­пин­гі және т.б.

Газ тарату желілері бойынша 58%-дық көрсеткішке қол жет­кізуге болады. Елді мекен­дер­ді газдандыру белсенді жүріп жатыр, тіпті газдандыру қарқынын бәсеңдету қажет болуы мүмкін. Өйткені әзірге та­уар­лық газдың тапшылығын түбе­гей­лі жойдық деп айта алмаймыз.

– Газ саласы көптеген басқа техникалық салалар сияқты тез «қартаяды». Жаңа кадрларды тәрбиелеу үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Биыл біз «Интергаз Орта­лық Азия» инженерлік орта­лығы мен өңірлердегі оқу комби­нат­та­рының негізінде «QazaqGaz ҒТО» құрдық. Оның басты мақсаты – өндірістік міндеттерді шешу үшін жаңа технологияларды импорттау және енгізу. Екінші бағыты – кадрларды кәсіби дамыту бағдарламасы. Әрбір қызметкерде кәсіби даму­дың нақты жоспары болуы керек. Тек сонда ғана білікті инженер болуға болады. Үшінші бағыт – қазақстандық ғылымды коммерцияландыру және газ өнер­кә­сібіне соңғы ғылыми әзір­ле­мелерді енгізу.

Бұдан басқа, QazaqGaz газ саласының мамандарын даярлау үшін студенттік стипендияларды бекіту мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ QazaqGaz қолдауымен Satbayev University және ҚБТУ-да газ өнеркәсібі үшін мамандар даярланатын болады.

– Қазақстанның газ саласы үшін 2022 жылдың қандай оқиғалары мен жетістіктерін аса маңызды деп атай аласыз?

– Бірінші – газ тасымалдау жүйе­сінің үздіксіз жұмысын қам­тамасыз еттік.

Екінші – ішкі нарыққа газ жет­кізуді ұлғайту жөніндегі Мем­лекет басшысының тапсырма­сын орындадық. ТШО-ның экс­портқа арналған 2,6 млрд тек­ше метр газын ішкі нарыққа қайта бағыттадық.

Үшінші – Газ саласын дамы­тудың 2022-2026 жылдарға ар­­налған Кешенді жоспарын бекіт­тік.

Төртінші – өндірістегі маман­дар­дың жалақысын орта есеппен 30%-ға ұлғайттық, HSE блогын күшейттік.

Бесінші – Ресурстық базаны арттырдық. «QazaqGaz» Барлау және өндіру» бөлімшесін құрдық.

Алтыншы – Қазақстанның газ өңдеу қуатын ұлғайту жөніндегі жаңа жобалар айқындалды.

Жетінші – газ тасымалдау жү­йе­сінің аудиті жүргізілді, қуат­ты кеңейту бойынша жүйелі ше­шімдер қабылданды.

Сегізінші – Президенттің тағы бір тапсырмасы орындалды – ұлттық компанияның ашықтығы мен транспаренттілігін арттыр­дық.

Тоғызыншы – газ саласын дамы­тудың стратегиялық көзқа­расын жасап, болашақ бағдарын айқындадық.

Тағы бір жетістік, қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы. Биыл Бейнеу – Шымкент газ құ­бы­ры бойынша кредиттік порт­фел­ді қайта қаржыландыру бойынша мәміле аяқталды. Бұдан басқа, S&P Global рейтингтік агенттігі QazaqGaz кредиттік рей­­­тингін «BB» деңгейінде растады және болжамды «негативтен» «позитивтіге» ауыстырды. Сондай-ақ Moody's ұлттық ком­па­нияның несиелік рейтингін «Baa2» деңгейінде растады, болжам – тұрақты.

Сұхбат соңында, 2022 жыл газ саласы үшін ауыр жыл болғанын атап өткім келеді. Алайда Qazaq­Gaz, «Самұрық-Қазына», Энер­гетика министрлігі, Үкімет пен әріптестеріміздің бірлескен күш-жігерімен біз саланы тұрақ­тан­дыру үшін айтарлықтай сер­пінді қадам жасадық. Келесі жылы да оңай болмайды деп болжануда, осыған байланысты біз дағдарысқа қарсы шаралар кешенін пысықтап жатырмыз. «Қыс азығын жаз жина» дегендей, барлық дайындықты ертерек бастап жатырмыз.

 1

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»