Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2022

Ұлытау облысы әкімі грантының 55 иегері анықталды

609 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін жас кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға облыс әкімінің гранттары табысталды. Сома бір миллионнан жеті миллион теңгеге дейінгі аралықты қамтыды. Қаражат стартаптарға да, қолданыстағы бизнесті кеңейтуге де жұмсалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытау облысы әкімі грантының 55 иегері анықталды

Байқауға барлығы 345 өтінім түсті. 55 жеңімпазды арнайы комиссия анықтады, оның құрамына өңірдің бизнес-қоғамдастығының өкілдері мен қоғам қайраткерлері кірді.

Комиссия мүшелері жас кәсіпкерлерге ақшалай сертификаттарды тапсыра отырып, мемлекеттік қолдаудың мұндай шаралары келешегі бар жобаларды қаржыландыруға ғана емес, қоғамға елеулі пайда әкелуге де тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәселен, 7 млн теңгеге грант Мадияр Әбдіқожаға берілді. Жас жігіт өңірде бояулар, лактар мен эмальдар өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

Тағы екеуіне – Айдын Тоқтаров пен Вячеслав Белякинге – 3,5 млн теңгенің сертификаттары  табысталды. Айдын құрама жем шығаратын шағын зауытын, ал Вячеслав - массаж орталығын ашқысы келеді. Гранттық қаражатты жас кәсіпкерлер бордюр, поребрик және кірпіш өндірісін кеңейтуге, этноауыл ұйымдастыруға, шлакоблоктар мен нан-тоқаш өнімдерін өндіруге, жеке емхана мен оңалту орталығын ашуға, құстарды өсіруге және т.б. салуға ниетті.

Осы бизнес идеяларды іске асыруға оларға бір миллионнан бастап үш миллион теңгеге дейін бөлінді.