Экономика • 30 Желтоқсан, 2022

Қазақстанға шетелдік инвестициялар ағыны өскен

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ұсынған деректерге қарағанда, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 22,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанға шетелдік инвестициялар ағыны өскен

«2022 жылдың үш тоқсанының көрсеткіші бүкіл 2021 жылы тартылған инвестициялар көлемімен салыстыруға болады ($23,8 млрд). Өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар ағынының (+36,9%) ТШИ жалпы көлемінің 22,3% үлесімен $4,9 млрд деңгейіне дейін өсуі назар аударарлық. Ауыл шаруашылығында өсім 247% ($23,5 млн) құрады, құрылыста: 87,8% (684,3 млн), көтерме және бөлшек саудада: 32,6% (3,8 млрд), көлік пен қоймада: 20,1% (938,7 млн), тау-кен өнеркәсібінде: 11,7% ($10,1 млрд)», делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстанға ең көп инвестициялар салған елдер тізіміне Нидерланд ($5,5 млрд), АҚШ ($5 млрд), Швейцария ($2,6 млрд), Бельгия ($1,3 млрд), РФ ($1,3 млрд) және Оңтүстік Корея ($1,1 млрд) кірді.

Айта кетсек, Оңтүстік Кореядан ТШИ ағыны екіжақты қатынастар тарихында рекордтық көрсеткішке жетті.